Жаңалықтар

Мәдениет және өнер қызметкерлері күні өтті

Санат: Ақпарат жоқ
Уақыты: 28.05.2018
Оқылды: 738 Печать страницы
Мәдениет және өнер қызметкерлері күні өтті

Елбасының Жарлығымен 21 мамыр «Мәдениет және өнер қызметкерлері» күні болып бекітілген болатын. Осыған орай аптаның алғашқы күнінде аталмыш мереке аталып, ауданның мәдениет және өнер қызметкерлеріне құрмет көрсетілді.
Мәдениет саласының қызметкерлері айналасын думанға бөлей білетін сан қырлы талант иелері және жан-дүниесі бай, нағыз өз ісінің майталман шеберлері ретінде өнерге берілген азаматтар.
Жетісудың жерұйығы, кемел де кенен өңірі атанып жүрген Көксуымыз қасиетті өнердің киелі бесігі, дарынды тұлғалардың мекені. Орақты, Солтанбай батырлардың, Қабан жырау, Жолбарыс, Ескелді, Балпық, Дарабоз ана, Қарымбай, Байтұрбай, Аталық би, әулие, көріпкел, шешендерден бастау алып, Мәулімбай, Қалқа, Қыдырәлі, Мәйке, Абай, Түлкібек ақындар жырлап өткен өнердің тұғыры әр қашан биік.
Ауданнан шыққан талант иелері - кино актерлар Нұржұман Ықтымбаев, Әлімғазы Райымбеков, жазушылар Сағындық Тәнеке, Зайда Елғондинова, Нұрилә Бектемірова, Әли Ысқабай, Тұрсын Әбдуәли, өнер иелері Жақып Әбілтаев, Нағима Таласбаева, Дариға Тілендиева, Болат Атабаев, Амангелді Тоқымбетов, Әли Алпысбаев, Сәкен Абрахманов сыңды азаматтардың есімдері ұмытылмақ емес және ауданның мақтанышына айналған.
Қазіргі таңда ауданымызда 7 Мәдениет үйі, 3 клуб, 9 кітапхана халыққа әлеуметтік мәдени қызмет көрсетіп келеді. Аталған Мәдениет үйлерінде 88, кітапханаларда 18 адам қызмет істейді. Сонымен қатар, Мұқыры халық театры, «Көксу толқыны» ұлттық фольклорлық ансамблі, «Үлгілі» балалар оркестрі сияқты халықтық ұжымдар бар.
Бұл күн әрбір мәдениет қызметкерлері үшін ерекше күн. Ендеше, мерейлі мереке аудан әкімдігінің кіші залынан бастау алып, аудан әкімінің орынбасары Ұлан Досымбеков ауданның мәдениет саласының ардагерлері мен майталмандарын қабылдап, оларға аудан әкімінің құттықтауын жеткізді. Бұл жиынға мәдениеттің дамуына еңбек етіп, бүгінде сол бейнетінің зейнетін көріп, кейінгі буынға үлгі болып жүрген мәдениет саласының ардагерлері қатысты. Атап айтқанда, киноактер, Алматы облысының және Көксу ауданының «Құрметті азаматы», ҚР «Мәдениет қайраткері» белгісінің иегері Әлімғазы Райымбеков, Мұқыры халық театрының көркемдік жетекшісі, зейнеткер, ҚР «Мәдениет қайраткері» белгісінің иегері, ауданның «Құрметті азаматы» Нүри Сүлейменов, сазгер, 200 өлеңнің авторы, ауылдық, аудандық Мәдениет үйлерінің директоры болған Амангелді Тоқымбетов, 30-35 жыл аудандық кітапханаларда қызмет атқарған Қайсабала Ракишова, Қарлығаш Жақсылықова және Марфуха Абдухаировалар, «Шаған», «Көксу толқыны» халық театрының әншісі Қанапия Жарқынбаев, зейнеткер, суретші, ауданнан шыққан әулие би белгілі азаматтардың суретін салған Иманбек Рахымбековтер, сонымен қатар, зейнеткерлік жасқа шықса да, ауданның мәдениет саласының дамуына әлі де үлестерін қосып жүрген «Үш ұрпақ» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі, Мәдениет, спорт және ақпарат Министрлігінің «Құрмет белгісі» медалінің иегері Бақыт Шеңгелбаев, 35 жыл мәдениет саласында киномеханик болып қызмет атқарған Қабылиса ауылдық округінің ақсақалдар алқасының төрағасы Көкембай Жұманов, 1965 жылдардан халық театрының әртісі болып қызмет істеген аудандық әжелер ансамблінің белді мүшелері болып жүрген Бағдагүл Атамбаева мен Галина Жарқынбековалар және аталған тұлғалардың ізімен келе жатқан аудандық Мәдениет үйінің әдіскері, «Мәдениет саласының үздігі» белгісінің иегері Бақтыбала Мұраталиновалар басқосып, осыдан 20-30 жыл бұрынғы ауданның дүркіреп тұрған театр қойылымдарын, белді әншілерін, атақты өнерпаздарды еске алып, сол кездегі Мәдениет саласынан сыр шертті. Жиын барысында қазіргі жастардың арасында кітап оқу қалып бара жатқанын және ата кәсібіміз мал шаруашылығындағы жүген, ертоқым және тағы да басқа қарапайым заттардың не екенін білмейтін ер балаларды кездестірген Әлімғазы ақсақал жас ұрпақ үшін жүрегі ауырғанын айтып қынжылды. Дегенмен де, Ұлан Әлдибекұлы ауданда білім ошақтар мен аудан жастары арасында залда отырған ардагерлер сияқты ірі тұлғалармен, әлемге әйгілі атақты спортшылармен, белді қызмет атқарып, елі үшін еңбек етіп жүрген азаматтармен кездесулер өтіп, ата-баба дәстүрін насихаттау шаралары үнемі өткізіліп тұратынын жеткізді. Ауданда жас ұрпақтың тәрбиесі назардан тыс қалмайтынын естіген Әлімғазы ақсақал батасын берді, әжелер жағы аналық тілектерін жеткізді.
Мәдениет саласының қызметкерлеріне құрмет көрсеткен Ұлан Әлдибекұлы аудан әкімі атынан ықылас гүлін таратып, жылы лебізін айтып, естелік суретке түсті.
Мерекелік шара ауданның Мәдениет үйінде жалғасын тапты. Онда халықтың сан ғасырлық мәдени мұрасын жаңғыртып, жаңартып, өз дәуіріміздің қажеттілігіне қолдану міндетін атқарып жүрген мәдениет саласының қызметкерлері жиналып, мерейлі мерекенің куәсі болды. Ең алдымен аудан әкімінің орынбасары Ұлан Досымбеков жиналған жұртты мерекемен құттықтады.
- « Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Мәдениет-елдің ең басты рухани байлығы, асыл мұрасы. Қай елдің мәдениеті мықты дамыса сол елдің еңсесі де биік болады»,- деп атап өткендей ауданымыздың еңсесін биікке көтеріп жүрген баршаңызды кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын!
Қазіргі таңда Қазақстан халқының Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын іске асыру жолында ауданымызда әжептеуір жұмыстар атқарылуда .
Мемлекеттің осы саясатын іске асыру жолында Сіздердің сіңірген еңбектеріңіз қомақты, алдағы уақытта да жұмыстарыңыз еселеп артуы керек. Елбасы «Рухы биік ұлт қана ұлы істерді атқара алады»,- деп атап көрсеткендей аудан халқының рухани, мәдени байлығын қазіргі өмір талабына сай еселеп, халыққа мәдени- әлеуметтік қызмет көрсететін абыройлы міндет Сіздерге жүктеліп отыр.
Басқа аудандарға қарағанда біздегі мәдениет саласының материалдық техникалық базалары көш ілгері. Мәдениет үйлері күрделі жөндеуден өтіп, құрал-жабдықтармен толық қамтылған. Биылғы жылы Зылиха Тамшыбай ауылының Мәдениет үйіне жобалық сметалық құжаттамасы жасалып, күрделі жөндеуден өткізу жоспарлануда. Көне тарихи байлығымызды сақтайтын мұрағат (архив) жоқ деп жүр едік, ол да дұрыс шешімін тапты. Алдағы кезекте ауданымызда тарихи-өлкетану мұражайын ашу және Жарлыөзек, Мұсабек ауылдарында Мәдениет үйлерін салу жоспарлануда.
Мемлекеттік саясатты насихаттау, халыққа мәдени-әлеуметтік қызметтерді көрсету бағытында түрлі тақырыпта кездесулер, дөңгелек үстелдер, әртүрлі байқаулар мен концерттік іс-шаралар өткізіп, біршама жетістіктерге қол жеткізіп келесіздер. Алдағы уақытта көп сынға қалмай өткізілетін іс-шаралардың мазмұны мен оның сапалық мәніне ерекше мән беріп, тиянақты әрі жоғары деңгейде өткізу керектігін атап өткім келеді», - деген аудан әкімінің орынбасары өнер және мәдениет саласының қызметкерлерінің шаңырақтарына шаттық, отбасыларына береке-бірлік, өнерлеріне шығармашылық табыс тіледі.
Бұдан кейін сахна төрінде еңбектерінің жемісін көріп, жетістіктерге қол жеткізген ауданның мәдениет саласының қызметкерлерін марапатқа бөледі. Атап айтқанда, «Үздік мәдениет қызметкері» номинация жеңімпазы атанған аудандық кітапхананың кітапханашысы Шара Нұрғалиева облыс әкімінің дипломымен марапатталса, «Нұр Отан» партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаевтың «Алғыс хатымен» аудандық Мәдениет үйінің әдіскері Бақтыбала Мұраталинова марапатталды. Бұған қоса, ауданның бірнеше мәдениет саласының қызметкерлеріне Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының «Алғыс хаты» ұсынылды және жуырда өткен «Ел іші - өнер кеніші» атты көркемөнерпаздар байқауына қатысып, бас жүлдені жеңіп алған Ақтекше ауылының Мәдениет үй марапатқа бөленді, 1-орынды иеленген Жетіжал ауылдық Мәдениет үйі, 2-орынның иесі атанған Айнабұлақ ауылдық және 3-орын алған З.Тамшыбай ауылдық Мәдениет үйлерінің де аты аталып, сыйлықтар табыс етілді.
Алматы облысы Сүйінбай атындағы филармониясы әншілері және аудан өнерпаздары мереке құрметіне ән шашуларын тарту етіп, күмбірлете күй, мың бұрала би билеп, жиналған көпшіліктің көңілін бір серпілтті.
Балпық ауылдық округі.

Жадыра ЕРМҰХАНОВА

 

{BLOCK:banners}
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2020. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.