ЖАСТАР БОЛАШАҒЫМЫЗ

ӘЗІЛХАН НҰРШАЙЫҚОВТАН ЖАСТАРҒА АРНАЛҒАН ЕКІ СӨЗ

Санат: ЖАСТАР БОЛАШАҒЫМЫЗ
Уақыты: 12.07.2019
Оқылды: 231 Печать страницы
ӘЗІЛХАН НҰРШАЙЫҚОВТАН ЖАСТАРҒА АРНАЛҒАН ЕКІ СӨЗ


 Ұлдар, алдымен сөзімді сендерге арнаймын!

Менің сендерден өтінерім, арақ ішпеңдер, айналайындар! Арақ - адамзаттың жауы, халықтың дұшпаны. Арақ алдымен талантты адамдарды құртады. Содан соң өзгеге ауыз салады. Талантсызды да жалмап жұта береді.
Ендеше, арақ ішпеңдер, бауырларым! 

«Мен мықтымын» деп оқыраңдай бермеңдер, асып бара жатқан күштерің болса, оны араққа емес, айналадағы адамдарға,  ағайын-туыс, адал жарларыңа қамқорлық жасауға жұмсаңдар! Қалқам! Арақты жеңемін деп дәмеленбе! Шарапқа бүйірім шыға бір тояйыншы деп талпынба! Ол ешкімді де тойдырмайды. Су екеш суды да сыздықтатып, сызылта ішсең ғана шөлің қанады. Адам арақ ішпегенінен өлмейді, араны ашылып арақ ішкенінен өледі. Әрбір арақ ішкен адамның өмірі аз, ғұмыры қысқа болады. Оның үстіне маскүнемнің өмірі - мәнсіз. Адамның өмірі онсыз да қысқа, ендеше, аз ғұмырды ардақтап, шамаң келгенше мағыналы етіп өткізгенге не жетсін! 

Жігіттер! Жандарыңда жүрген қыздарды құрметтеңдер. Қыз – болашақтың анасы. Қыз – алдыңғы ұрпақтың әжесі. Анаңды ардақтап, әжеңді құрметте, қарағым!

Қыздар! Жандарыңда жүрген жігіттерді ақылмен, әдептілікпен, сыпайы мінезбен, сүйкімді назбен тізгіндей біліңдер! Арақ ішкізбеңдер, айғайға  жолатпаңдар. Оларды түнгі 12-де мас болып рестораннан келіп, жұртың шырқын бұзып, терезенің түбінде текедей бақылдап өлең айтып отырмайтындай етіңдер. Өйткені, қыз жетелесе ілеспейтін, қыз қиылса көнбейтін жігіт жоқ бұл дүниеде. Ақыл анадан тарайды. Адамгершілік әйелден басталады. Жаратушы өздеріңе сыйлаған осы бір өзгеше өнерлеріңді қастарыңда жүрген жігітерге әсер етуге жұмсаңдар. Жігіт жаныңда жүрсе – жолдасың, жауға жұмсасаң – жолбарысың. Ортада жүрсе – орманың, шетке шықса – қорғаның! Жігітерден жылы шырай, жұмсақ әзілдеріңді аямаңдар. Бірақ оларды жұрт көзінше сүйісіп , сөйлесіп тұруға үйретпеңдер, жабыса құшақтатпаңдар. Адал сезімді ардақтап, бүркемелеп, қымтап ұстауға тырысыңдар.

Менің сендерден сұрайтыным осы ғана...

{BLOCK:banners}
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2021. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.