ӘЛЕУМЕТ

Соттағы татуластыру

Санат: ӘЛЕУМЕТ
Уақыты: 15.05.2020
Оқылды: 41 Печать страницы
Соттағы татуластыру

Сіздердің назарларыңызға Жоғарғы Сот төрағасы Жақып Қажыманұлы Асановтың үндеуін жариялаймын. «Жау мен дау – егіз», - дейді халқымыз. Дауласу кез-келген, тіпті дамыған елдерге де тән құбылыс. Бірақ, сол дау-жанжалды ушықтырмай шеше аламыз ба? Сол дауды шешу мәдениетіміз қандай? Бізде кез-келген дауды сот шешеді деген көзқарас қалыптасқан. Дегенмен, мынаны білген жөн. Біріншіден, істі қарау ұзаққа созылуы мүмкін. Ол аяқталғанша, бір емес, біраз сот отырысы өтеді. Аппеляция, тіпті кассация шешімі де көңілден шықпауы мүмкін. Екіншіден, бұл үлкен шығын. Мемлекеттік баж төлейсіз, сот шығынын өтейсіз, заңгер жалдайсыз. Жолға, қонақ үйге шашыласыз. Үшіншіден, ашуға ерік беріп, жүйкеңіз жұқарады. Неге десеңіз, сот – дау алаңы. Онда айтысып, тартысуға мәжбүрсіз. Отбасы, достар, жұмыс, бизнес – бәрі шетте қалады. Бұл бер жағы. Кейде тараптар ашуға беріліп, бір-біріне ауыр сөздер де айтып жатады. Егер дауласушылар бір әулеттен болса, онда сол шаңырақтан береке қашады. Ал, дос, қызметтес болса, арадағы сыйластық бұзылады. Жалпы, елімізде дау-дамай саны жылдан-жылға артуда. 2014 жылы соттарда 1,6 млн. іс қаралса, 2019 жылы 3,3 млн. немесе 2 есе көп. Әр судья бір мезетте 100-ден аса азаматтық іс пен материал қарайды. Істерге көмілген судьядан қандай сапа, қандай нәтиже күтуге болады? Оның үстіне ақ-қарасын айыруға келмейтін жағдайлар да бар. Мысалы, ағайын арасындағы дауды сот таразысына салу қаншалықты дұрыс? Бабаларымыз «Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш» деген. Бұл – қанымызда бар қасиет. Қазақ даласында дау бейбіт жолмен шешіліп отырған. Дамыған елдерде даулардың 70-90% сотсыз, бітіммен аяқталады. Ең дұрысы – татуласу, келісу, бір мәмілеге келу. Бұл – мемлекет өркендеуінің алғышарты. Менің үндеуімнің негізгі себебі де осында. Біз елімізде дау-дамайдың барынша аз болғанын қалаймыз. Татуласу үшін жан-жақты жағдай жасаудамыз. Өңірлерде Татуласу орталықтарын аштық. Онда медиаторлар, психологтар, басқа да мамандар жұмыс істеуде. Бізге Кәсіподақтар федерациясы мен Қазақстан халқы Ассамблеясы көмектесуде. Орталықтың міндеті – екі жаққа да қолайлы шешім ұсыну. Осы арқылы дауды реттеп қана қоймай, қарым-қатынасты да сақтаймыз. Тараптар өз еркімен, саналы түрде ортақ келісімге келуде. Медиаторды әр адам өзі таңдайды, біз тек олардың тізімін ұсынамыз. Жергілікті соттар осының барлығын түсіндіріп, жол көрсетуге міндетті. Құрметті оқырман! Татуласу – дауды шешудің ең дұрыс жолы. Бұл ата-бабамыздан қалған асыл мұра. Осы құндылықтың қадірін білейік. «Одан әрі» деген түймешікті бассаңыз, медиаторлар тізімі шығады. Таңдау құқығы – өзіңізде!

Осы Жоғарғы Сот төрағасының үндеуінің негізінде аудандық соттың төрағасы ретінде менде сіздерге әрбір даудың бітімгершілікпен аяқталудың артықшылықтарын айтқым келіп отыр.

Қазіргі таңда қоғамда жанжалдардың деңгейі күннен күнге артуда. Адамдар арасындағы дау-дамайдың кері әсерін айтпағанда, оның небір жантүршіктіретін оқиғаларға әкеліп соғатын жәйттер де бар.

2011 жылдың 05 тамызынан бастап Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» Заңы қолданысқа енді. Осы заңнама негізінде елімізде дау-дамайларды шешудің балама жаңа формалары енгізілді.

Қазақстан Республикасының Елбасы Н.Ә.Назарбаев 2016 жылғы 21 қарашада Қазақстан Республикасы судьяларының VII съезінде баламалы және өзге де соттан тыс дауларды (жанжалдарды) реттеу тәсілдерін одан әрі дамыту бойынша жүйелі түрде түсіндіру жұмысын жүргізу қажеттілігі туралы тапсырмалар берді.

Медиация азаматтық еңбек, отбасылық таластар және заңда белгіленген т.б. жағдайлар бойынша, жеңіл және орта дәрежедегі қылмыстық істерді қарау барысында қолданылуда. Дау-дамайларды шешудегі оңтайлы әдіс ретінде қазақ халқы бітімгершілік тәсілдерін бұрыннан қолданып келген.

Қазақ қашаннан кешірімшіл, бітімге бейім тұратын халық. Оның үстіне, қазақ еркіндікті, бас бостандығын ерекше бағалаған. Содан болар «бас жарылса, бөрік ішінде, қол сынса, жең ішінде» деп дауды ушықтыруды қаламаған. Сөзге тоқтап, билер кесіміне қарсы келмеген. Яғни, бітістіру тәжірибесі қазақ елінің тарихында ежелден бар. Сондықтан, қазіргі таңда қолданысқа енген медиация институты бізге жат емес.

Медиацияны бүгінгі таңға сәйкестендірсек, оның тиімді жақтары өте көп. Мысалы; сот арызданушылардың біреуін кінәлі етіп шығарады. Кейін ұтылған жақ қарсы шағым жазып, қайтадан арызданады, мұндайда іс тым ұзаққа созылып кетуі мүмкін. Ал, бітімгершілік арқылы екі жақты да риза ететіндей тиімді шешім қабылдауға болады. Бұл, бір жағынан, соттардың жұмысын жеңілдетсе, екіншіден, дауласушы жақтардың өзара келісімге келулеріне көмектесіп, қырғи-қабақ болмай тарауына мүмкіндік береді. Ал, бірліктің әрқашан да бітімнен басталатыны дәлелдеуді қажет етпейді.

Сонымен қатар, өткен жылдан бері медияцияны қолдану аясын одан әрі кеңейту мақсатында медиация тәртібімен жекелеген дауларды ( жанжалдарды) міндетті түрде сотқа дейін реттеу жөнінде, Жоғарғы Сот тарапынан пилоттық жоба ұсынылды.

Жоба аясында мұрагерлік, қарыз өндіру, некені бөлу, баланың мүдделеріне қатысты, кейбір еңбек дауларына қатысты жане тағы басқа санаттағы істер бойынша медиацияны міндетті түрде жүргізу қамтылатын болды.

Аталған жоба бойынша сотта медиация тәртібімен қаралуға жататын талап арыздар түскен сәттінен бастан арнайы алгоритмге сай татуластырушы-судьяның өндірісіне беріледі. Өз кезегінде татуластырушы судья тараптарды бес жұмыс күннің ішінде татуластыруға тырысады.

Мен өзім аудандық сотта «Татуласу: сотқа дейін, сотта» пилоттық жобаның үйлестірушісімін, яғни татуластырушы судьямын.

Егер маған «Татуласу: сотқа дейін, сотта» пилоттық жоба қаншалықты тиімді? деген сұрақ қойылса, мен- «Аталған жоба ең бірінші, сотқа дауласып келіп отырған тараптарға тиімді екенін айтар едім, себебі тараптар өздеріне ыңғайлы уақытта міндеттемелерінен құтылуға өзара келіседі, ешкім бұлардың арасына түсіп, міндеттеме қоя алмайды, тараптар бір мәмілеге келіп, өз уақыттарын, қаражаттарын, ең бастысы ара қатынастарын сақтайды.

Татуластыру-судья екі жақпен де жеке-жеке әңгімелесіп, ушыққан жағдайды реттеудің барынша әділетті, ұтымды амалдарын қолданады. Тараптар үшін де істі насырға шаптырғаннан гөрі екі жаққа да қолайлы ортақ шешімге тоқтағандары жөн болары анық.

 

 

Көксу аудандық сотының төрағасы

Г.К.Тынысбекова

{BLOCK:banners}
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2020. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.