ӘЛЕУМЕТ

ӘДІЛЕТТІ БОЛУ

Санат: ӘЛЕУМЕТ
Уақыты: 26.11.2021
Оқылды: 1394 Печать страницы
Мұсылман адамның бойында көрініс табуы қажет болған маңызды сипаттардың бірі – әділдік. Алла Тағала Қасиетті Құранның «Нахыл» сүресі, 90-аятында: «Ақиқатында, Алла әділдікті, ихсанды (игі істер істеуді) және ағайынға қарайласуды бұйырады. Сондай-ақ арсыздықтан, қарсылықтан(жамандық атаулыдан)һәм зиян келтіруден тыяды», – деп айтқан.
Біздің ата-бабаларымыз да әділдік ұғымын ерекше қастер тұтқан. «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», «Әз Тәукенің Жеті Жарғысы» – бәрі де қара қылды қақ жарған әділеттілікке негізделді.
Абай Құнанбай ұлы бабамыз өлең жолдарында:
Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй, ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,
Және хақ жолы осы деп әділетті – деп әділетті сүюге шақырған. Хакім Абай отыз сегізінші қара сөзінде де: «Кімде-кімнің әділеті жоқ болса, оның ұяты жоқ», – деп айтқан болатын. 
Жалпы әділдік ұғымы тек қана құқық саласында ғана емес, сенімнен бастап адамдық қатынастарды, тәрбиелік мәселелерді, айтылған сөздер сынды көптеген ұғымдарды қамтиды. Әсіресе, мұсылман өмірінде әділдік мына істерді көрініс табуы қажет:
1. Мекеме басшысының әділдігі 
Мұсылман адам қандай да бір істе, әлдебір мекемеде өзге адамдарға басшы болатын болса, одан ең бірінші талап етілетін сипат – әділдік болмақ.  Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Жеті түрлі адамға Алла Тағала ешбір сая жоқ күні аршының көлеңкесінен жай береді» деп, соның бірі:  «Әділ басшы», – екендігін айтқан.
Басшы адамның әділдігі жұмысшылардың барлығына тең қарау, істі лайықты адамға тапсыру, жұмысшыға шамасы келмейтін жұмысты жүктемеу, өзін өзгелерден артық санамау, жалақыларын уақытында беру сынды істерде көрініс табады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Маңдайының тері құрғамай тұрып еңбекақысын беріңдер», –деп бұйырған.
2. Үкім етудегі әділдік
Әділдіктің бұл түрі екі адам арасында қазылық етуші немесе екі тарапты жарастырушы адамның, әр тараптың өзіндік ақыларын дұрыс беру арқылы жүзеге асырылады. Алла Тағала қасиетті Құранның «Ниса» сүресі, 58-аятында: «Негізінен Алла сендерге аманаттарды өз лайықты орнына тапсыруларыңды және адамдардың арасына үкім етсеңдер, әділдікпен үкім етулеріңді әмір етеді», – деп бұйырған. 
Халқымызда адамдардың туыстығы мен жақындығы, дүниесі мен мансабына   қарамай, әділ үкімін бере білген қазыны «қара қылды қақ жарған» немесе «тура би» деп ат қойған. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деп айтатындығы да осыдан. 
3. Отбасындағы әділдік
Ата-аналарымыз, жұбайларымыз, балаларымызбен қарым-қатынастың барлығы әділдіктің негізінде болуы тиіс. Мысалы, ата-анамызды сыйлап, құрметтеудің өзі әділдіктің көрінісі. Себебі бала шыр етіп дүниеге келгенінде ол ата-ананың аялы алақанына мұқтаж болады. Осы мұқтаждықты бар ықыласымен өтеген, нәпақа тауып, киіндіріп, мәпелеп өсірген ата-анасы кәрілік жасына жеткенде, баласының оларға қарайласуы – нағыз әділдік. Осы себепті де Алла Тағала қасиетті Құранның Исра» сүресі,23-24-аяттарында:«Раббың Өзіне ғана ғибадат етулеріңді, әке-шешеге жақсылық жасауларыңды әмір етті. Ал егер ол екеуінің бірі немесе екеуі де жандарыңда кәрілікке жетсе: «Туф» деп айтушы болма. Сондай-ақ ол екеуін зекіме де, ол екеуіне сыпайы сөз сөйле. Ол екеуіне кішірейіп, мейірім құшағын жай да: «Раббым! Ол екеуі мені кішкентайымда тәрбиелегеніндей, Сен де оларды мейіріміңе бөлей көр!» – де», – деп бұйырған.Отбасылық әділетке ер мен әйелдің әрқайсысына қатысты болған отбасылық ақыларын дұрыс жүзеге асыру, балалар арасын бөлмей, оларға тең дәрежеде қарау және т.б. істер де жатады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір баласына сыйлық беріп, қалғандарына бермеген адамға: «Алладан қорқыңдар (тақуалық қылыңдар) және балаларыңа қатысты әрқайсысына әділ болыңдар!» – деп айтқан.
4. Сауда-саттықтағы әділдік
Сауда-саттық жасайтын адам да әділдікті ұстанып, тауардың айыбын жасырмай айту, бағасын тым көтермеу, таразыда дұрыс өлшеу сияқты істерге аса мән беруі тиіс. Алла Тағала қасиетті Құранның «Әнғам» сүресі, 152-аятында: «Таразыда өлшеуді дұрыс орындаңдар», – деп бұйырады.
Бірде ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) астық сататын базарға жолы түседі. Сатушының бидайын ұнатып, ұстап көрмек болып, қолын сұққанда астыңғы жағының дымқылдау екенін байқайды. Сонда Алланың Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, бидайдың иесі, мұның не?» – дейді. Саудагер: «Алланың Елшісі, астығым жауынның астында қалып, су болып қалды», – деп ақталады. «Сол дымқыл жағын адамдар көруі үшін бидайдың үстіне шығарып қоймайсың ба? Бізді алдайтындар бізден емес», – дейді.
Әділдік атаулының мағынасы үлкен әрі мұсылман үшін маңызы өте зор. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Расында, турашыл болғандар, Алланың құзырында нұрдан жасалған мінберлерге жайғасатын болады. Олар – үкім етуде отбасы мүшелеріне және өздеріне бағынышты жандарға әділ болғандар», – деп айтқан. 
Алла Тағала баршамызға екі дүние жақсылығы мен берекетін нәсіп еткей!
 Балпық би мешіті.
{BLOCK:banners}
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2022. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.