ӘЛЕУМЕТ

Жастай берген тәрбие, жас шыбықты игендей

Санат: ӘЛЕУМЕТ
Уақыты: 26.11.2021
Оқылды: 1456 Печать страницы

Келешек иесі - жастар. ”Үйдің беріктігі-оның іргетасында” дегендей, балаға мектеп қабырғасында берген тәрбиенің алатын маңызы зор. Жасөспірімдердің басым бөлігінің өмірге бей-жай қарайтындығына, шындықты бетке айта алмайтындығына, бүлдірген істерін немесе жасаған бұзақылығын мойындамайтындарына қарап ренжуіңе тура келеді. 
Қазіргі таңда көркем әдеби кітаптарды, газет-журналдарды оқымайтын жастардың қатары жылдан-жылға көбейіп келе жатыр. Оның есесіне қанша уақыт болса да жалықпай батыстың зорлық-зомбылық, атыс-шабысты көрсететін фильмдерін көреді. Көпшілігінің патриоттық рухтағы кинофильмдерді көруге құлқы жоқ. Тәуліктің көп бөлігін компьютердің алдында отырып алып, түрлі ойын ойнап, уақыттарын тиімсіз өткізетін жастар да баршылық. Ұялы телефонға да көп уақыттарын сарп ететіндері де жетіп жығылады.
Ауылдық жерде халық мұқтаждық көріп жүрген жайларға ат-салысып, белсенділік көрсетіп жүретін жастар саусақпен санарлықтай ғана. Қайырымдылық ретінде жабылып атқарып тастайтын ата-бабадан қалған ”Асар” деген дәстүріміз ұмытылып бара ма? Ата-бабамыздың  ”Кәрі келсе асқа,жас келсе іске” деген мақалды бекер насихаттамаған болар.
”Қыран болсаң алыстан тоят ізде. Ауыл үйдің маңында қалып қоймай,өнер, білім қу, иек астындағыны көрмейтін көңіл соқырлығынан құтыл”-деп еске салып кеткен ғұламалар.
”Титтей пайдасы бар екенін білсең, тез жинал да жолға шық. Саудагерлер талай теңізден өтіп, өзіне дүние-мүлік жинап қайтады. Ендеше, жастардың өз байлығын, ой-өрісін кеңейту үшін саяхатқа шықпай үйде отыру ұят іс болмақ”,- деген екен Сократ.
Бүгінгі жетістік ертеңге өлшем емес. Аз жетістікке масаттанбай, тоқмейілсімей одан да жоғары табыстарға жетуге ұмтылған жөн. Жасөспірімдердің, жастардың дүниетанымын арттыруда, ой-өрісін кеңейтуде, өзінің тіл байлығын терең меңгеруде кітап таптырмайтын ұстаз. Жақсы шығармаларды оқығанда ләззат аласың, жан дүниең рахаттанады. Оны оқыған сайын сана-сезімнің өсіп, өзіңді әдептілікке, биязылыққа тәрбиелеуге талпынасың. Жылдан-жылға көркем әдеби кітаптарды оқымайтын жастар саны өсіп келе жатқандықтан, жалпыға бірдей білім беретін мектеп оқушыларын білім дәрежесі мен жас ерекшеліктеріне қарай отырып, кітап оқуға баулудың мәні зор болып отыр. Сынып жетекшілері мен әдебиет пәнінің мұғалімдері оқушылардың көркем шығармалар оқуын жоспарлы түрде бақылап отырғандары абзал. Олардың жас кездерінен ой-пікірлерін, ұсыныстарын ашық айтуға баулитын, пікірталас тудыратын «дөңгелек үстел» секілді түрлі жиынды мектептерде жиі ұйымдастырып, өткізіп отыруды қалыптастырған жөн. Ой-пікір, ұсыныс айтып дағдыланбаған жастардың үлкейгенде де сол бұйығы қалпында қалатынын өмір көрсетіп отыр. Жақында ауылдық бір жиында егде жастағы адамның өзін толғандырып жүрген бір сұрағын жоғарыдан келген адамдарға қоямын деп қанша оқталғанымен бұйығы мінезі,жалтақтығы, бұрын ел алдына шығып сөйлеп көрмегені орнынан тапжылтпады. Бұл жайт жалғыз бір адамға ғана емес, ауылдық жердегі көп жанға тән. Егер бұл адамдар көркем әдеби кітаптарды, күнделікті газет-журналдарды тұрақты түрде оқып,ондағы жайларға, оқиғаларды іштей өздерінің ой талқысынан өткізіп отыруға дағдыланса, жас кезінен ел алдында сөйлеп үйренген болса, сұрақ-қоюға, ой-пікір, ұсынысын білдіріп сөйлеуге жүрексінбеген болар еді.
Балалар шындықты бетке айтпауды,біреуді көзге мақтап, сыртынан ол адамды жамандауды, өзінен қызметі жоғарыларға жағымпаздануды ата-аналарынан, үлкендерден ішінара мұғалімдерінен үйренеді. Қоғамымызда демократияландыру, жариялық кеңінен орныққан кездің өзінде ұжым мүшелерінің өзара сын тұрғысындағы ой-пікірін, ұсынысын жиналыстарда ашып айтпауы, жергілікті басшылар отырған кемшіліктерді жою жолдарын біле тұра сөйлемей бұғып қалуы, сырттан өсек түрінде сөйлеуі секілді үлкендердің жағымсыз әдеттері жасөспірімдер санасын жаулап алады.
Шындықты айту-шырық бұзу емес. ”Шындықты айта алмаған шайтан”-, деген екен Мұхаммед пайғамбар. «Сын көрмеген адам азады,жауын көрмеген жер тозады». Өкінішке орай, арамызда адалын айтып, тура сөйлейтін адамдарға қарағанда жағымпаз, жалтақ, шындықты айта алмайтын қорқақ адам көп кездеседі. Профессор Сұлтанғали Садырбаевтың: «Жаратылыстың бірінші және басты қателегі-жағымпаздар мен екіжүзді опасыз адамдарды шамадан көп жаратуында»,-деген сөзі осының дәлеліндей. Өзара сын-қоғамның қозғаушы күші екенін, сын түзелмей мін түзелмек емес екенін ұмытпайық, ағайын!
Нұртай ҚЫДЫРАЛЫҰЛЫ,
ҚР Білім беру ісінің үздігі,
еңбек ардагері.

 

{BLOCK:banners}
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2022. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.