ҚАЗАҚСТАН ТӘУЕЛСІЗДІГІНЕ 30 ЖЫЛ

Қызылтоған тарихы

Санат: ҚАЗАҚСТАН ТӘУЕЛСІЗДІГІНЕ 30 ЖЫЛ
Уақыты: 19.03.2021
Оқылды: 1368 Печать страницы
Қызылтоған тарихы

  Жалпы Қызылтоған ауылы атауының шығу тарихына қатысты айтып өтейін. 1926 жылы советтендіруге байланысты қыстау-қыстаудағы халықты жинап, отырықшыландыру үшін яғни революцияға қатысты ауылдарды біріктіріп ұжымшар құрды. Үкіметтің бұл әрекеті сол уақытта халықтың тұрмыстық жағдайына едәуір әсер етті. Ауыл халқының егістік пен мал шаруашылығынан басқа күнкөріс көзі болмады. Сол себепті егін егу үшін су шығарып, тоған қазу керек болды. Жұмыла көтерген жүк жеңіл деген ұранмен ауыл халқы жиналып өз қолдарымен, қып-қызыл еңбектің арқасында 12 км жерден тоған қазды. Тоғанды қазуға 40-тан астам адам білек сабана кірісіп, атсалысқан. Тоған қазып жатқан сәтте Талдықорғаннан советтің уәкілі келіп, тексеріс жасап, ұжымшардың атауы қалай деп сұрайды. Сонда тоған қазып жатқан жігіттер ауылымыздың атауы жоқ деп жауап берген. Сол сәтте қылышынан қан тамып тұрған уәкіл ұжымдарыңның атауы бүгіннен бастап «Қызылтоған» аталсын деп біржақты шешім қабылдаған. Міне, осы уақыттан бастап, күні бүгінге дейін ауылымыз «Қызылтоған» деп аталады. Тоғанды кезінде Қожамқұл атаның ұрпақтары қазған. Мәселен, Айтқожа, Қоныс, Үмбет аталардың балалары. Қожамқұл Шуманақ атамыз жайлы айтар болсам, ол кісі кезінде болыс болған. Қазіргі Қызылтоған ауылының осы уақытқа дейін қаймағы бұзылмай сақталып, тату-тәтті болуы осы атамыздың кезінде көрсетіп кеткен үлгілі еңбектері мен есті ақылының арқасы деп білемін. Жалпы, айта берсе ауылға еңбегі сіңген азаматтар жетерлік. Солардың бірі де бірегейі ауылға алғаш болып ағаш еккен Оралбай болды. Өткенін ұмытпаған ұрпақтың болашағы жарқын болады. Менің тағы бір айтпағым – ол 1937 жылдары халық жауы атанған ауыл азаматтары. Атап айтар болсам, Мизамиттин, Сатылбай, Жамбырбай және Сейітқазы аталарымыз. Бабалар аманаты – тәрбиенің тал бесігі дейтін қазақтың ұрпағымыз.  Бұл тарихты жазуым да бекер емес. Өскелең ұрпақ өз ата-бабасын білуі керек деп есептеймін. Сонымен қатар 1955-60 жылдары Қытай халық республикасынан елім, жерім деп оралған қазақтар жайында айтпасқа болмас. Оралған қандастарымыздың да өңірімізге талай еңбектері сіңді. Ауыл азып, халқы тозып жатқан заманда ел болып қайта бірігіп, осы күнге дейін өсіп-өніп біртұтас елге айналдық.
ТҮЙІН. «Жер тарихы – ел тарихы» дейді атам қазақ. Еліміздің егемендік алғанына 30 жыл толып отыр. Бүгінгі күніміз ертеңгі тарих. Ел атауын өзгертуден ешқандай астар іздеп ақталудың я болмаса даттаудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Бұл – бүгінгі күннің талабы. Жалпы, ата-бабамыз әу бастан жер-су аттарын өзгерткен кезде халықпен санасып, пікіріне құлақ асқан. Кезінде кеңшілік жоқ тар заманда аяқ астынан қойылған немесе өзгеріске ұшырап кеткен атауларды Тәуелсіз мемлекетіміздің мерейтойы аясында қайта жаңғыртуға басымдылық берілуі керек деп ойлаймын. Қорыта келгенде менің айтқым келгені, ауыл тұрғындарының ақ тілегі. Яғни, өңіріміздің халқы «Қызылтоған» атауы «Қожамқұл» ауылы деп өзгерсе деген ниетте.

Мәжит ЫСҚАҚҰЛЫ,
Қызылтоған
ауылының
тумасы.

 

{BLOCK:banners}
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2021. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.