ҚАЗАҚСТАН ТӘУЕЛСІЗДІГІНЕ 30 ЖЫЛ

Тәңір сыйы - Тәуелсіздік!

Санат: ҚАЗАҚСТАН ТӘУЕЛСІЗДІГІНЕ 30 ЖЫЛ
Уақыты: 03.06.2021
Оқылды: 1387 Печать страницы
Тәңір сыйы - Тәуелсіздік!

Міне биыл Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл толып отыр. Тәуелсіздік– еліміздің ең басты мерекесі. Қазақстанның жаңа дәуірде қол жеткізген барлық табысының қайнар көзі – Тәуелсіздік. Тәуелсіз ел болғанымыздың арқасында ғана Қазақстанның сөзі мен ісін бүкіл әлем таныды.
«Мың өліп, мың тірілген» қазақ елі жиырмасыншы ғасырдың соңында тарих сахнасында тағы бір жарқ етті. Өз түтінін өзі түтетуге жол ашқан тәуелсіздікке қол жеткізу тарихында төл рәміздер дүниеге келген сәт - ерекше орын алады. Содан бері міне Қазақстан Республикасы Мемлекеттік рәміздеріне 29 жыл. Ешқашан естен шығаруға болмайтын бір ақиқат , Ол- мемлекеттік рәміздердің тек көркем образ ғана емес, тәуелсіз мемлекет құру идеясының жаршысы екендігі. Олар осы ізгі сезімді адамдардың жан дүниесіне сіңіріп, ақыл-ойын дарытуға қызмет етеді.
Осы орайда Елбасымыздың мемлекеттік рәміздерді қабылдауға қаншалықты мән бергендігі баршамызға белгілі. Мұндағы мақсаты - көтерген туы мен елтаңбасының, ақжолтайына айналар әнұранның түрі, табиғаты жағынан төлтума, ал мазмұны жөнінен осы заманғы өркениетті мемлекет идеясына үндес рәміздер болып шығуы еді.
1992 жылдың 4 маусым күні - ел тарихындағы ерекше мәртебелі күн. Бұл күні тағы да елдігіміз сынға түсті. Ертеңіміз үшін жан беріп, жан алысқан парламенттік дода қызу талқыға айналды. 60-тан астам депутат өздерінің пікірлерін білдірді. Нәтижесінде қабылданған қыран бейнелі көк туымыз,   басқаға ұқсамайтын шаңырақ шырайлы шын дара елтаңбамыз,  әнұранымыздың әсем әуені мен әдемі мәтіні дүние есігін ашты. Олар тәуелсіз еліміздің атынан әлем алдында сөйлейтін тарихымыздағы тұңғыш ресми белгілерге айналды.
Ұлттың рәміздері –мемлекеттің ұлттың белгісі. Мемлекеттік рәміздер– Ту, Елтаңба және Әнұран Қазақстан Республикасының дербестігі мен тәуелсіздігін бүкіл әлемге танытушы  әрі мемлекетіміздің өткені мен бүгіні және болашағы арасындағы сабақтастықтың  жарқын көрінісі. Сондай ақ рәміздер халқымыздың мұқалмас рухын, қаһармандығы мен даналығын, асқақ арман- тілегін жеткізетін құнды белгілер. Мемлекеттік рәміздер мәдениетіміз, тарихымыз бен менталитетіміздің көркем туындысы болуы керек. Еліміздің азаматтарының рәміздерге деген  қарым- қатынасы, олардың қаншалықты деңгейде  өздерін осы елдің азаматы  санайтындықтарының және болашаққа сенімінің, отансүйгіштіктің көрсеткіші іспеттес.
Еліміздің ежелден аңсаған Тәуелсіздігіне қол жеткізіп, қазақ ұлтының салт –дәстүрі мен әдет–ғұрпының қайта жаңғыруы, мемлекеттік рәміздердің бекітілуі болашақ дамуға бет алған егемен еліміз үшін ерекше құбылыс. Сондықтан мемлекеттік рәміздерді қастерлеу азаматтарымыз үшін басты міндет болып табылуы тиіс. Сондай – ақ  ұлтаралық татулық пен бейбітшілікті насихаттау жолында және мемлекетіміздің әлемдік деңгейде танылып, өзіне тән белгілерімен дамыған елдер қатарынан орын алуы үшін төл нышандарымыздың атқаратын қызметі  айрықша. Туып өскен  жердің мемлекеттік рәміздерінің мағынасын түсіндіру- әрбір Қазақстан азаматының борышы. Әр жас ұрпақ,  лауазымды тұлға мемлекеттік рәміздерін заңнамаға сәйкес қадірлеп, қастерлеп, құрмет тұтуы қажет.
Тәуелсіздігіміздің тұмарына айналған мемлекеттік рәміздеріміз болашаққа бет түзеген ұлы көшімізді демеп, игі істерімізді қолдай бергей!

Күлсін Сырдарбекқызы,
Алғабас ауылдық округі әкімі аппаратының
бас маманы .

{BLOCK:banners}
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2021. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.