ҚАЗАҚСТАН ТӘУЕЛСІЗДІГІНЕ 30 ЖЫЛ

Адалдық- арыңның айнасы

Санат: ҚАЗАҚСТАН ТӘУЕЛСІЗДІГІНЕ 30 ЖЫЛ
Уақыты: 10.06.2021
Оқылды: 1429 Печать страницы

Адалдық-адамның бойындағы ең асыл қасиеті, жанның тазалығы, тұлғалық көркем көрінісі. Адалдық- шыншылдық, турашылдық, пәктік, ар-ұждан, ұят тәрізді игі қасиеттердің жиынтығы. Адалдық әрбір адамның, тұлғаның қалыптасуында кем болса болмайтын бағалы қасиет. Осы бағалы қасиетті мұра еткен Ұлы Абай атамыз 29-шы қара сөзінде: «Адал еңбекпен мал іздемек, ол арлы адамның ісі» ал, 37-ші қара сөзінде: «Адамшылықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлы боласың»,- деп өлмейтұғын сөз қалдырған.
Бабаларымыздан қалған «Тәрбие басы- тал бесіктен басталады»-деген нақыл сөзі бар. Салт-дәстүрге берік халқымыз тәй-тәй басқан баланы ешкімнің ала жібін аттамасын, адал мінез-құлықпен өссін деген ниетпен ала жіппен тұсауын кескен. Бұл салт-дәстүрдің өзінде үлкен тәлім-тәрбие жатыр. Бала тәрбиесін басқадан биік қойған халқымыз баланы ұят болады, обал болады, жаман болады деген үш-ақ ауыз сөзбен тәрбиелеген. Әрбір кішкентай іс-ұлы істердің бастауы, олай болса, адал қоғам құру үшін, адал ұрпақ тәрбиелеу үшін әрбір адам өзінен бастауы керек.
Елдің алға жылжуы мен өсіп-өркендеуі үшін қоғамдағы жемқорлық дертінің себеп-салдарын анықтап, алдын алу шараларын жасап, сыбайлас жемқорлықтан жирене білетін, күресе алатын қоғамда өмір сүру әрбір тәрбиелі, саналы азаматтың борышы. 
Адалдық адамның сана-сезімін, тұлғалық мінезін сипаттайды. Ол туа пайда болмайды. Қоғамның дамуына сәйкес әрбір адамның өнегелі тәрбиесіне, оқып білім алуы мен адал еңбектену процесінде қалыптасады. Жас ұрпақты адамгершілікке, адалдыққа, парасаттылыққа, еңбекқорлыққа тәрбиелеу отбасы мен білім ошақтарының, қоршаған орта мен қоғамның басты міндеті.
Биыл Тәуелсіз елімізге, еркін қоғамда өмір сүріп жатқанымызға 30 жыл толып отыр. Осы Тәуелсіздігімізді мәңгілік сақтап, адал қоғам құрып, мемлекетімізді нығайтып, ата аманатына адал болу бүгінгі күннің адал жастары мен қоғамның еншісінде. Ұлы Абай атамыздың: «Алдау қоспай, адал еңбегін сатқан,  қолы өнерлі қазақтың әулиесі сол», – дегеніндей ата сөзіне адал әр ұрпақ қазақтың әулиесі болуға лайықты.
Ардақ Арчин,
Мұсабек ауылдық округінің жастар ісі жөніндегі 
әдіскер-нұсқаушысы.

 

{BLOCK:banners}
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2021. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.