РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ

Орақты батыр туралы аңыздар

Санат: РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ
Уақыты: 13.02.2020
Оқылды: 432 Печать страницы
Орақты батыр туралы аңыздар

Бақтиярдан Шуманақ, Сырманақты, Әркімге тәңірім бере бақты. Шуманақтан Қанқожа төртеу екен, Қанқожадан туады Ер Орақты. Халқымыздың қай қаһарманын алсақ та, олардың ерліктері еліміздің ежелгі тарихымен етене байланысып жатады. Тікелей ұрпақтарының ынтасымен  көпшілік қолдап, 1995 жылы ат шаптырылып, ас берілген Әлшағырұлы Орақты батырдың да өмір жолы солай. Мейлі шежіре, мейлі аңыз, мейлі көркем шығарма немесе бір жыр-дастандардағы сарындарға құлақ түрсек, сөз еткелі отырған бабамыздың XV ғасырдың ішінде туып, өмір сүріп, туған жері мен елі үшін жан аямай күрескендігін аңғарамыз.  Қазақ халқының қалыптасып, хандық құру кезеңінде ғұмыр кешкен батырдың ел үшін жасаған ерліктері аз болмаған. Халық сондықтан да өзі сүйген батыр перзенті хақында сан түрлі аңызды өрбітіп жіберген. Енді соларға тоқталып өтелік. 

Бірінші аңыз:

Әлқиса, Әзірет Сұлтан жерінде биттің қабығына қан құйған екі қу болады. Өздері қауын егіп, қақ кептіретін диқангерлеу екен. Олармен көршілес жан баласына жамандығы жоқ, ақ, адал, дегдар, әрі әулиелік қасиеті бар тақуа бір адам да өмір сүріпті. Әлгі қулар алдымен әулиенің қалыңдығына су бермей қинап, артынша оның жар дегендегі жалғыз баласын өлтіріп, басын кесіп, пісіріп, "алыңыз" деп алдына тартыпты. Мұны сезген әулие Бәддұға оқып, екеуін ауыздарынан қан-жыны төгілген Ақ және Қара түсті құбыжық итке айналдырып жібереді. Екеуі бір-біріне өлердей өш болып, ар-гүр етіп, алыса кетеді. Алыса жүріп, алдарындағы ұшырасқан адам баласының бәрін жайпап, талайды тамақ етеді. Мұны естіген жұрт олардың жолдарынан дүркірей көше береді. Алданып, қуып жете алмасын деген оймен халық әлгі тажалдардың жолына бір қыз, бір қойдан байлап, олардың жанына бір қарыннан май тастап кетіп отырады.  Орақты батырдың жорықта жүрген кезі болса керек, кезек оның қарындасы Оралбикеге жетіп, бір көшкен жұртқа май мен қойға қосылып ол да байланады. Айдай сұлу, ажарлы, ақылды қызды анасы да, ел де қимай, жылап, еңіреп қоштасады. Алайда ажалсыз себеп көп, осы арада Орақты батыр келіп қалып, таянған тажалдарды бірінен соң бірін атып түсіреді. Сұпы би сонда жанында екен, әлгі Ақкөбік, Қаракөбік атанған тажалдардың құлақтарынан ба, әйтеуір бір жерінен кесіп алып, үдере көшкен елдің соңынан жетеді. Кесіп, шауып алған белгілерін көрсетіп, тажалдардың көздері жойылғандығына сендіреді.  Есін жиған ел "батырға не сыйласақ екен" деп ақылдаса бастайды. 

Екінші аңыз:

- Әлқисса, Әзіретті - Сұлтанның маңында (Түркістанның түбі болуы керек) ешкімнің ала жібін аттамайтын, ұрлыққа жоқ бір адам болыпты. Оның мүбәрәк жан екендігі елге жайылады. Құрметке бөленеді. Сөйтіп, халықтың сүйіспеншілігіне ие болған әулие тестес ғазиз жанды екі ұры әрі іштарлық, әрі көре алмаушылықтың салдарынан қараламақ болады. Ары ақылдасады да, бері ақылдасады да байдың семіз, ту өгізін ұрлап алып, қараңғы түсе әлгі адамның ауылына жуықтау жерге сойып, көміп кетеді.  Ертеңіне "өгіз ұрланды" деген хабар шыққан кезде әлгі екі қу салып ұрып байдың ауылына келіп, іздесуге ниет білдіреді. Алдырып албыт боп тұрған бай қуанбасын ба, жанына адамдарын қосып ізге түсіреді. Әлгілер әрі-беріден соң желе жортып, әулиенің ауылына қарай тіке тартады. Ит үріп, адамдар шулап келе жатқан соң бәйбіше сыртқа шығып, бір жаманшылықтың боларын іші сезеді. Байқап қараса, қариясы есіктің алдындағы қабаққа қарап дәрет сындырып отыр екен дейді. Мынаған ғажаптанған кемпір дәрет суын жақындата беріп: - Мыналардың пиғылдары жаман-ау, сірә? - дейді. - Сезіп тұрмын, - дейді әулие. Сөйткенше топты бастап әлгі екі қу ауылға да жетеді. Тегін келмейді: - Көрдіңдер ме, түк білмегендей мүләйімсуін. Тақуа емес, жымқырғанын жын да білмей қалатын баукеспенің өзі ғой бұл! - деп өңіреңдейді.  Әулие намазын оқып болуға рұқсат сұрайды емес пе, көнеді. Бірақ оның өрге қарап дәрет сындырып, өрге қарап намаз оқығанын ешкім аңғармай қалады. Соңғы тарауығын бітіріп: Әумин! - деп бетін сипап, артына қараған сәтте әлгі екі қу ар-гүр еткен бірі ақ, бірі қара құбыжық болып шыға келеді. Сол бойларында бірін-бірі талап, ауыздарынан ақ көбік, қара көбіктерінен ағызып, таласады да кетеді.  Мына кепті көріп тұрған топтың ішіндегі білімдар біреуі: - Уа, әулие, кешіре көріңіз. Аққа қара жақпақ болып бізді дүрліктірген мыналар нағыз найсаптар екен ғой, - деп атынан түсіп, аяғына жығылады. Бұл кезде әлгі бір-біріне өлердей өш екі бәле бірін-бірі жұлмалап, жұлқылап, құдай сақтасын, дүниені әлем-тапырық қып, жолдарындағы елді үркітіп, кезіккен малдарын да, жандарын да жұлымдап, жалмап жеп кете барды дейді.  Тегін кетпеді, елдің тынышын алып, шырқын бұзып, шәт-шәлегей етеді. Өздеріне атса оқ, шапса қылыш өтпейтіндей болса керек. Тамақтарына тойым болмапты. Қорыққан ел қопарыла көшіп, алданса деген ойменен алдарына байлап қой-ешкі, тана-топырақ, құлын-тай, жылқы тастап кетіп отырды дейді.  Қашанғы қаша берсін, көліктердің белі талып, адамдардан әл кетті. Шаршайды, шалдығады. Күнде үрей, күнде сүргін. Ел тарығып, еңірей бастайды. Осыдан құтқарар адам табылса, оның қандай да тілектерін орындауға дайын екендігін білдіреді.  Білетіндер жиылып Орақты батырға шабады. Ел тілегін орындау - ердің ісі. Орақты батыр бес қаруын асынып, әлгі тажалдың жолын тосса, Ақкөбіктің тамағының астында бармақтай қара дақ. Қаракөбіктің тамағында сондай мөлшерде ақ ноқат бар екен дейді. "Ажал келсе, сол жерден келер" деп пайымдаған мерген батыр: - Жолына мал емес, менің қарындасымды байлаңдар. Жарығымның жан дауысы шыққанда әруағым артар, өзім де шыдамаспын, - дейді.  Бәрі орындалады. Ақкөбік, Қаракөбік таяп қалады. Алдымен Қаракөбікті нысанаға алған Орақты он адам әрең созатын садағын шірене тартып қалды дейді. Зулаған оқ оның алқымынан ақ ноқатқа барып тура қадала кетеді. Қаракөбік өгіздей өкіріп барып құлап түскен кезде онымен мәңгі бақи өштіктегі Ақкөбік оны бас салып, паршалай бастады. Осы сәтте екінші оқ барып оған қадалды дейді.  Көрген елде ес жоқ. "Ә, құдайдап!" кеп Орақтыны орнынан көтеріп алып: - Батырдың тілегін сұралық! - деп қаумалап кетіпті. 

Үшінші аңыз:

Әлқисса еліміздің Сыр бойында жүрген кезі болса керек. Араларында оқуы терең молда болыпты. Бір күні молда жолға шығып кетіп, бірнеше уаықттан соң үйіне оралады. Келсе, бір жігіт пен әйелінің зинақорлық жасап жатқан үстіне түседі. Молда бұған қатты ашуланып, бәддұға оқып, әйелі мен жігітті адам бейнесінен өзгертіп, еш мақұлыққа ұқсамайтындай тажал ғып жібереді. Сонда әйел мен жігіт, қасқырдай қайратты, арыстандай айбатты, жезтырнақтай жебір, лебінен жер өртеніп, ауа күйгендей адам жейтіндей жалмауыз тұқымдас бірдеңе болып шыға келеді.

Сөйтіп олар алғашқы рет арс етеді. Сол арс еткен лебінен қарсы алдындағы бір төбе өртеніп кетеді. Ол жерді халық Күйік деп атайды. Арыс, Күйік деген атаулар содан қалыпты дейді. 

Бұл екі жалмауыздың еркегін Ақкөбік, ұрғашысын Қаракөбік деп атайды. Бұдан кейін олар адамдарды да, малдарды да жайпайды. Олардан ел үркіп, қорқып көше бастайды. Бірақ әлгі балалар елдің соңына түсіп, қалмай қояды. Құтылудың қамалқасын жасаған ел оларға бір қыз, бір қой, бір қарын май беріп тұруға шығады. Осы айтқандарды жұрттарына тастап, өздері күдере көшіп отырады. 

Бір күні Әлшағыр баласы Орақты батыр аң аулап жүріп, ауылына келсе, оның жалғыз қарындасын, шешесінің бір қарын сары майын жұртқа тастап, елі көшіп бара жатыпты. Сонда Орақты батыр "бұл қалай?" деп сұрайды. "Ел ұйғарымы осылай. Малыңды да, майыңды да, қарындасыңды да қиясың", - дейді ауыл адамдары. Содан соң Орақты қарындасын қимай: "Өлсем жалғыз қарындасыммен бірге өлемін" деп, сол жерден ор қазып, садағын кезеніп, адамжегіштерді аңдып жатады. Әлгілер де көрінеді. Жолдарындағыны айпап-жайпап, арсылдап, ырылдап, гүрілдеп келе жатады. 

Бұл бәлекеттердің оқ өтетін бір-бір ғана нысандары бар екен. Ақкөбіктің бүйірінде қара дағы бар екен. Бұдан басқа жерге тиген оқтар дарымайтын болса керек.

Сонымен қой мен қызға алдымен Ақкөбік жақындап мойын созып, басын көтере бергенде бүйірдегі қара дақтан Орақты батыр тура көздеп атып салады. Сол жерде Ақкөбік жығылады. Артында келе жатқан қаншығы Қаракөбік олжаға жақындап қалғанда, неге құладың дегендей ар-гүр етіп, азу тістерін батыра оны жұлқылай бастайды. Сол сәтте оның бүйіріндегі ақ дағын көздеп, Орақты батыр екінші жебесін тартады. Нардай денеге жеті қарыстай бойлап кеткен жебе Қаракөбікті де мұрттай ұшырады. Сөйтіп Орақты батыр екеуін де өлтіріп, екеуінің де азу тістерін қағып алады. Қарындасын ертіп, қойын жетелеп, мйаын арқалап, көштің артынан елге жетеді. Үрей билеген ел алғашында сеніңкіремейді. Сол жерде барып, Орақты батыр Ақкөбік, Қаракөбіктен қағып алған азу тістерді алдына тастайды. Жұрт сенеді. Содан кейін алты алаштың балаларын түгел жинап, той жасайды. Той үстінде жұрт Орақты батырға "не қалайсың, не сұрайсың, тілегіңді айт" - дейді.

Орақты сауықты жақсы көретін сауықшыл, сауыққой кісі екен. Қазына, байлық, мал тағы басқа ештеңе сұрамастан:

- Алты Алаштың баласы менен бұрын және менің ұрпағымнан бұрын олжаның алдын алмасын, тойды бастамасын. "Ноқтағасылықты" беріңдер. Менің сұрағаным да, қалағаным да осы! - дейді. Батырдың сол тілегі қабыл болыпты. 

{BLOCK:banners}
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2022. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.