РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ

Бабалар сөзі – даналық көзі

Санат: РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ
Уақыты: 09.11.2018
Оқылды: 742 Печать страницы
Бабалар сөзі – даналық көзі

Өмірден хан да өткен, қара да өткен,
Қол бастап, қайрат етер дара да өткен.
Сөзін сөйлеп, халқының жоғын жоқтар,
Ақылгөйі елінің дана да өткен – дегендей,
Атырау мен Алтай, Алатау мен Арқа аралығындағы халқымыздың басына түскен тауқыметтерін бірге тартып, ел үшін еңіреп туған ерлер шоғыры исі қазақ жұртында жеткілікті көп болғанын ешкім де жоққа шығармайды.
Небір жақсылар мен жайсаңдар іргелі еліміз бен ұлан-ғайыр жеріміз үшін түн қатып, түстері қашып, мұз төсеніп, қар жамылып жүріп халқымыздың бақытты өмір сүруі үшін небір жанпидалықтарға да барғаны аңыз-әңгіме, әфсана-миф, жыр-дастан, қисса-өлең, шежірелер арқылы бүгінгі ұрпаққа жетіп отыр.
Иә, халықтың зейін-зердесінде ғасырлар бойы сақталған асыл тұлғалар аз емес. Әрине, оларды ешқандай бұйрық, жарлықпен жоя алмайсыз. Өйткені олардың есімдері де, ерлік істері де, ұлағатты сөздері де ұрпақтан ұрпаққа жетіп, жүректерге берік ұялап қалған. Қай халықтың болмасын тарихы бар, тағылымды істері бар. Олардың қол бастаған батырлары да, сөз бастаған ақындары да, көріпкел көсемдері де болған. Небір ісмер, іскер, білімпаз, білікті ойшылдары да өткен.
Жазиралы Жетісу өлкесі  – ел жүрегінде ұялаған ұлдар мен қыздардың Отаны. Арғыны айтпағанның өзінде, қазақ хандығы – мемлекеті дүниеге келген XV ғасырдан бергі уақыт ішінде небір сұрапыл соғыстарды бастан кешіп, еліміз бен жерімізді басқыншы жаулардан қорғап өткен батыр бабаларымыз, данагөй данышпандарымыз, кемелді кемеңгерлеріміз қаншама?!
Елбасы өзінің рухани жаңғыру мақаласында «Патриотизмнің ең жақсы үлгісі орта мектепте туған жердің тарихын оқудан көрініс тапса игі. Туған жердің әр бір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әнгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс» деп нақты тапсырма берген болатын. Осыған орай Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында ауданымыздың «Үш ұрпақ» қоғамдық бірлестігінің және білім бөлімінің ұйымдастыруымен және жолсапар барысында оқушылардың қауіпсіздігін ескеру мақсатында аудандық аурухана және аудандық ішкі істер бөлімінің МАИ қызметкерлерінің қатысуымен Қаратал және Көксу аудандарындағы әулие, батыр, би бабалардың кесенелеріне жалпы білім беретін мектеп оқушыларына саяхат ұйымдастырды.
Оқушылар саяхаты би, шешен қолбасшы, Төле бидің Ұланбике атты қызынан туған жиен немересі Ескелді би Жылкелдіұлы (1692 – 1780 жж), кесенесінен бастау алып, әулие, би, өз заманының айтулы шешені, білгір де білікті тұлғасы болған Айту Жаубасарұлы (1746-1790 ж.ж.). Аңырақай шайқасына, Аягөз бойындағы Таскескен мен бүгінгі Текелі қаласы маңындағы соғысқа қатысқан батыр, Іле мен Қаратал арасындағы Жалайыр, оған көршілес Найман, Суан, Ысты руларының біраз бөлігін шабуыл өтінен аман алып қалған, атақты би, көріпкел, әулие Балпық Дербісәліұлы (1705-1780 ж.ж.), заманында «Жұмыр әулие», «Жұмыр ата» атанған «Ақылымен хан-төрені бағындырған» ел бастаған көсем, қол бастаған батыр, сөз бастаған шешен Ескелді, Балпық, Қабылиса бабалармен бірге жоңғар шапқыншылығына қарсы соғысқа қатысқан батыр Қарымбай Тәттібайұлы (1732-1822 ж.ж.), «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» жылдары Іле мен Қаратал өзенінің аралығындағы жоңғарларға қарсы шайқастарға қатысқан, денесіне жау қаруын дарытпаған батыр әрі қара қылды қақ жарған би Жолбарыс Жылқайдарұлы (1671-1761 ж.ж.) кесенелерінен аяқталды. Әрбір кесенеде ақын Қабан жырау атындағы орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Бақытгүл Мықтыбаева бабалардың өмір деректерімен таныстырса, Көксу ауданындағы орталық мешіттің молдасы Қаман Жұмажанұлы әулиелерге құран бағыштап отырды. Саяхат соңында оқушылар Жетісудың дарабоз анасы атанған Зылиха Тамшыбай апамыздың ескерткішіне келіп, ерен еңбегімен танысып, ескерткіш  алдында суретке түсіп қайтты. Саяхат соңында бабалар өмірінен мол мағлұмат алған оқушылар үлкен тебіреніспен оралды және ұйымдастырушы топқа үлкен алғыстарын білдірді.
Ғұмыры – өткен өнеге,
Өмірден озған бабалар.
Болашақ ұрпақ бағалар,
Тарихы шежіре даналар!... – деп жергілікті ақын Сембек Абдрахманов жырлағандай, біз тарихы мол осынау көркем, рухани, қастерлі, қасиетті жерлерімізді жас ұрпаққа, түсіндіріп отыру үлкендердің азаматтық борышы деп түсінеміз.

Бақыт ШЕҢГЕЛБАЕВ,
«Үш ұрпақ» қоғамдық
 бірлестігінің төрағасы.            
(Бұл Бақыт Байғазыұлының соңғы мақаласы екен)

{BLOCK:banners}
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2020. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.