РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ

ҰРПАҚҚА ҰРАН БОЛҒАН ОРАҚТЫ БАТЫР

Санат: РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ
Уақыты: 16.04.2020
Оқылды: 1057 Печать страницы
ҰРПАҚҚА ҰРАН БОЛҒАН ОРАҚТЫ БАТЫР

Мақұлдау қиын. Ұлт болмысындағы асқақ рух ерлік мінез сияқты қылыштың жүзіндей қасиеттердің алтын арқауларын ширата есе алмауымызға себеп не? Тарихтың толғақты кезеңдерінде қалыптасқан ерлік пен батырлық жасаған адамдардың есімдері мәңгілікке қалуы тиіс қой. Бұл басы ашық ақиқат болса керек.
Тұп-турасына көшейік: қазақ халқының бойындағы елдік қасиеттің, ерлік өжеттіктің тамыр соғысын солқылдатқан асқақ рухтың өршілдігі әріден бастау алады. Қазақ даласында айдарынан жел өсіп, төл тарихын тарландардың тұяғымен жазған батыр бабаларымыздың ерлік жолдары, қолымызды жүрегіміздің тұсына қойып сөйлейікші, ғажаптардың ғажабы емес пе? Қазақ хандығына ұйысқан ру – тайпалардың елдікті ерен етуге қосқан үлестері қаншама? Қазақ хандығының шаңырағын көтерген ел жұрттың болмысындағы асқақ рух, өзінің шындалған жүзін одан әрі шыңдай түсті. Үркердей, бәлкім одан да көп батырлардың қан – қасап шайқастарға қарамастан күрескен ерлік шайқастары хандықтың орнығуына, елдіктің бекемделуіне, рулық-тайпалық күштің нығаюына, туған жерге деген сүйіспеншіліктің киелі сипат алуына, ең бастысы, ұлттық рухқа идеал болатындықтарымен даралануы әйгілі тұлғалардың халық жадында орнығуына айрықша қазық болды. Қазақи болмыстың өз елі рухында сақтала келе жатуының да сыр-сандығы осында болса керек.
Ойдын орамын тым әріректен қайыруымыздың өзіндік қисыны да жоқ емес? Тәңір нәсіп еткен баянды-баянсыз өмірдің небірін өткердік. Асқар таудың ар жағында аспан барын байыптадық. Көк пен жердің аралығындағы мың сан топалаң толқындар мен шағырмақ шаң-тозаңдарды жұттық. Қазақ халқы қаншама ғұмыр кешсе, соншама қаһарлы қиын кезеңдерді бастан кешті. Халық қолында сақталған немесе болды-ау деген айғақ деректер мен тарихи баяндардың болғаны болғандай боп жетіп отыр ма бізге? Жоқ, әрине. Әңгіме сонда.
Қазақ болып қалыптасуымыздың негізі қаланған, сонау алғашқы хандықтардың тұстарындағы ру, тайпасы үшін, жері үшін, ұлты үшін құрбандық жолына басын тіккен батырларымыздың әлі де болса өз орнымен, өз жөнімен парақталмай келе жатқаны ойлантады. «Айтпаса сөздің атасы өледі» дейтіндей болып барады. Бәлкім 300 жылдан аса орыстарға бодан болып келгеніміздің кесірінен де шығар. Күнгейі болмаған көмескі-көлеңкелі тарихымыздың тамырын баса алмауымыздың қаншама «шындық» деп шырылдағанымызбен, бүтіндей  ұлттық барын бүтіндей алмауымызды ұрпағымыз кешіре қояр ма екен. Тіпті сақау да өз әлінше өлен айтады ғой. Себебі ... Себебі ...   Осындай себептермен қаншама тарихи тұлғалардың ел мерейін өсірер өнегелі істері тарих тұңғиығында көмескіленіп барады. Елінің бақытты жерінің бүтіндігі үшін  қан  кешкен баһадүрлер  қаншама. Солар қайда? Солардың бірі қазақтың қас батыры, қолбасшысы Жалайыр Орақты батыр туралы айтсақ, кәне. Тек үш ғана тақырыпқа тоқталғанды жөн көрдік:

Бірінші, Орақты батыр және қазақ тарихнамасы:

Батыр бабамыз мұрасы көптеген ел аузында аңыз-аңгімелер барлығы белгілі, көнекөз абыз аталар,шежірешілер көпті көрген, көп ата-бабаларынан айтылып келген аңыз-ғұмырлары өскелен ұрпаққа ғасырдан-ғасырға жеткізіліп айтылғаны анық.
Ұлы қазақ халқының тарихы мен шежіресінде де Орақты батыр туралы, оның үрім-бұтақтары хатталған. 13 ата Ұлы жүздің шежіресінде (қатағаңды қосу керек) жалайырдың «ноқтағасы» екендігі жазылған.
Орақты батыр туралы халық жадында жазылып, ұрпақтан ұрпаққа жеткен ел аузынан алып, қағазға түсірілген жыр-аңыздарды тыңдап немесе оқып отырсаңыз елім-жерім деп еңіреген, қызғышының қырағылығын көксеген алып тұлға көз алдыңызға елестейді.
Ол бейне елестеп қана қоймай тамаша ұлтшылдық- патриоттық сезімге бөлейді. Бұл әсіресе қазіргі кезде ұлттың дербестігін алған тілін, ділін, дінін, мәдениетін, әдебиетін, салт-дәстүрін ата-баба салып берген қалпында сақтау үшін күресуде маңызды орын алады.
Бұл күндері туғанына 600 жыл болатын қас батыр Орақты, ел іргесінің сөгілмеуіне ұлт пен ұлыстығының татулығын көксеген бабамыз алып емен болса, біздер оның бұтақтары мен жапырақтары екенімізді ұмытпай, ұлтымызды, салт-дәстүрімізді, жалғастырып, күшімізді біріктіріп, бірлігімізді нығайтпасақ, құр сөзбен ешбір ынта болмайды.
Енді сөз арқауын Орақты қайсар батыр туралы жазылған деректемелерге назар аударсақ.
Қазақ тарихының атасы Қадырғали би Қосымұлы Жалайыр (1530-1605жж) тарихшы, публицист, философ, қолбасшы, елші болумен қатар жазушы және ақын болған. Осы жолдың авторы ғұлама, дана бабамыздың еңбектері мен ол туралы жазылған арнайы әдебиеттер мен мақалаларды 1965 жылдан бастап жинадым, биыл бабамыздың туғанына 490 жыл толады, осыған орай, 3 кітап, 1библиографиялық көрсеткіш дайындалу үстінде. Қадырғали би «Жылнамалар жинағымен (1602ж) қатар, «Сиыршы» дастаны және «Орақ пен Қара батыр» диалогын қазақ ғалымдары әдебиетімізді енгізген екен.Соның бір үзіндісін берейін:
Орақ:
 Мен толға десең толғайын,
Қарабатыр, саған толғайын.
Сенің түп-түбіңді айтайын,
Сен Ымшақыр деген шәһерден,
Азып шыққан жалғыз үйлі сар едің.
Әкең қара кісі еді,
Ас бергеннің құлы еді,
Шешең қара кісі еді,
Мал бергеннің күңі еді.
Қара құлам жалсыз, айыр малсыз,
Алланың қайырынан,
Мал берер күні болжалсыз.
Қара құлам жалды жабылар,
Іздесе Орақ сендей мырзаға
Дұшпанның малы табылар.
Қара құлам жалы шеңелде,
Айдын туған Ораққа...(Ертедегі қазақ әдебиеті хрестоматиясы.  Құрастұрушылар: Т.Кенжебаев, Х.Сүйіншәлиев, М.Жолдасбеков, М.Мағауин, Қ.Сыдық Алматы «Мектеп» баспасы 467-97 бет)
Бұл ортағасырлық тарихшы Қадырғали бидің өз бабасы туралы толық емес, 33 жолдан тұратын толғауының бір шумағын ғана келтірген сынайы құрастырушы ғалымдар.
Осы Орақты батыр дастаны туралы Ш.Ш.Уәлихановтың тұңғыш рет қазақ тіліне аударылып шыққан алты томдығының бірінші томында басылған екен (177-178 бет), авторының кім екені жазылмаған.
Неге екені белгісіз академик Ә.Марғұлан осы дастан жөнінде түсініктемелерінде»...
«Орақ-Ноғай батыры.Уәлихановтың айтуы бойынша Орта жүз қарауыл руынан шаққан батыры»,-деп жазылған (сонда 331 бет) қай ғалымға сенуге болады? Жоғарыда бес хрестоматия құрастырушы филолог ғалымдарға ма? Жоқ әлде Ш.Уәлихановтың айтуы мыс деуіне ме? Бұған тағы қосарымыз Шоқан ғалым осы томның 143 бетінде батыр емес «Орақ мырза» дейді. Әлкей Марғұлан өзінің «Оразмұхамбет кітапханасы» атты мақаласында күміс сандықтың ішінде , «Орақты»дастанын болғандығын жазған, оны Азия музейінің бірінші директоры академик Х.Д.Френттің 1822 жылы күміс сандықтағы жазбаларды көріп,зерттеп жазған тізімнен алған.
Орта ғасырлық ғұлама Қадырғали бабамыз Орақты баһадүр туралы алғашқы қалам тартқан тарихшы деп есептеуіміз керек. Жоғарыда айтылған екі дастанда Ресей архивтері мен музейлерінен іздесе табылып қалар деген үміттеміз.
ХV ғасырда өмір сүрген Орақты қаһарман батырды бейнелеу жырларында оның ру-тайпасының көсемі, алысқанды алып соғар, белдескеннің белін үзген, құралайды көзге атқан, қас дұшпанды ат үстінен құлатқандығы туралы талай ақын-жыраулардың өлеңдерінде кездеседі.
Ол туралы әйгілі Сүйінбай Аронұлы (1815-1898жж) қырғыз ақыны Қатағанмен айтысқанда:
...Мен бұл жерде тұрмайын,
Іледен әрі өтейін.
Қызыл тілмен жетейін.
«Таңбалы тасты» бетке ұстап,
Желкеңді қиып кетейін.
Он екі ата ол жақта ( дұрысы 13 ата-КН)
Жалайыр деген жұртым бар.
Ақкөбікті өлтірген
Орақты батыр мықтым бар!
Арғы атасын айтайын
Толған айдай толқыған, - деп өзінен төрт ғасыр бұрын өмір сүрген батырдың аруағымен айбындана сөйлейді.
Биыл Жетісудың жезтаңдай ақыны Бақтыбай Жолбарысұлының (1835-1903жж) туғанына 185 жыл толады. Ол да ержүрек батыр бабасы туралы былай деген екен:
«Ноқтағасы» болсын деп,
Осыған аруақ қонсын деп,
Исі қазақ олжаны
Орақтыға беріпті,- деп батырдың барша қазақ елінен алған жолын, оның алты алашқа құрметті жан екендігін сипаттап өтеді.
Кеңестер Одағы тұсында ең алғашқы Орақты баһадүр бабамыз туралы поэма жазған Қазақ ССР халық ақыны (1961ж) Қалқа Жапсарбаев (1886-1976 жж) болатын. Ақын атамыздың алғашқы кітабы 1942 жылы «Өлеңдер, дастандар» жарық көрген, осы кітабында «Орақты батыр» поэмасы басылған.
Одан кейін халық ақынның 1951,1958,1961,1976,1986,1996,2005 жылы және 2011 өлен-жырлары, дастандары шықты. Соның барлығында бұл поэма басылған. Ақын атамыздың кітаптарын құрастырып, кіріспе сөздерін жазғандар - Балтабай Адамбаев, Анарбай Бұлдыбай, Ораз Исмайлов, Толғанай Рамазанова және Нурила Бектемировалар болатын. Бір-ақ бұлардың барлығы «Орақты батыр» поэмасының қашан, не себепті жазылғандығы тағы басқа жәйлары туралы сөз қозғамайды енді соған тоқталайық.
Осы жолдың авторы Қазақстан Ғылым Академиясының 1940 жылдан басып шыға бастаған «Хабаршы» (Вестник) ғылыми журналын түгел қарап  тарихшы ортағасырлық ғұлама ғалым Қадырғали би Жалайыр туралы мақалаларды іздеп, ер Орақты бабамыз туралы мақаланы Ғылым Академиясының Орталық ғылыми кітапханасы мен М.О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтындағы қазақ қолжазбалар қоры бірігіп шығарған  «Қазақ қолжазбаларының ғылыми сипаттамасы» атты  көптомдық кітабының бірінші томы «Батырлар жыры» деп аталады екен, сонда жазылған. Жалпы редакциясын басқарған Педагогика ғылымдары Академиясының  академигі М.Ғ.Ғабдуллин. Осы ғылыми кітаптың 309-311 беттерінде Орақты батыр туралы латын және кириллица әріпімен жазылған мақаламен таныстым. Қ.Жапсарбаевтың өмірдерегі толық берілген екен, бірақ туған жылы 1886 жылдың июнь айында туған деп көрсетіліпті, жоғарыда көрсетілген халық ақынының 7 кітабында айы жоқ.
Бұл Орақты батыр поэмасын алғашқы көшірушінің аты – Қ. Елікбаев деп латынша жазылған. Көшірушінің жас бала екендігін автор жырдың аяғында ғана айтады. – деп жазылған. Бұған қоса ақын Қалқа Жапсарбаев жырлаған. «Орақты батыр» жыры бұрын еш жерде жарияланбаған.Дастанның машинкаға басылған версиясы институтта жоқ деп тағы жазыпты. (Сонда 309 бет). «Қолжазба 1940 жылы Талдықорған облысы, Киров ауданы колхозда жазылып алынған. Жапсарбаев Қалқа ақынның алғашқы шығармаларының жинағы 1940ж шыққан. Қолжазба латын әріппен және бір жолды дәптерге көк сиямен түсірілген. (Сонда 310 бет).
Үш дәптер бірге тігілген, ақ қағазбен басылып, қызыл күрең мұқабаға салынған.(Сонда 311 бет).
Мен бұл ғылыми еңбектен тек «Орақты батыр» поэмасында маған керекті жерлерін ғана таңдап алдым.
Ақын бабамыз поэманы соғыстан бұрын жазған болуы мүмкін. Бірақ жылы белгісіз. Бұл Орақты батыр туралы поэманың жазылу себебі:
Бірінші, өткен ғасырдың 40-шы жылдары көнекөз, көкірегі ояу, ескіше оқыған, көнені көрген, көпті білетін данагөй, шежіреші, парасатты ата-аналарымыздан естіген аңыз әңгімені шежіреші-ақын Қалқа бабамыз жазуға құлшынған болуы керек.
Екінші, халық ақыны, атамыздың анасы осы Орақты батыр ұрпағы екендігін тағы ұмытпауымыз керек.
Үшінші, Орақты батыр туралы поэма жазу себебі шежіреші-ақын Асым Керімқұлұлы жырлағандай:
«Ноқта ағасы» Орақты атансын деп,
Халық болып өмірлік атақ тапты.
Орақтыны айрықша үлкен ету,
Жол болып бұрынғыдан бізге қапты.
Сондықтан Орақтыға жол береміз,
Жасы кіші болса қол береміз.
Ұғып ал кейінгі жас жеткіншектер,
Қаза жетсе бір күні біз де өлеміз ,- деп елін қорғаған, ерлігімен халық дәстүрін «ноқтағасы» деген жаңа атаумен байытқан батырды ерекше әспеттейді.
Төртінші, Қалқа халық ақыны өзі он үш ата тарақ таңбалы жалайырдың ішінде  Сұпы би батырдың (1415-1505жж) ұрпағы. Орақты, Сұпатай екеуі замандас, дос, қарулас, үзеңгілес ретінде тарихта белгілі.
Биыл Сыпатай батырдың туғанына 605 жыл толады. Бұған тағы қосарымыз Орақтының ұрпақтары жоқ жерде қошемет, сый-сияпат тек сұпатайларға ғана көрсетілетінін ескертеміз. Ал, бұл екеуі де болмаса 13 ата Жалайырдың бір ру аталарының ішінен тек абыз аталарына құрмет көрсетіледі, бұл ғасырдан-ғасырға жалғасып келе жатқан салт-дәстүр екендігін ұмытпайық.
Ойға қарымды қаламгер жазушы, ақын Жұмахан Майтжанов ағамыздың бір шумақ өлеңі ойға келеді:
Тойбастарға ортадан,
Орақты руы шықпаса.
Дауыстап қартын қайтадан,
Сұпатай бастар деп айтар (Майтжанов Ж. Аманат Алматы 2009ж
195 бет)
Біз ғасырдан ғасырға келе жатқан ата-салтты ұмытпауымыз керек. Бұл поэмада Орақты батырдың ерлігін, өз ру-тайпасының қамын ойлаған Жалайыр руының ерте заманда Еділ-Жайық аталатын екі өзеннің сағасын, Жиделі-Байсынның бір жағын мекен еткендігі, құм-шөлейт даланы кезіп жүріп, Ақмешіттен одан Сырдың бойынан, Түркістан бойына жетіп бейбіт өмірді аңсаған Жалайыр руы Шу өзенінің сағасына келіп, оны мекен етеді, осы жерге қоныс теуіп, есін жинағандығын  поэмада Қалқа ақын бабамыз тамаша өлең-жырмен суреттейді. Одан кейін поэмада жалайырлар Іле бойына келеді. Қаратал, Іле екі су, елге қоныс болады деп осында тұрақтап қалады. Бұл оқиғаның болғанына 5-6 ғасыр болады деп аяқтайды поэманы халық ақыны Қалқа Жапсарбаев.
Ақын бабамыздың поэмадағы бір кемшілігі 15 ғасырда өмір сүрген Орақты, Сұпатай батырларды 18 ғасырда еліне белгілі Ескелді, Балпық билермен Қаблиса (Қабан) жыраумен замандас етіп жырлағаны шындыққа жанаспайды...
Орақты батырды арнайы зерттеген екінші адам бұл- Жалайыр тарихының тарихшысы-фольклорист, жазушы, радиожурналист Ораз Исмайлов.
Ораз ағамыз 30-дана аса тарихи-тағлымды көреген кітаптың авторы:Ескелді би, Балпық би, Қабан (Қаблиса) жырау, Жолбарыс әулие т.б. тарихи тұлғалар туралы тамаша, қазір іздеп таппайтын кітаптардың авторы.
Ораз ағамыз өте еңбекқор, ізденімпаз, қабілетті, қарымды қаламгер. Қазіргі «пысықтар» сияқты «аспанға қараймын, жұлдызды санаймын» деп ойына келгенін жазып, біреуден көшіріп алып «жаңалық» ашатындарға таң қаламыз.
Ораз ағамыз әрбір аңыз-әңгімелерді кімнен жазып алғанын, қайда тұратынын әрбір кітабының соңында түсініктемелерінде көрсеткен.
Ораз ағамыздың қайтыс болғаннан кейінгі Ескелді би, Балпық биге тағы басқа тарихи тұлғаларға арналған іс-шараларда шыққан кітаптардағы мақалалардың авторы жазушы ағамыздың аты-жөнін көрсетпей жазып қалдырған мұрасын өздері сол тұлғаларды зерттеп, жазып жүргендей және олармен бірге болғандай жазғандығына таң қаласын.
Бұған тағы қосарымыз 15 ғасырда өмір сүрген бабамызда 18 ғасырға «жетектеп» апарған ғалымдар Н.Төреқұлов, М.Қазбеков жазушылар Б.Тоғысбайев, Н.Қылышбаев т.б екендігін айтпаппыз.
Орақты батыр туралы менің жеке кітапхана қорымда 50-ден аса мақала  бар соның ішінде Оракеннің бабасына арналған сегіз көлемді мақаласы және «Орақты батыр» (Баян,дастан және өлен жырлары) атты кітабы (Талдықорған 1995,61 бет) бұған қоса екі тарихи- тағылымды кітабында арнайы Орақты батыр туралы мақаласы жарияланғандығын еске саламыз.
Оракен бастап оны қоштаған қауым, баба ұрпақтары 1995 жылы 9 қыркүйекте Ұлы Баһадүрдің 575 жылдығына орай менің кіндік қаным тамған Көксу ауданы Алтуайт жотасының етегінде батырға арнап дүркіретіп тойы, асы өтті.
Оракенің ақындығы да бар еді енді шақырту қағазына марқұм ағаның өлеңіне зер салайық.
Бір өңірде келеміз бірге өсіп,
Қызықты да, қиынды бастан кешіп.
Асына Орақты батыр шақырамыз,
Қуаныш баршамызға ортақ десіп!
Ас десе тірі пенде ұмтылмақ та,
Ол  да бір жақсы ырым ынтымаққа
Сол күні Сіз жүрсеңіз ортамызда
Шомылғандай болар ек нұр шуаққа!
Ас соңында концерт, ақындар айтысы, балуандар күресі, бұқа тартыс, ат аламан (16-30 шақырым) бәйге өткізгендігін еске салғанды жөн көрдік.
Халық ақыны Қалқа атамыз бен жазушы-фольклорист Ораз ағамыз өз шығармаларымен Орақты батырды зерттеуде Орақтытану ілімінің негізін қалады немесе тұлғатануда көп енбек сіңірді.

Марқұмдардың кемшіліктерін іздеп, жазу біздерге абырой бермейтіндігі анық.
Орақты батыр бабасын зерттеп бірнеше мақала жазып жүрген ер  бабаның туғанына  600 жыл толуына ұйымдастырған комиссияның белді мүшесі талантты қаламгер болашаққа көп үміт күттіретін тарихи тақырыпқа құлаш сермеп жүрген үшінші қаламгер ол  журналист Серік Әбікенұлы.
Бұл тележурналист ініміздің 2006 жылы Орақты батырға арнап жазған 27 беттен тұратын көлемді «Айқас» повесі (Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған).
Екінші, «Орақтытөбе» мақаласы(Парасат журналы 2017 жыл №7).
Үшінші, «Ердің сойы –Орақты», (Жетысу 2018ж 21 сәуір). Бұл мақалаларда бабамыз туралы қалам тартып жүрген ірі-уақ мақалаларының авторларының еңбегінен шоқтығы биік, көп еңбек еткен талай әдебиеттерді парақтағаны көрініп тұр, бірақ бір кемшілігі пайдаланған әдебиеттерді толық библиографиалық көрсеткіштерін көрсетпегендігі. Мен айтқан библиографиалық көрсеткіштерін көрсетсе бұл мақала ғылыми немесе тарихи- тағылымды шығарма болар еді. Жалпы бұл тек әңгіме, аңыз сияқты.
Көніл жеткенімен көз жетпейтін жерге өкшемізді көтеріп бойымызды соза көтеретін әдетіміз бар ғой. Мен де осы тамаша мақаланы оқып сондай халге жеттім. Серік інім бұл мақаланы қайта өңдеп ғылыми түрде жазса бұл тарихшылар мен әдебиетшілерге және болашақ зерттеушілерге таптырмайтын ұрпағына ұран болған бабамыз туралы құнды еңбек болар еді.
  Өз заманында аңыз ғұмыр кешкен ерлік көрсеткен еліне жеріне қорған болған батыр қолбасшы Орақты батыр туралы әр жылдары ірілі-уақ арнайы мақала жазған белгілі ғалымдар: Қ.Жалайыри, Ш.Уәлиханов. М.О.Әуезов, А.Ал-Машани, Ә.Қайдар, И.Қарақұлов, Б.Сүлейменов, Б.Адамбаева, А.Бұлдыбаев Т.Омарбеков, О.Мұқатова, Ж.Артықбаев, Н.Төреқұлов, М.Қазбеков фольклоршы Қаратай Биғожин тағы басқалары.
Орақты батыр жайлы тұңғыш рет ғалымдардың арасында кереметтей әдеби тәсілмен қалам тартқан адам академик Ишанбай Қарақұлов марқұм, асыл ағамыз 1972 жылы «Қазақ әдебиетінің» 16 санында жарияланған «Жаңа туған, кімнен туған» мақаласы. Біздер үшін ерекше ыстық әрі құнды. Ол мақалада баһадүр бабамыздың Сыр бойынан төмен қарай жалайырлардың көшіп-қонған ұрпақтары хақында дәйекті деректер берілген.
Жазушылар мен зерттеушілер: Б.Тоғысбай, У.Доспанбетов, Ш.Қалықұлы (2) Р.Толқынбекұлы, Ж.Балшенұлы, Ә.Боранбаева, С.Мұхаметшин (2), Н.Омарқұл (2), Д.Жақсылықов, Қ.Егізбаев (2), Ә.Әрін, С.Майлыбай, М.Алдабергенова, Н.Бектемірова тағы басқалар да қалам тартқан.
 Баһадүр бабамызға тамаша өлен жырларын, поэмаларын арнаған ақындар: Б.Жолбарысұлы, А.Керімқұлұлы, С.Аронұлы, Т.Рүстембеков, А.Жексембеков, Ә.Сарыбай, Ж.Жақыпбаев, Ж.Майтжанов, З.Елғондинова, Қ.Қошаханқызы тағы басқалар.

Екінші:Орақты батырдың өмірдерегі
... Төрт құбыламызды ертерек түгендеп, зерттей бастаған да тарихтың халықтану  және тұлғатану атты арнайы саласы осы күнге дейін бір жүйеге келер еді-ау. Басынан қасірет арылмаған қазақ халқы ғасырлар бойы аттың жалында, түйенің қомында жүріп, елдігі үшін айқасып, жері үшін шайқасып өз тарихын найзаның ұшымен, білектің күшімен, тұлпардың тұяғымен жаздырып қалдырған .
Өткен 15 ғасырда қазақтың сайын даласында тозған елінің көшін түзегендердің бірі – Жалайыр Орақты батыр. Ол 15 ғасырдың орта тұсында Алтын Орда хандығы ыдырап, оның құрамындағы ірі тайпалар Керей мен Жәнібек сұлтандардың басшылығымен Шу бойына қарай көшкен шақ .Бұл оқиға 1460-1465 жылдары болса керек. Осы кезде көш басында  алаштың ақ туын қолына көтеріп шыққан қолбасшы батырларымыздың бірі – Орақты.
Оның тегі – қазақтың аға тайпасы он үш ата тарақ таңбалы жалайыр  ұраны: Бақтияр Бөрібай, Қабылан.
Биыл туғанына 600 жыл толып отырған қас батыр Орақтының үрім-бұтағы дайындық үстінде. Ең алғашқы шара батырдың ұрпағы Серік Әбікенұлы ер жүрек батырдың суретін алғашқы рет түрлі түсті етіп жасатқан. Ұрпағына ұран болған батырдың ұл-қыздары тойын абыроймен атқаратынына сенімдіміз.
   Әкесі Алшағыр да батыр ел билеген би болған. Орақтының анасы Қарақыпшақ Қобыланды батырдың туған қарындасы- Қарлығаш дейді жазушы О.Исмаилов( Октябрь туы 1989ж 21 қаңтар).
Орақты батыр Алшағырұлы 1420 жылы Қазақстанның оңтүстік өңірінде өмірге келген.
Қазақ Совет Энциклопедиясында: «Орақты – Ұлы жүз, Жалайыр бабасының Шумағынан тараған ру. Шежіре деректері бойынша Орақты:Төке, Кенже, Әжіке, Көшей, Көкшекөз, Жайықбай деген аталарға бөлінеді.  Орақты ұрпақтары Октябрь Революциясынан бұрын қазіргі Талдықорған облысындағы Қаратал және Жамбыл облысының Мойынқұм, Шымкент облысының Алғабас ауданын мекендеген. «Ұраны –Бақтияр, таңбасы-тарақ».(ҚСЭ том 8 Алматы «Қазақ Энциклопедиясы» 1976 ж 527 бет).
  Ал Жетісу энциклопедиясы «Орақты (15ғ. өмір сүрген), қол бастаған батыр. Керей мен Жәнібек хандардың туыстасы. 1465 жылы шаңырақ көтерген Қазақ хандығының нығаюына үлес қосқан. Ойрат басқыншылары қарсы шайқастарда ерлік көрсеткен.Тегі Жалайыр руынан шыққан...
Ұрпақтар 1995 жылы Балқаш ауданындағы Жиделі ауылында батырға ақ мәрмәрдан ескерткіш орнатты. Батыр жерленген шоқы бұрыннан «Орақты төбе» деп аталады. Талдықорған қаласындағы бір көшеге батыр  есімі берілген. (Жетысу . Энциклопедия. Алматы «Арыс» баспасы 2014ж 485 бет).
Қазақ ұлттық Энциклопедиясы «том 7», Қазақ тарихы, Айбын, Абылай хан энциклопедияларында жоғарғыдағы екі энциклопедиядағы деректер жазылған екен.
Орақты руының шежіресі туралы, шежіреші Досымбек Жақсылықов былай дейді: «...Орақты шежіресінің бірнеше түрлері бар. Олардың бірінде қазірге дейін 25 ата, екіншісінде 19, үшіншісінде 14 ата болып келеді». (Жақсылыков Д. Жетысу жалайырлары. Шежіре. Талдықорған 2011. 5-23 бет).
Енді Орақты есіміне зер салайық, кейбір деректерде Орақты немесе Орақ, ал орыс, шетел тіліндегі әдебиеттерде Урак болып айтылған.
Журналист Серік Әбікенұлы Орақ (Орақты) аттас 4 адамның есімін атайды:..
Біз тарихтан білетін 4 батыр бар:
Бірі – 17 ғасырда өмір сүрген, «Орақ-Мамай» жырының кейіпкері, ноғай биі Мұсаның ұлы Орақ батыр.
Екіншісі, Қазалы маңында мұнарасы тұрған, 18-19 ғғ Хиуаға қарсы соғысқан, дұшпаны намаз үстінде басын алған Орақ батыр, мұнара батыр қаза тапқан жерге салынған.
 Үшіншісі, 1868 жылы Маңғыстаудағы Досан Тәжіұлының көтерілісіне қатысқан Орақ Байдалыұлы.
Төртіншісі, ұрпағы 12 ата жалайырдың бір тармағына айналған Орақты(Орақ) батыр Алшағырұлы... (Әбікенұлы С. Ердің сойы-Орақты Жетысу 2018ж 21сәуір).
 Бұған тағы қосарымыз Арғында Орақты шешен, арғынның қарауыл руында Орақты батыр болғандығы белгілі.
  Енді әкесі Алшағыр (Әлшагір) аттастарға көніл бөлейік:
Бірінші, Ноғайлы (Ноғай) Едіге би ұлы (1352-1481 жж) Алшағырдан – Нураддин. Нурадиннен - Мұсахан, Мұсаханнан - Орақ пен Мамай, Орақтан -Қарасай (Қазақ Совет Энциклопедия том 8 Алматы, ҚСЭ бас редакциясы 1976. 226-227 бет)
Екінші, Арғын Алшағыр шешен, ол айтқан екен: дүниеде 3 жетім бар деп: басшысы келіспесе ел жетім, ұқпасқа айтқан сөз жетім, жаңбырсыз жер жетім тағы басқа нақыл сөздері көп (Жетісу 2016 8 тамыз).
Алшағыр деген тау Ерементау ауданы Ақмола облысында бар (Ақмола Энциклопедия «Атамұра» Алматы 1995 204 бет). Алшағыр есімі басқа да қазақ ру-тайпаларында кездеседі.
Ал, Жетісуда белгілі, беделді қарымды журналист,ақын Нұрғали Омарқұлұлы «Орақты батырды ойға алсақ» деген мақаласында: Кейбір шежірешілер оны Алшағырдың әкесі Қарақожаға келіп Қарақожаұлы Орақты деп те атайды дейді (Жерұйық 1995ж 25 тамыз).
Енді Орақты батыр басқа да туған-туыстарына көңіл бөлейік: алғашқы батыр туралы поэма жазған халық ақыны Қалқадан бастайық. «Елім сені жырлаймын» атты жыр-дастанында (Алматы Жалын 1996 жыл батырдың қарындасы Оралбике (31,01 бет) інісі Мырзаш (51 бет) ал шешесінің атын атамайды (51 бет).
«Аға баласы» мақаласын жазған Майра Алдабергенова Орақты батырдың қарындасы Сұлушаш деп жазған. (Шыңғысхан 2019 номер 2 (31,221 бет). Бұл есімді қарындасымыз қайдан алған деген заңды сұрақ туындайды?
Баһадүр бабаны көп зерттеген әрі ұрпағы Ораз Исмайлов 2005 жылы М.О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының алған дастанында (6:3734 ИНВ. 986. Папка 4250) батырдың анасы Қамқа қарындасы Мақпал деп жазылған. (Исмайлов О. Мұрағат-мұрағатқа жеткізер Жетісу 2008 4 қазан).
Ораз ағамыздың «Орақты батыр» жинағында ержүрек батыр бабамыздың қарындасының атын Оралбике деп бес рет хаттаған (32,42,55,56 бет).
Неге біз шындығында халқының қорғаны бола білген білекті де жүректі бабамыздың баршамыз секілді кеудесінде жаны бар, бойында қаны бар адамның бір қарындасы бар деп түйіндеуіміз керек. Оралбике, Мақпал атты екі қарындасының барын неге мойындамасқа?
Сөз орайы келіп тұрған соң, айта кетейін, батырдың анасының аты Қамқа, қазіргі Үштөбе қаласы Түркісіб салынбай тұрғанда Қамқа аталғанын көне көз шежіреші қарияларымыз әлі ұмытпаған шығар. Ал, Мақпалға келсек, ол да Көксу ауданының  жер атауы.
  Енді батыр бабамыздың қарындасы туралы сөз қозғайық. Өлкетанушы Тұрсынхан Әлдибекұлы Райымбек батырдың (1705-1785 жж) әкесі Түке Хангелдіұлы (1663-1760жж)  туралы екі көлемді мақаласында былай деген екен:... «Түкенің сүйген жары Қарашаш сұлу өз заманында Ұлы жүз үйсін елінің жауынгерлік ұраны болған Жалайыр Орақты батырдың қызы. Осы кезге дейін жалайыр елін Ұлы жүздің «ноқтағасы деп құрметтейді» –дейді Жетісу (Ардагер) 2018 жыл 6 тамыз., Ана тілі 2012 жыл 14 маусым.
Төке батыр Албан-әлжан ішінде Сырымбеттен тарайды. Қарашаш анамыздан Райымбек пен Толмаш атты екі жалайыр еліне жиен ұл туады. Ал Қарашаштың 15 ғасырда өмір сүрген Орақты батырдың қызы екендігі мүмкін, бірақ Райымбек батырдың анасы 18 ғасырда өмір сүрген. Орақты батырдың ұрпақтарының бірінің қызы екендігі айғақ.
Жоғарыда келтіргенбіз Қарашаш қасиетті анамыз Қара Қыпшақ Қобыландының қарындасы батыр бабамыздың анасы екендігін жазғанбыз.
Қазақта ұлының, қызының әке-шешесімен аттас бола беруі мүмкін екендігін дәлелдеп жату артық болар.
Сөз кезегін енді баһадүр бабамыздың алғашқы махаббаты жөнінде болмақ. Енді сөзді журналист Серік Әбікенұлының жазбаларына көңіл бөлейік.
Бірінші, Батыр Әбілқайыр ханның (1412-1461 жж) Айторыға (сызған Қ.Н.) ғашық болады. Бірақ ағасы қаныпезер оған қарсы болып «Кесірің қырық есекке жүк болатын қор екенсің» деп басын шауып алады. Тағы басқа жағдайда әдемілеп жазған журналист «Орақтытөбе» мақаласында (Парасат 2007 номер 7, 21 бет).
Екінші, Әбілқайыр ханға барып Орақтының Аққозының   (сызған Қ.Н.) құрсағында кеткен баласын талап етеді – дейді. (Жетісу 2018 21 сәуір).
Үшінші, Ақтоқты (сызған Қ.Н.) Әбілхайыр ханның жалғыз қарындасы, ағасы жендеттеріне басын алдыртыпты дейді. (Әбікенұлы С. Құлжа сақа («Айқас» повесть) Алматы Асаба баспасы 96 бет).
Бұл автордың үш зерттеу көркем мақаласында Әбілхайыр ханның үш түрлі аты бар қарындастары: Айторы, Аққозы, Ақтоқты болып хатталған. Тағы бір қызығы Әбылхайыр ханның үш қарындастарының аттары «А» әріпінен басталғандығы.  Енді қаламгер ініміз бұны бір жүйеге дәлелдеп түсіретініне сенімдіміз.
Ер баба жайлы жоғарыда келтірген автормен өзге кейбір қарымды қаламгерлердің мақала мен өлең-жырлары тарихқұмар қауымды неше мәрте қуантып, ой салғанын деректер жинап жазғандығын айтуымыз керек. Солардың ішінде Орақтану жүйесіне көп еңбек сіңіргендер Ораз марқұм ағамыз және жас тұлпар, қаламы жүрдек, ойы зергек жаңа көзқараспен оқырмандарын ойландыратын журналист Серік Әбікенұлы ініміз. Екеуі де қаһарман батырдың жанашыр ұрпақтары екендігін ашық айтуымыз керек.
Енді барлық мақалаларда айтылып жүрген хас батырдың ұлы Мырза туралы сөз қозғайық кей «пысықтар, шежірешілер» бұл қаһарман батырдың ұлын 13 ата Жалайырдың бір бұтағы Мырза руына жатқызып жүр. Бұл қате пікір. Мырза деген есім қазақтың үш жүзінің қазіргі 46 ру-тайпасының барлығында кездесетінін ескертеміз.
Ал Шапырашты  Қазбек бек Тауасарұлы  өзінің «Түп-тұқияннан өзіме шейін» деген 1776 жылы жазылған кітабында (Алматы Жалын 1993 жыл) «... Жан баласы Мекіре-Жалайыр... Жалайырдан – Манақ, одан Орақты, Жазықты, Тарақты үш ұл болған... Орақтыдан 9 бала, Жазықтыдан 3 бала, міне осыдан келіп 12 ата Жалайыр шығады...» дейді. (сонда 67 бет).
Бұл кітапта Жалайыр шежіресіне байланысты бірнеше қателіктер кеткен:
Бірінші, Жалайырдың бабасы Жан (Жандаралы немесе Жансақал) одан Абақ (абақ тамғалы), Тарақ (тарақ тамғалы) өрбиді (сонда 67  бет).
Сонда қалай Манақтан Тарақты туа ма? Бұл қате пікір.
Екінші, барлық баспадан шыққан ғылыми-тарихи тағылымды Жалайыр шежірелерінде 1825,1875,1905,1911,1925 тағы басқа 13 ата Жалайыр екендігі хатталған. Бұған қоса айтарымыз 1957-59 жылдары Қазақ КСР Ғылым Академиясының Экспедициясының жазбаларында (Гвардия, Киров, Талдықорған ауданы  ғалым Халел Арғынбаев басқарған және М.С.Мұқанов пен В.В.Востровтың шежірелерінде «Қазақ Совет Энциклопедиясында» және «Қазақ Ұлттық Энциклопедиясында» 13 ата Жалайыр екендігі анық. Бірақ кейбір ру аттары қате жазылғандығын туралы еске салайық. Сонымен, 13 ата Жалайыр:1 Ақбұйым,  2 Андас, 3 Арықтыным, 4 Бәйшегір, 5 Балғалы, 6 Қайшылы, 7 Кәлпе, 8 Қарашапан,  9 Күшік, 10 Мырза, 11 Орақты, 12 Сиыршы, 13 Сұпатай екендігін ұмытпаған жөн болар.
Кейбір «білгіштер» Қайшылыны қоспайды, қосса Бәйшегір мен Арықтынымды бірге атайды. Сонымен олар 12 ата Жалайыр болып шығарады.
Ал «шежіреші» - журналист Амангелді Оспанов қарақалпақтарды жалайырдың 14-ші атасы деп дәріптеп жүр, бұл шындыққа жанаспайтын өрескел қате пікір екендігін айтпақпыз.
 Бұл туралы менің 2015 жылы шыққан көптомдық «ЖАЛАЙЫР ТАРИХЫНАН» атты 288 беттен тұратын үшінші кітабым «Жалайыр қазақтың аға тайпасынан» танысуларыңызға болады.
Үшінші, Мырза  Орақты батырдың 9 баласының бірі екендігі даусыз. Бұған бір мысал, Ұлы Жүз Дулаттың ботпайында үлкен Сиыршы руы бар. Осы Дулатта Ескелді руы тағы бары шежіреде хатталған. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады.

Үшінші. Орақты батырдың есімі жайында
Қазақтың кез келген есімде халықтың тарихы, салт-дәстүрі, материалдық және рухани мәдениеті көрініс табады. Халық арасында адам есімі оны тағдырын аңғартады деген ұғым бар. Қазақ есімдерін зерттеген Асқар Сүлейменов қазақта 70 мыңнан астам есім бар дейді (Сүлейменов А. «Қазақ есімдер» Энциклопедиялық анықтамалық 2-ші басылым Алматы Атамұра 2013 800 бет). Солардың бірі Орақты қаһарман бабамыздың есімі туралы қазақтың ғұлама ғалымы, ұлағатты ұстазы, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ ҚСР-ыҒылым Академиясының корреспондент мүшесі Ақажан әл-Машани (1906-1997 жж) «Таңбалыларды салыстыру» атты мақаласында Орақ сөзінің мағынасы туралы сөз қозғапты: «... Орақтан бастайық Ор-ра деген ертедегі халықтар түсінігіндегі биік шың тау басы (сызған Қ.Н.)деген мағынада Ор-ақ аспан шырақ, әлем сәулесі жұлдаз мағынасында (сызған Қ.Н.) сонда Ай-Орақ сол шырақтардың басқы туы деген сөз болып шығады.
Ай-Орақ Үркерге (Өгізге) кездескенде – тоғысқанда жыл басы Наурыз делік...) дейді ғалым. (Әл – Машани А.Өгіз ханның қолтаңбасы. Көптомдық шығармалар жинағы 15 том Алматы Болашақ баспасы 2011 47 бет).
Орақ сөзі биік шың мағынасын береді және мұсылманның Ұлыс мейрамы Наурыз басталуы себебі де Орақты бабамыздың атымен байланысты екендігін тағы да дәлелдеп жату артық болар. Бұған тағы қосарымыз Ақжан абыз-ғалым атамыз 13 ата Жалайырға күйеу болып келеді.
14 ғасырда өмір сүрген Жалайырдан шыққан тағы бір Орақты батыр ноянға зер салайық. Хулагу Кіші Азияны жаулап алуға барғанда оның әскерінің қолбасшысы Жалайыр Елхан Джуджи (Жошы) Термалахұлы өз руларын басқарып барған ержүрек батырлардың бірі еді. Сол Елхан қолбасшының өзімен бірге әскер қатарында болған 9 ұлының бірі Орақты ноян. Бұлар Иран, Ирак, Әзірбайжан жерінде 1335/6-1432-/3 жылдары 97 жыл билік құрған Жалайыр хандығының (мемлекетінің) негізін қалаушылардың бір ғана бұтағы (Баяни Ш. Ирандағы билік құрған қазақтар оның ішінде Жалайыр ұлысының тарихы Астана 2011 жыл.
Орақ бабамыздың әлем сөздігінде хатталған Орақты, Орақ, Урак көптеп кездеседі.
Қазақ сөздігі. Қазақ тілінің біртомдық үлкен түсіндірме сөздігі (Алматы Дәуір баспасы 2013 жыл «Орақ» сөзінің 12 түріне түсініктеме бар екен. Көбісі егін шаруашылығына араналған тек Ораққа береке (тілек,Орақ мұрын, (тұмсық), Орақ пышақ үшеуі ғана басқа мағына береді. (Сонда1005 бет).
Орақ балға 74 жыл (1917-1991 жж) кеңестік дәуірдегі жұмысшы және  шаруаның символы болғандығын тағы ұмытпайық.
Қазақ елінің Орақты бабамыздың есімімен аталатын жер-су аттарын жіктемей, тек өзі жатқан жердің аты Балқаш ауданындағы Орақтөбе, Орақ- Балға колхозы, Орақ ауылы Орақ ауылдық округі екендігін айтпақпыз.
Орақты бабамыздың есімі шетел тарихында да кездеседі екен. Осы жолдың авторы Жалайыр тарихына байланысты жүздеген әдебиеттерді парақтап, соның ішінде А.Станишевтің «Афганистан» деген кітабында (Москва Воениздат 1940 жыл) Ауған жеріндегі Орақты руын жазыпты. Ал Рейстер М.Г. «Афганистан экономико-географическое характеристика (Москва Восниздат географической литературы 1946 жыл 33 стр.) Ауғанның Қарани тайпа одағында Ахмедзаи, Орақзаи (сызған Қ.Н.)рулары бар екендігін жазған. Бұлар тау аймағы ГАЗНИЙ Платасы мен Сүлеймен тауында тұрады екен.
Орақты аттас рулар Ноғайлы, Қырым татарлары мен башқұрттарда да бар. Іздесек тағы басқа түркі тайпаларында да табылады. Орақ аттас жер-су аттары барлығын 87 томдық әлемге әйгілі Ұлы Октябрь Социалистік Революциясына дейін шыққан Брокгаузъ Ф.А. Ефрон И.А. Энциклопедиялық словарьінде де кездестірдік.
Уракова гора – Саратовской гуверний ... Ураковский перекать – ... Деревня Ураковой Чебаксарского уезада ...Урак река Приморской области... (Брокгаузъ Ф.А. Ефрон И.А. Энциклопедический словарь том XXXIVаС-Петербург 1902  859 стр).
Мұндай мысалдарды Қазақстанда шығатын энциклопедиялар мен анықтамаларда іздесе кездестіруге болады.
Ұрпағына ұран болған Орақты есіміне байланысты бір кесенеге ұрпақтары  көңіл бөлмей келеді. Бұл Оқшы ата пантионы дейміз бе әлде кесенесі  немесе мазары дейміз бе?
 Қазақстан Ұлттық Энциклопедиясында (том3 Алматы 2001 жыл) былай деп жазылған: «... Аңыз бойынша қазіргі Қызылорда облысындағы Шиелі ауданына таяу жерде Оқшы ата (Мерген ата) қорымы Жалайырға кіретін Орақтының арғы Орақ батырдың лақап аты екен. Кейнгі ұрпақтары оны әулие санап, атын тура атамаған көрінеді...» (Сонда 486 бет).
Дерек бойынша мұнда Асан ата,....  Қыш ата, Ғайып ата, 19 ғасырдың тұлғалары -  Бала би, Досбол сүйектері жатыр.(Егемен Қазақстан 2018 жыл 28 ақпан). Енді Жалайыр тарихының тамыршысы Ораз Исмайлов ағамыздың бір жазбаларына көңіл бөлейік:
1977 ж. фольклоршы Қаратай Биғожин Қазақ ССР Ғылым Академиясының Ш.Ш.Уалиханов атындағы тарих, археология және этнография институтының Қазақ ССР тарихы бөлімінің меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор, марқұм Бекежан Сүлейменовтың қолындағы Сегізсері Баһрамұлы Шақшақовтың (1818-1854) жазып қалдырған жазбаларынан мынадай мәліметтерді алып келді: Жетісу жері тұрғылықты халқының қол бастаған баһадүрі, асқан мерген, ақиық ардагері Орақтың лақап аты – Оқшы. Бұл есім оған атқан оғы зая кетпейтін көздегіштігі мен атқыштығы үшін берілсе керек» –дейді белгілі жазушы (Исмайлов О. Айдынды Орақ ойлы Орақ. Октябрь туы 1989 жылы 21 қаңтар). Ал түркітанушы ғалым Әуелбек Қоңыартбаев Оқшы бабамызды ХІ ғасырда өмір сүрген, 1043 жылы қайтыс болған деген пікір білдіреді (Қазақ елі 1997 жыл 5 қыркүйек). Бұдан басқа да кереғар пікірлер бар. Сондықтан биыл ұлы бабамыздың туғанына 600 жыл толғанына байланысты Оқшы ата мазарына мәрмәрден «Оқшы ата - Жалайыр Орақты» деп сызықшамен жазылған тақша қойылса, ас беріліп, абаттандырылса қаһарман батыр бабамыздың әруғаы риза болар еді...
Орақты батыр туралы дала ауызша тарихнамасында (ДАТ) аңыз-әңгімеле өте көп, аңыздың түбі – ақиқат деген ұлы қазақ үшін халықтың аңыздарынан артық ақиқат жоқ екендігін ұмытпайық, ағайын!
Газеттің көлеміне байланысты мақаламды қысқартуға жөн келіп тұр. кейінірек бұл тақырыпқа қайта оралармыз.
Ел аман, жұрт тыныш болса бабаның әруғы қолдап ұрпақтарға  өсіп-өніп, еш уақытта ұмытпайтындығы ақиқат.
Қазақтың әрбір баһадүр батыры халқына, Отанына ортақ оларды бірігіп бөле-жармай бағалайық, ұмытпайық, ұлықтайық, ру-тайпаға бөлінбей, ағайын! Батырдың әруағын сыйлаған елдің руха азбайды, дәстүрлері де тозбайды деген халық сөзі осындайдан қалған болар шамасы, ағайын!
Замандар өтер, ұрпақтар алмасар, бірақ қазақтың аға тайпасы, Ұлы жүздің «ноқтағысы» 13 ата тарақ таңбалы Жалайырдың «ноқтағысы» атанған қасиетті Орақты батырдың есімі мәңгі қазақ халқының  бірге өмір сүре бермек

Құлтай НҰРҚАЛБАЙҰЛЫ,
тарихшы-өлкетанушы.

 

{BLOCK:banners}
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2022. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.