РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ

Ұлы Абайдың ұрпағымыз!

Санат: РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ
Уақыты: 05.06.2020
Оқылды: 85 Печать страницы
 Ұлы Абайдың ұрпағымыз!

Биыл ғұлама Абайдың өмірге келгеніне 175 жыл толды. Ел іші-сыртында әлем таныған Абайды еске алудың ірілі-ұсақты игі шаралары өтіп жатыр. Қалай деген күнде де осы ауқымды шаралар аясында, ұлы Абайдың нақты болмысын,ұлы ұстанымын ғылыми тұрғыда сараптап алатын «Алтын дәуірдің» жеткені анық. Ұлы Абайдың мұраларын түгендеуде, ғұламаның отбасын, ұрпақтарын, әулетін, төңірегіндегі ықпалды болған тарихи тұлғаларды жан-жақты зерттеудің маңызы зор.
Абай өз заманындағы жас ұрпаққа, көкірегі сезімді, көңіл көзі қарақты, ойлы(зиялы) адамдарға үміт артып, оларды өзінің озат мақсат-мұраттарына тартуға ұмтылды. Жастардың өнімді еңбек етіп, ғылым мен білімге талпынуы, алға қойған мақсатқа жетуге табандылық көрсетуі, міне осындай асыл қаситтерді уағыздау Абайдың бүкіл шығармаларының негізгі жүйесінің бірі болды. Себебі, көкірегі ашық,танымы терең адамның қабылдауы да жан-жақты, әр нәрсеге көңіл бөлгіш, байқағыш, ой түйгіш болатыны анық. Яғни Абай өз халқының бойындағы жаман мінез-құлықты, еңбексіздікті, ғылымнан мақұрымдықты сынады. Ол халқын еңбек етуге, ғылымды меңгеруге, адамгершілікті болуға үндеді.
Президент өз мақаласында «оның ғибратты ғұмыры мен шынайы шығармашылығы қазақ халқына ғана емес, жаһан жұртына да үлгі өнеге» дейді. Абай дәуірінде таным-пайым деңгейі әлемдік айналымда болғанда қазақтың ұлы перзентін «Адамзаттың Абайы» дер едім. Ұлы ақынның еңбектерін оқи отырып, елін сүюге, адамгершілік, адалдық, ізгілікке, ғылым-білімді меңгерген көкірегі ояу азамат болуға баулу деп сенемін. Осы орайда Абай мұрасының тигізер пайдасы зор деп есептеймін. Ұлы ақынның шығармалары бүгінде өзектілігін жоғалтқан жоқ. Абайдың ой-тұжырымдары баршамызға қашан да рухани азық бола алады. Өйткені, шығармаларына зер салсам, оның үнемі елдің алға жылжуына, өсіп-өркендеуіне шын ниетімен тілекші болғанын байқаймын. Ал ілгерілеудің негізі білім мен ғылымда екенін анық білеміз. Абай қазақтың дамылсыз оқып-үйренгенін бар жан-тәнімен қалады.
«Ғылым таппай мақтанба» деп, білімді игермейінше, биіктердің бағына қоймайтынын айтты. Ұлы Абайдың «Пайда ойлама, ар ойла, Талап қыл артық білуге» деген өнегелі өсиетін де осы тұрғыдан ұғынуымыз керек.
Абай: «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, cонда толық боласың елден бөлек» -деп, адамға нұрлы ақыл мен ыстық қайраттан бөлек, жылы жүрек керек екенін айтады.Осы үш ұғымды үнемі бірлікте қарастырады. Бірақ алдыңғы екеуі жүрекке бағынуы керек деп есептейді. Бұл қазақ халқының өмірлік пәлсапасы. Ақын көзқарасымен қарайтын болсақ, адамға жетпей тұрған нәрсе білімнің нәрін барынша тауысып сарқып ішу, ғылымға ұмтылысты күшейту керек. Өйткені, XXI ғасырда уақыт пен заманның талабы біліктілікті талап етеді. Абайдың айтып кеткеніндей, ғылымға талапты күшейткеніміз жөн-ақ.
Адам болам десеңіз,
Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рахым ойлап қой.
Бес асыл іс көнсеңіз- деген жолдарына ерекше мән бергенін түсінуге болады. Ғылымның қажеттілігі заманның талабынан туындап отыр. Себебі, Абайдың даналығы өзінің ата-анасы мен әжесінен, шығыс, батыс ойшылдарынан қалыптасты. Артында қалдырған мұрасында өз ұлтымыздың жаны, тіршілігі, дүниетанымы, діні барлығы да сонда жатыр. Абайша көзқарас, Абайша ойлау деңгейіне білім, ғылым арқылы жетер едік дегенді алға тартады.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, Абай мұрасы- біздің ұлт болып бірігуімізге, ел болып дамуымызға жол ашатын қастерлі құндылық.

Шолпан АБДИЛЬДИНОВА,
аудандық қазынашылық басқарма басшысының орынбасары

 

{BLOCK:banners}
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2022. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.