РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ

Тәуелсіздік жолында

Санат: РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ
Уақыты: 23.04.2021
Оқылды: 1699 Печать страницы
Тәуелсіздік жолында

Ашайық та тарихтың мол беттерін,
Аңғарайық неге қолдың жеткенін.
Артқа тастап замандарды сан қилы,
Қазақ қандай болашаққа беттедің?

Үңілейік ой жүгіртіп өткенге,
Егемендік елге келіп жеткенде.
Мойныңдағы бұғауыңды сыпырып,
Алтын күннің көктен нұрын төккенде.

Не көрмеді қазақ болғалы,
Халқымызды баладай ғып қолдағы,
Жатжұрттықтар талай шауып елімді,
Жүздеген жыл жерімізді шарлады.

Не көрмеді қазақ болғалы,
Не қиынды тағдыр басқа салмады.
Шұна-Доба, Ғалден-Церен хонтайшы,
Елді шауып қайта-қайта тонады.

Ақ табанды-шұбырынды жылдары,
Атамекен жұрттан безіп сорлады.
Сонда қазақ бес қаруын асынып,
Қасиетті жерін жаудан қорғады.

Үш жүз биі Төле, Әйтеке, Қазыбек,
Жиын құрды Ордабасы қасында.
Әбілқайыр бас сардар боп сайланып,
Басын қосты бар қазақтың осында.

Ер Бөгенбай қалың қолды бастады,
Қабанбайдай батыр оны қостады.
Саурық, Тайлақ, Райымбектей ерлерім,
Хонтайшыны жүндей түтіп тастады.

Хан Абылай біріктіріп қазақты,
Ысырыпты басқа түскен азапты.
Ел басқарып әділетпен, ақылмен,
Қазақ алды еркіндік пен азатты.

Жылдар жылжып өтіп жатты сырғанап,
Теріскейден кірген патша жырмалап,
Байлығына кең даламның сұғынып,
Көзін тігіп, тамсанумен тұр қарап.

Қазақтардың хан билігін таратып,
Байтақ жерін қол астына қаратып.
Сойған қойдың жілігіндей бөлшектеп,
Болыстарға бөліп берді талатып.

Сөйтіп қазақ Ресейге қосылды,
Ал орыстар жерімізге жосылды.
Байлығына даламыздың ие боп,
Ағылшындар өз үйіндей  көсілді.

Ақ патшамыз билік құрып елімде,
Қайта құрды қазағымның тегін де.
Жерді сатып, елді қанап салық сап,
Тайтаңдады тыныш жатқан жерімде.

Сырым батыр азаттықа бастады,
Қосылды оған қазақ кәрі-жастары.
Патша әскері көтерілген халықты,
Он төрт жылда әрең басып ьастады.

Бірі батыр, бірі ақын өскен тел,
Исатай мен Махамбеттей қайран ер.
Халқы үшін күрестерде бел шешпей,
Азаттыққа ұмтылыпты төгіп тер...

...Болғанда Ресейдің бодауында,
Түстік қой жат елдердің тонауына.
АҚШ-тың, ағылшын мен Франция,
Айналдық жыртығының жамауына.

Ұлтымыздың тарихы атын жойды,
«Қазақ» атын өзгертіп «киргиз» қойды.
Қудалап тілің менен дініңді де,
Тұмшалап ашқызбады озық ойды.

Жерімнің мол байлығын тасып алған,
Шұрайлы жерімізді басып алған.
Спасс пен Екібастұз, Қарағанды,
Успеннің кеніштерін ашып алған.

Жат жұрттар осылайша сайраңдады,
Ақ патша жерге ие боп тайраңдады.
Ақмола, Торғай, Орал, Семейімде,
«Столыпин» реформасы ойраңдады

Тағы да жылдар жылжып өтіп жатты,
Ақ патша қазағымның жерін сатты.
Елімнің бар асылын тасып шетке,
Байлыққа жат жұрттықтар белден батты.

Салықтан көз аштырмай азаптады,
Қалмады дастарханда тамақ тағы.
16-шы жылында бұйрықпенен,
Әскерге алды 400 мың қазақтарды.

Шыдамай отаршылдық қорлығына,
Патшаның басқа салған зорлығына.
Амангелді батырдың сарбаздары,
Ұмтылды азаттыққа торды бұза...

17-ші жылында Кеңес келді,
Кедейге үлестеріп жерді берді.
Байлар мен орта шаруа сол жылдары,
Үдере көшті тастап туған елді.

Жиырмасыншы жылдары жайлады жұт,
Ауру менен аштықтан қырылды жұрт.
Құлдырап шаруашылық кері кетіп,
Тоздырып жүйкемізді жегендей құрт...

...Содан кейін колхоздасу басталды,
Байдың мүлкі кәмкескелеп тасталды.
Ортаға сап малың менен мүлкіңді,
Қазағымды жерге матап тастады.

Ашаршылық қайта соғып қазақты,
Халық тартты қасірет пен азапты.
Айтса бүгін сірә жастар сенбессің,
2 миллион аштан өлген қазақты.

Заман келді шаш ал десе бас алған,
Жазықсыздар қанға батып шашалған.
Мағжан,Тұрар, Сәкен, Ілияс, Бейімбет,
Шәкәрімдер «халық жауы» атанған.

Талай қазақ қудаланып елінен,
Атамекен кіндік кескен жерінен,
Шекара асып шет елдерге жөңкіді,
Бала ажырап анасынан, әйелдері ерінен.


Содан соң соғыс болды уын шашқан,
Айналып түскендей бір бейне аспан.
Сан боздақ қан майданда опат болып,
Қалмады үштің бірі сұм соғыстан.

Сан қазақ отты кешіп мұз жастанды,
Білмеді жаудан қорқып еш сасқанды.
Кеудесін оққа тосты Жеңіс үшін,
Оның бәрі өзінше бір дастан-ды.

Соғыс бітіп,Жеңіс Күнін қарсы алдық,
Совхоз құрып, заводтар мен үй салдық.
«Тың көтерем, асыраймын бәріңді,
Келіңдер!»- деп СССР-ға жар салдық.

Содан тағы орыстану басталды,
Қазақ тілі ысырылып тасталды.
Тілің менен дініңді де қудалап,
Орысшаға үйреттік бар жастарды.

Тілді ұмытып мәңгүрт бола жаздадың,
Дінді ұмытсаң болар еді азғаның.
Өз жерінде азшылық ұлт атанып.
Естідік қой талай елдің мазағын.

Ақ көңілсің, аңқаусың-ау ежелден,
Басқа жандар байлығыңа кенелген.
Алдап-арбап қалталарын қампитып,
Тойғаннан соң елдеріне жөнелген.

Мол байлығын жатқан тағып жеріме,
Ешкім сірә көз тікпеген тегінге,
Иен далама полигондар салынып,
Ракеталар айғыздады көгімде.

Ажал отын сеуіп туған жеріме,
Сынақ жасап Абай атам елінде.
Сарыөзекте ракеталар жарылып,
Тартылыпты Арал, Балқаш көлімде.

Горбачевтың билік құрған тұсында,
Желтоқсанның аяз буған қысында.
Таппағандай қазақтан бір зиялы,
Колбинді әкеп көлбеңдетті тосында.


Тартқан талай тауқыметін азаптың,
Басын қосып кілең жасы қазақтың,
Алматыда шықты алаңға жұмылып,
Шыдай алмай қорлығына мазақтың.

Бас көтерген қазағымның жастары,
Желтоқсанда азаттыққа бастады.
«Ұлтшыл» - деген айдар тағып оларға,
Жазықсыздар казематқа тасталды.

Желтоқсанның желінен шабыт алып,
Азаттыққа ұмтылды бүкіл халық.
Егеменді ел болып тоқсан бірде,
Таң сәулелі арайлап берді жарық.

Жыл жылжып содан бері айлар қашып,
Уақыт сырғып барады бізден қашық.
Бүгінде тәуелсіздік құрдастары,
Орда бұзар 30-ға барады асып.

Жазылған тарихтың сан беттеріне,
Халқымның көз жібердік өткеніне.
Қамытын жұлып тастап қазақ енді,
Беттеді мәңгілік ел көктеміне.

Каспий мен Алтай, Тянь-Шань арасында,
Сарыарқа, Тұран, Бетпақ даласында.
Қазақтар мекен еткен әл-мисақтан,
Ешкімнің болмас оған таласы да.

Қазағым кең даладай пейілі кең,
Самарқан тасы еріген пейілінен.
Қарсы алып, қол қусырып қойын сойып,
Алдында қонағының басын иген.

Жеріне жарты жарты Еуропа сыйып тұрған,
Елі бар жүз отыз ұлт ұйып тұрған.
Жері бай жұрты жомарт атағы асқан,
Шуағын бейбіт өмір құйып тұрған.

Тарихты 30 жылдық артқа тастап,
Халқыменен 30 жыл бірге жасап.
Танытып қазақ елін жер жүзіне,
Келеді Ел басымыз елді бастап.


Нарықты бағындырып құрықтадық,
Түлетіп тілімізді ұлықтадық.
Жаңғыртып ата-дәстүр салтымызды,
Жүрекке дін Исламды құйды халық.

Танымаған қазақты бар ел танып,
Қиналмай қиындықты өттік жарып.
Көтеріп көк байрақты көгімізге,
Отыз ел қатарына барып қалдық.

Су жаңа Парламентті сайлап халық,
Жеңістің 70 жылын тойлап алдық.
Ел жаңа елу жылда дейді екен,
Елуден 30 жылың болды артық.

Жері бай, елі жомарт, атағы асқан,
Жүз сан ұлт татулықпен тіл табысқан.
Айналып Азияның барысына,
Өркендеп, өрістей бер Қазақстан.

Амангелді Ыбыраев,
ҚР Журналистер Одағының мүшесі
Зейнеткер ұстаз
Еңбекшіқазақ ауылы

 

{BLOCK:banners}
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2021. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.