РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ

«Қазақтың 100 әні» жобасы- оқушыларды отансүйгіштікке тәрбиелеудің тиімді құралы

Санат: РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ
Уақыты: 25.10.2021
Оқылды: 790 Печать страницы

ЕлбасымызН.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында «Жаңғыру атаулы бұрынғыдай, тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру -елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды.» деп атап көрсетуі- балалар мен жасөспірімдерді  отансүйгіштікке тәрбиелеудің  өзектілігін айқындайды.
Біздің еліміздің  азаматтық қоғам мен құқықтық мемлекет болып қалыптасуы- азаматтардың білім деңгейі мен патриоттық сезіміне байланысты. Қазіргі кезде  азаматтар жеке тұлға ретінде өздерінің қабілеттерін шыңдап, белгілі бір жетістіктерге жете білумен қатар, өз тағдырымен қоса, басқа адамдар алдында, қоғам алдындағы жауапкершілігі артты. Осындай жағдайда патриотизм- әлеуметтік, рухани-адамгершілік, идеологиялық, мәдени, тарихи, әскери-патриоттық және т.б. аспектілерді қалыптастыратын маңызды құндылық болып табылады. Патриоттық тәрбие жұмысына жаңа серпін беру мақсатында енгізілген «Қазақтың 100 әні» жобасы оқушыларды ұлттық ән өнері негізінде халықтық педагогика құндылықтарымен сусындатып, рухани тұрғыдан саналы азамат тәрбиелеуге мүмкіндік береді.
Азаматтық-патриоттық тәрбиені тек білім беру арқылы іске асыру мүмкін емес. Заман талабы тәрбие жұмысын ұйымдастыруда  жаңашылдықты қажет етеді.   Азаматтық-патриоттық тәрбиелеуде тәжірибелік компонент қажеттілігі туындап отыр. Оқушыларды әлеуметтік іс-әрекеттерге араластырып, өз бетінше жасалған жұмысының нәтижесін саналы байыптауға бағыттай білетін орта қалыптастырып, білім ордасында соған лайықты жағдай жасалған жағдайда ғана, осы бағыттағы жұмыс нәтижелі болмақ. 
Заманауи қоғамдағы азаматтық-патриоттық тәрбие- табысқа жету жолындағы жеке бас қабілеттерін дамыта алатын, өзінің саяси және рухани, құқықтық таңдауын саралап, демократиялық қоғамда бастамашыл еңбекке араласып, әлеуметтік құнды істерді басқара алатын өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі өзекті қажеттілік. Азаматтық-патриоттық тәрбие  өз Отанын шексіз сүйіп, оның дамуына жан аямай үлес қосатын азамат тәрбиелеуге ықпал етеді.  
Қадырғали Қосымұлы Жалайыри атындағы орта мектеп-гимназиясы 2017-2018 оқу жылынан бері «Қазақтың 100 әні» жобасымен жұмыс жүргізуде.
Жобаның мақсаты– оқушыларды ұлттық құндылықтар мен қазақтың дәстүрлі ән өнерімен таныстыру, халық әндері мен қазақ сазгерлерінің  әндерін насихаттау,ұлттық ән, музыка, салт- дәстүрлер негізінде қазақстандық отаншылдықты қалыптастыру.
Жобаны іске асыру үшін, жалпымектептік іс-шараларда   оқушылардың әндерді бірлесіп орындау мүмкіншілігі қамтамасыз етіліп, ол әндердің мазмұнын түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Қазақ әндеріндегі философиялық ой тереңдігі үнемі дидактикалық мәселелермен қапсырыла қапталдасқан. Қазақ әндерінің қай жанрын алсақ та, өнегелі өсиет арқылы, ізгілікті мейірбандыққа, татулық пен бірлікке, адамгершілікке шақырып, байсалды мінез-құлықты, ақылдылықты насихаттап отырады. Сонымен бірге, қазақ халқының тарихын, өмір сүру тіршілігінің сан қилылығын, қоғамдық қөзқарастарын, ақыл-ойының жиынтығын танытады. Қазақ әндерінің дидактикалық, танымдық қасиеті негізгі ерекшеліктерін тағы бір қырынан көрсетеді. 
Қазақтың халық әңдері жоғары тәрбиелік мүмкіндіктерімен, азаматтық идеяларының өркениеттілігімен,  көзғарасты әсерлі бейнелеуімен, көркемдік айырмашылығымен оқушылар назарын өзіне аударады. 
Қазақ әңдерінің музыкалық-поэтикалық құрылымының күрделілігі, жас буынның ой-сезімі мен танымдылығына әсер етуші күштерінің сан қилы болып келуі, оның өнер түрінің өзіндік ерекшеліктеріне байланысты болып келеді.
«Қазақтың 100 әні» жобасы аясындағы жұмыс түрлері оқушының рухани жан дүниесін байытып, идеялық-эстетикалық талғамды дамытуға және өмірді саналы да, терең түсіне білуге баулиды. 
Біріншіден, оқушылар  әнді жаттап, музыканы тек қабылдап қана қоймайды, оның өмірмен байланысы жайлы түбегейлі мәліметтер алады. 
Екінші жағынан,  басқа да халықтың ән-күйін түсінуге талпыныс пайда болады. 
Енді бір көңіл аударарлық мәселе-әндерді орындауды  тәжірибе жүзінде ұйымдастыру көзделген.     (аспаппен ән айту, би билеу, сұйемелдеу, т.б.)     «Қазақтың 100 әні» жобасы аясында  белгілі бір кезеңді ғана қамтитын шығармалар ғана емес, ХІХ ғасырдан бастап, бүгінгі күнге дейінгі барлық белгілі әндер қамтылады.
 Оқу жылы барысында өтетін іс-шараларда жатталған әндер орындалып, мазмұнына сай сахналық қойылым ұйымдастырылып, әннің шығу тарихы туралы презентациялар дайындалды.
«Қазақтың 100 әні» жобасының ұтымды жақтары:
 1.Оқушылар қазақтың ән өнері туралы түсінік алады.
2.Әндердің авторы мен шығу тарихымен, мазмұнымен танысады.
3. Әнді жаттап, орындайды.
4.Халық әндерімен және қазақ композиторларының әндерімен танысады.
5.Әнді жаттап орындауда сыныптың оқушылары түгел қамтылады.
6. Презентация мен сахналық қойылымдар әннің есте сақталуына тиімді әсер етеді.
7.Оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға оң әсер етеді.
8.Ата-ана-бала-мектеп байланысын нығайтуға оң ықпал етеді. Өйткені, балалар әнді ата-аналармен бірлесіп жаттап, бірге орындайтындығы анықталды.
9.Оқушылардың есте сақтау қабілетін дамытып, тіл ұстартуға тиімді әсер етеді.
Жаттаған әндер бойынша өткізілген ән байқауында «Шаңырақтардың» (оқушылар қауымдастығы) қойылымдары өте әсерлі шықты. Әннің мазмұнына қарай ұйымдастырылған көріністердегі образдар өте шебер сомдалды. Патриоттық әндерді орындау барысында, қазақ елінің көк байрағын желбіретіп, халық әндерін орындағанда, нағыз жайлаудағы дархан пейілді қазақ ауылы, ондағы ата мен әже, асық ойнаған балалар, қонақтарды иіліп сәлем салып, қарсы алып жүрген инабатты қазақ келіндерінің бейнелері еріксіз көңіл толқытты.
Айта кететін жайт- оқушылар әндерді орындап қана қоймай, әннің мағынасын терең түсінетіндіктерін паш етті. Әсіресе, халық әндерін орындау барысында,  қазақ халқының салт-дәстүрлері шебер  сомдалды: «Бастаңғы» салты көрсетіліп, «Орамал тастау» сияқты жастар арасында өткізілген ойын тәртібі таныстырылды.
Сахналық қойылымдар мазмұндылығымен ерекшеленді. Сахнада  қазіргі кезде ұмыт бола бастаған қазақ ауылының бейнесі  балалық қөңілмен шынайы бейнеленді.
«Қазақтың 100 әні» жобасы тәрбие жұмысының  8 бағытын түгел қамтиды десек, қателеспейміз. Өйткені,  қазақ әндері-тұнып тұрған даналық, ұлттық педагогиканың қайнар көзі деуге болады.
«Қазақтың 100 әні» жобасының ең ұтымды жағы-  қазіргі жаһандану үрдісіндегі  ұлтсыздану кезеңінде, балаларды ерте жастан қазақ әндерінде насихатталатын  ұлттық құндылықтармен сусындатып тәрбиелесек, Елбасымыз мақсат еткен «Мәңгілік елдің» ертеңі-жарқын болады деп сенеміз.
 «Қазақтың 100 әні» жобасы-  қазіргі ғылым мен білім дамып,  әлем жаhандану сипатына енген дәуірде оқушыларға  ән өнері туралы түсінік бере отырып, жас ұрпақтың бойында ұлттық құндылықтарды қалыптастырумен бірге, қазақи рухын көтеру  мен отансүйгіштікке баулудың тиімді құралы болып табылады  деп санаймыз. Өйткені, ұлттық рухы мықты халық текті  ұрпағымен мәңгі жасамақ.
Біздің ойымызша, Елбасымыз «Жаңа қазақстандық патриотизм - біздің көпұлтты және көпконфессиялы қоғамымыздың  табысының негізі» деп атап айтқандай,  тәрбие жұмысын ұйымдастырудың қайнар көзі- ұлттық патриотизмді қалыптастыру.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің «Тарих толқынында» атты кітабында: Бүгінгі, жолындағысын жұтып жатқан жаһандану дәуірінде «Мәңгілік Ел» идеясы – бағзы түркілік тектілік-болмысымыздың, асыл тұрпатымыздың заманауи қайта жаңғыруының, озық, қуатты ел болып гүлденуінің кепілі», –деп атап өткен болатын. Бұл тұрғыда «Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асыру арқылы оқушыны еліне, халқына қызмет етуге дайындау –өзекті мәселе.
Қорытындылай келе, «Мәңгілік Ел» идеясын, оның құндылықтарын, ұлттық дәстүрлерімізді  баланың жастайынан түсініп және түйсініп өскені маңызды. Ал бұл таным-түсінік мектеп, қоғам және отбасы арқылы қалыптасатындығы баршамызға зор жауапкершілік жүктейді.

Г.Мейрбекова,
Қ.Қ.Жалайыри атындағы орта мектеп-гимназия директорының ТІЖО.  

{BLOCK:banners}
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2021. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.