РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ

Туған өлкем «Балпық би» есімінен аталады...

Санат: РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ
Уақыты: 14.06.2019
Оқылды: 1762 Печать страницы
Туған өлкем «Балпық би» есімінен аталады...

«Ақылды елді оздырады,
Ақылсыз өзін-өзі тоздырады».

Балпық би (1705–1780) – әулие, би,  ел басқарған көсем, қол бастаған батыр, сөз бастаған шешен. Балпық әулиенің ел басқарған қоғамдық қызметі дұшпаннан тепкі көрген елін сонау Сырдың бойынан Жетісуға қайта қоныс аудару тұсында ерекше байқалды.
«Кімнің батыр екенін жау келгенде білерсің, кімнің шешен екенін дау келгенде білерсің» деген қанатты сөздер Балпық би атамыздан қалып осы күнге жетіп отыр. Түсінген адамға осы бір сөздің астарында қаншама ой жатыр десеңізші.
Он екі ата Жалайырдың ішіндегі біртуар тұлға Балпық атамыз сонау қиын- қыстау заманда үзеңгілес досы Ескелді би және Қабан жыраумен бірге халқын жаудан қорғап, елін қырылып кетуден сақтады. Балпық би атамыздың данышпандығы мен көрегендігі өз алдына, ол кісінің әулиелігі жайында әңгімелер ел арасында көптеп таралған. Аңырақай шайқасына, Аягөз бойындағы Таскескен мен бүгінгі Текелі қаласының маңындағы соғыстарға қатысып, ерлігімен еліне танылды. Әділ сөзімен ел ішіндегі ынтымақ, бірлікті сақтап қалды. Үштөбе қаласының маңында жерленіп, ескерткіш орнатылған.
1993 жылы 4 мамырдан бері Көксу ауданы  орталығына  Балпық би атамыздың есімі берілді. Ауылымыздың әр тұрғыны Балпық бидің өмірбаяны мен ерлігі жайлы білуі керек. Осы мақсатта Қадырғали Қосымұлы Жалайыри атындағы орта мектеп-гимназиясы, өлкетану бұрышының төрінен Балпық атамыз жайлы мәліметтер мен мектеп-гимназия оқушыларының жазған арнаулары мен шығармаларын көруге болады.
Әр оқу жылы басында тәрбие жоспарына   Балпық атамызға арналған сынып сағаттары енгізіліп, аудан орталығындағы Балпық би ескерткішіне саяхат- сабақтар, шығармалар байқауы жүйелі түрде өткізіліп тұрады. Биылғы Балпық би атамыздың 325 жылдығына орай тарих пәні мұғалімдерінің ұйымдастыруымен «Балпық  бабамыздың – ұрпағымыз» тақырыбында танымдық конференция өтті.  Іс-шаралар өз жалғасын табуда.
          
 Ж.АБИШЕВА,
Қ.Жалайыри
 атындағы орта мектеп – гимназиясының
тарих пәні мұғалімі

 

{BLOCK:banners}
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2020. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.