РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ

БАБАМЫЗ БАЛПЫҚ ӘУЛИЕ

Санат: РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ
Уақыты: 15.07.2019
Оқылды: 236 Печать страницы
БАБАМЫЗ БАЛПЫҚ ӘУЛИЕ

Боламын десең...

Ел ішіндегі еркетотай бір жігіт Бапекеңнің қыр соңынан қалмай «айтыңызшы, ата. Мен осы қандай болсам екен?» деп жабысыпты. Жиырма бестің о жақ, бұ жағына келгенімен әлі де болса, өзінің өміріндегі жолын тауып кете алмай жүрген бұлғақ жігітке ойлы жүзбен қарған Бапекең:
 - Жас боламын десең, талдай бол,
Жар көңілін тасытарсың.
Зор боламын десең, нардай бол,
Самайын талайдың қасытарсың.
Тәтті боламын десең, балдай бол,
Күндердің күні - түбінде
Бәріміздің миымызды ашытарсың!-
депті де жүріп кетіпті.
«Білгенге маржан, білмеске арзан» деген сөз осы ма екен, кім білсін?!

Жақсының өкпесі жібек орамал кепкенше

Бірде Есекең мен Бапекең өкпелесіп қалыпты. Мұны естіген Дарабоз-Ана Қарабейбіт биді шақырып алып, «бір-біріне сездірмей, екеуінде осы жиын үстіне біздің үйге түсіргің» дейді. Өтініш орындалады. Дарабоз-Ана дереу дастарқан жайып жіберіп, алдарына жалғыз қасықпен ас қояды. Алдымен дәм татқан Есекең қасығын шалқайтып қояды. Оның артынша Бапекең дәм татады да, қасықты төңкеріп тастайды. Содан соң-ақ екеуі әкей-үкей бұрынғыларынша әңгімелеседі де кетеді.
Есекеңнің қасықты шалқайтып қойғаны - «кектенбесең кет демеймін, құшағым қашанда ашық» дегені, ал Бапекеңнің қасықты төңкеріп қойғаны- «о не дегеніңіз, қайта сабасаңыз, жотамды тосамын ғой» дегені екен. Мұны ұға қойған Дарабоз-Ана өзінің көңілін, дәмін сыйлаған екеуіне дән ризаланып, шәй қамына кірісіп кетіпті.
Өкпе жайында бір ауыз сөз айтылмаса да олар солайша бір-бірлерін ишарамен-ақ түсінген дейді.

Жақсы әйелдің белгісі қандай?

Бір-бірлерінің қадір-қасиеттерін терең түсініп, құрметтей білген Ескелді, Балпық бабаларымыз ақылдың кеніндей көрінетін кең пейіл– Дарабоз бәйбішемен оқтын-оқтын ақылдаса отыруды ортақ санапты.
    Балпық атамыздың бәйбішесі де өте көрікті болып, содан алданыш, жұбаныш тапқан биекең перзент сүю дегенді қаперіне алмай жүре беріпті. Бұны Есекең ойлап, қамығып «әйелі болса быраз жасқа келіп қалды, осы ұрпақ жайын ойламайды-ау» деп уайымдайды екен. Бір күні екеуі Дарабоз бәйбішеге сәлемдесе барғанда бұйымтай сұралады. Сонда Есекең ой түсіру үшін:
- Жеңеше, менің бұйымтайым: осы ұрғашының жақсы мен жаманының айырмасы не?-депті.
Дарабоз бәйбіше ойланбастан:
 - Көшкенде жүгін артар боталы түйесі болса,
Астына мінетін құлынды биесі болса,
Алдына алған бесігі болса,
Ең асыл, жақсы қатын сол!- депті.

Мұны естіп отырған Балпық «бір шарананың кесірінен Сұлушашым(өзі солай атап алған екен, әйтпесе әйелінің шын есімі Тәтенсары болса керек) жамандар қатарына жатқызылады-ау» деп тұңғыш рет тұңғиық ойға батып, баласының жоқтығын уайымдай бастапты.

 

{BLOCK:banners}
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2022. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.