РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ

КҮЙШІЛІК - КИЕЛІ ӨНЕР

Санат: РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ
Уақыты: 17.07.2019
Оқылды: 420 Печать страницы
КҮЙШІЛІК - КИЕЛІ ӨНЕР

...Сылдырлап кейде қамыс, кейде бұлақ,
Қырдағы қоңыр түнде жыр көшкендей...
...Желді аяқ, шауып тұлпар топты жарса,
Саусақтар үсті-үстіне қамшылады...
...Күйші айдап көшкен елдің күйін тартып,
Қошамет болса қалай болдырады.
Шаңқылдап бірде аспанда тау қыраны,
Күрпілдеп бірде бие саудырады.
Майдалап бірде қоңыр самал соғып,
Бұрқ-сарқ бірде нөсер жаудырады.
Домбыра қарғылады, орғылады,
Манаурап, тыңдаған жан салбырады.
Бұл әйгілі Ілияс Жансүгіровтың "Күйші" поэмасынан алынған үзінді. Қазақтың қанын да, жанын да, ар-намысын да, бар болмысын да бір ауыз сөзсіз түсіндіре алатын бір құдірет болса, ол - күй! Батыста Бетховендер мен Бахтар, Моцарттар адам жанын алабұртып, керемет композициялары мен сиқырлы сонаталарын тудырып жатқанда, қазақ даласындағы Құрманғазы, Тәттімбет, Дәулеткерей, Қазанғап сияқты күйшілер домбыра шанағында күн күркіретіп, сел сіркіретіп, біресе қоңырлата жел естіріп, енді бірде мамыражай күй кештіріп, туған халқының сан ғасырлық сансыз тарих-талайын, салт-санасын тылсым әуезге сыйдырып кеткен.
«Жалпы музыка атаулы нәрсе елдің сезім байлығы мен ішкі жаратылыс қалпын білдіретін болса, солардың ішіндегі ең толғаулы, ең терең сырлысы – күй», - деп заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов жазып кеткендей, күйдің тереңдігін, күйдің кемеңгерлігін ұғына білу де тамырынан қол үзіп қалмаған, узына жарып туған ұлағатты ұрпақтың ғана маңдайына жазылған бақ шығар, бәлкім!?
Қазақ халқын қай қырынан алып қарасақ та өнерге бай халық. Бұл өнер атты сандықты аша қалсаң, әншісі де, бишісі де, күйшісі де толып жатыр. Күйші демекші, бүгінгі таңда домбыраның құлағында ойнайтын жандар кемде-кем. Қазіргі жастар танымалдылық атты ауруменен ауырғандығы соншалық, қолдарына микрофон ұстап, "мен әншімін" деп шығады. Ал, біздің осы аптадағы кейіпкеріміз - күйшілік өнерді кие тұтқан, күй тартқанда жанын беріп, тыңдаушыны да еліктіріп әкететін қарапайым ауылдың қара домалақ баласы - Таңжарық Орынбасар.
 - Жалпы, күйшілік өнерге деген қызығушылығыңыз қашан, қалай болды?
 - Бұл өнер атам Орынбасардан дарыған болар. Атам Дәнештің шәкірті деп айтуға болады. Әншілік пен күйшілікті, театр өнерін қатар алып жүрген өнер адамы еді. Бала күнімде атам ән айтқанда елжіреп тыңдаушы едім. Сол болар осы өнер жолына келуіме бір ден - бір себеп. Ата жолын қусам деген арман сол күннен қалыптасты. 
Алғаш домбыра сабағын Мұқыры ауылының атамның өнердегі ізбасары Нұри ағамыз қолыма домбыра ұстатып бір екі күй үйретті. Қателеспесм 4 сыныпта оқимын. Бұл жерде бауырым Әлібектің үлкен үлесі бар. Сол кездері ол арнайы музыка мектебінде домбыра сабағын алып жүрген кезі болатын. Атам үнемі отырғызып күй шерткізеді, ал мен, соған таңдана емірене тыңдайтын едім.  Соны байқаған атам Талдықорған қаласындағы әйгілі күйші, сазгер, компазитор Нұрғиса Атабайұлы Тілендиев атамыздың атына берілген балалар музыка мектебіне домбыра аспабына оқытуды жөн көрді. Менің де арманым сол еді. Сол музыка мектебінен алғаш өнерге қадам бастым десем қателеспеймін. Ол жердегі ұстазым әйгілі әнші Өмірқұл Айниязовтың жары Фарида Айниязова тәлім берді. Домбыраның не екенін түсіндіріп, алғашқы жаттығулармен күйлерге дейін мағынасын ашып түсіндіруге тырысты. Осы мектеп қабырғасында жүріп, көптеген конкурстар мен фестивальдерге жолдама алып, қалалық, облыста, республикада жүлделі орындарға ие болдым. Осыны көрген ұстазым Фарида Айниязова менің П. И. Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжде жалғастыруымды құптады. Мен келісіп, 2010 жылы сол колледжге емтиханнан сүрінбей өтіп, грантқа ие болдым. Нағыз күйшілікке келдім деп осы кезді айтуға болады.  Бала Таңжарық өсіп жеткіншек болып, күйдің не екенін түсіне бастаған кез еді. Колледж қабырғасында  ұстазым, профессор Қалдыгүл Рақышева болды. Осы кісінің жетекшілігімен көптеген репертуар жинап, үлкен конкурстарға қатысып, Қазақстанның ішінде емес, шет елдерге қазақ өнерін танытуға өз үлесімді қоса бастадым.(Армения, Украина, Норвегия, Россия). Шет елдерде өнер көрсетіп, қазақтың кім екенін таныта бастаған сәттер менің домбыраға, күйшілікке деген махаббатымды одан әрі оятты. Сол сәттен бастам өмірімді домбыра өнеріне арнасам деп бел будым. 2014 жылы Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясына түстім. Бұл жерде домбыра мамандығы жаңа ашылып жатқан кез және де менің көздеп барғаным әйгілі күйші орындаушы, күй зерттеуші, доцент Мұрат Әбуғазы еді. Мұрат ағайдан көптеген күйлердің тарихын өзегін, орындаушылық барысын көкейге құйдым. Өнер академиясында жүріп осы алған тәжірибеммен Германия, Австрия, Венгрия, Сербия, Турция жұртшылықтарын қазақ өнерімен тәнті еттім.
  - Домбыраны қолыңызға алып, күй шерткенде қандай сезімде боласыз?
 -  Әрбір күйді орындауда ол күйдің тарихын айта отырып тыңдаушының құрышын қандырудан асқан ештеме жоқ. Орындау бір бөлек, сезіну бір бөлек нәрсе. Ал, егер осы екеуі ұштасса, онда бір керемет өнер иесі  болары анық. Өз басым әрбір күйді орындауда осы үрдісті ұстанамын.
  - Шәкірттеріңіз бар ма?
 - Қазіргі таңда шәкірт тәрбиелеуден бұрын өзімнің әлі де білмейтін зерттелмеген дүниелерім көп. Сол себептен, Жетісу Мемлекеттік Университетінің музыка мамандығы бойынша магистрлік білім алудамын. Яғни, қазақтың күйшілік өнерінде әлі де ашылмаған сырлары көп. Аз да болса, үлесімді қосып, болашақ ұрпаққа титтей де болса қыр - сырларын ашып, жазып кетсем деген үлкенді кішілі арманым бар. Иә, әрине, болашақта шәкірт тәрбиелеп, атадан мұра болып келе жатқан қазақтың күйшілік өнерін әрі қарай дәріптеп өтуіме кепілдік беремін.
Қазіргі кезеңде күйшілік өнер қанатын кеңге жайып, қазақ деген ұлттың дәстүрлі мәдениетін, салт-санасын күллі әлемге паш етуде. Бодандық кезеңнен аман-есен өткен киелі домбыра елімізде айырықша құрметке ие. Міне, осы жастар сан ғасырлар бойы қалыптасқан түрлі күй мектептерін заман көшінен қалдырмай, келешек ұрпаққа аман-есен аманаттайды деп білеміз.

Сұхбаттасқан: Диляра ЮСУПОВА.

 

{BLOCK:banners}
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2022. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.