РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ

ЕСКЕРТКІШ – ТАРИХ МҰРАСЫ

Санат: РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ
Уақыты: 26.07.2019
Оқылды: 501 Печать страницы
ЕСКЕРТКІШ – ТАРИХ МҰРАСЫ

Солтанбай Жәдігерұлы  ХVІІ ғасырдың соңы – ХVІІІ ғасырдың ортасында өмір сүрген. Жалайыр тайпасының мырза руынан шыққан. Әулие, көріпкелдік қасиеті болған. Бақтыбай ақынның «Желқобыз»  жинағында жоңғар шапқыншылығы кезінде Солтанбай батырдың Жәйнақ батырмен қатар қол бастап, қарсы шайқастарға қатысып, ерлік көрсеткені туралы жазылған. Ақын Сара да Солтанбай батырдың ерліктерін жырға қосқан.
Әулие батыр Жарлыөзек өзенінің он жақ бетінде жерленген. 1991 жылы – Тәуелсіздіктің алғашқы лебі соға бастаған кезде, Қазақстанның әр жерлерінде, Қазақ елінің тәуелсіздігі үшін сан ғасыр бойы, жан-жақтағы жаулармен арпалысып, соғысып азаттық үшін, қанын төккен Хас батырларын қайтадан дәріптеп, басына ескерткіш орнату үрдісі басталды. Солардың қатарында Көксу ауданы, Жарлыөзек өзенінің бойында жатқан батыр бабамыз Солтанбай батырдың жерленген жеріне ұрпақтары кесене орнату мәселесін қозғап, ауыл болып, ел-жұрт болып, бірігіп ескерткіш орнатып, 300 жыл толуына байланысты ас берген болатын.
Сол кездегі Жарлыөзек ауылдық советінің төрағасы – Аманжол Нұрпейісов, 23 партсъезд атындағы совхоздың директоры Мұрат Халықов, «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы – Әсет Әбдіқазырова, совхоздың бас агрономы – Дәрібай Байжұманов, Солтанбай батырдың тікелей ұрпағы – Сәлім Әсімжанов бастаған бір топ азаматтар ұйытқы болып, кесене салды.
Сол ауылдың ақсақалы Әбдіқадыр Байжұмановтың айтуы бойынша, 1900 жылдары Солтанбай батыр жерленген жерде жартылай құлаған үлкен күмбез тұрған. Осы күмбез шамалы үш ғасыр бұрын салынған дейді ақсақал.
Ел аузында Солтанбай батыр туралы аңыз әңгімелер аздың қасы. Сонда да, мына бір аңыз батырдың әлі батырлығы белгілі болмаған жас кезінен сыр шертеді.
– Быжы өзенінің батыс жағында, сол заманда «Сасық» деген жерде үлкен көл болыпты (қазіргі кезде сол көлдің орны әлі белгілі, ойпаңдау болып жатыр). Көлдің айналасы қалың қамыс, жыныс тоғай, ішін қабан шошқа, жабайы аңдар, үйрек-қаз мекендеген екен. Көлдің айналасына қалың ел қонып, малын жайлап, аңдарды, құстарды аулап күндерін көріп жатыпты. Содан бір күндері сол көлде бір үлкен қарақасқа аю пайда болыпты. Сол аю көлдің айналасында отырған елдің малына шауып, күн көрсетпейді екен. Адамдарға да шауып, елдің әбден мазасын алып, мезі қылыпты. Әлгі аюды аулауға Солтанбай батыр дайындалып, уақыты келгенде аюды өлтіруге жалғыз аттаныпты. Аюдың тырнағы батпасын деп  өзінің денесін, екі аяғын тізеден жоғары қалың қыл арқанмен орап алыпты. Содан, аюды аңдып жүріп бір дәу өгізді жарып, жегелі жатқан жерінде үстінен түсіпті. Аю да келген адамды көріп, жемтігін тастап, батырға қарсы жүріпті. Солтанбай батыр беліне қанжарын байлап, қолына шоқпарын ұстап, аюға қарсы шығыпты. Содан екеуі ұстаса кеткен кезде батыр ебін тауып, аюды басынан шоқпарымен ұрады, аю есеңгіреп қалған кезде қанжарымен аюдың қарнын жарып жібереді. Сөйтіп, дәу қарақасқа аюды жалғыз өзі соғып алыпты.
Бұл оқиға бүткіл елге таралып, жас жігіт Солтанбай, «Солтанбай батыр» атаныпты. Ал, әлгі дәу қарақасқа аюдың терісінің көлемі бір қазақ үйдің орнындай жерді алыпты деседі.

{BLOCK:banners}
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2022. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.