РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ

дарабоз ана - дана, әулие ана

Санат: РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ
Уақыты: 26.07.2019
Оқылды: 899 Печать страницы
дарабоз ана - дана, әулие ана

1690-1770 жылдары өмір сүрген Дана ана.
Бабалардың жүріп өткен жолдары, батырлығы, ел билеудегі әділдігі, қара қылды қақ жарған шешендігі, даналығы мен даралығы кімге болса да мақтаныш үлгі іспеттес. Халықтың тарихына тереңнен үңіліп, оны бүгінгі ұрпақ білсе екен деген ниет пен ой.
Дарабоз ана атанып кеткен қазақ тарихындағы әйелдер арасында шешен әрі би болған Қалипа ана, кейінде Үлпілдек атанған жайлы құлағдар болған жөн. Дарабоз ана Алматы облысы, Көксу ауданының Кенарал ауылы орналасқан жерде дүниеге келген. Ұлы жүз он екі ата Жалайырдың Қарашапан руынан шыққан дана, әулие қыз.
Дарабоз ана ел басына күн туған сәтте Жетісу жерінде жауға қарсы күресте ұйымдастырған Ескелді Жылкелдіұлы, Балпық Дерібсәліұлы, Қабылиса Асанұлы сынды ел басшыларына үзеңгілес серік бола білген. Ел ішіндегі даулы мәселелерді бітімгершілікпен шешіп, екі жақты жарастырып отырған тұлға.
Дарабоз  ана көріпкелдік қасиетімен де ерекшеленген, әйелдердің қоғамдағы орнын белгілеуге, ықпалын көтеруге де көп күш салған. Аттары аңызға айналып, ел аузында жүрген сол замандағы Асан-Сиық, Қабылиса, Ескелді, Балпық, Айту, Жолбарыс, Қарашолақ, Дарабоз ана әулиелер, өз маңайларындағы әртүрлі құбылыс, қанды қақтығыс, үлкен шайқас оқиғаларды көре алатындай, сезе алатындай қасиеттері болған дейді. Әділ би, әулие батыр бабамыз Ескелдінің бір әдеті болған дейді. Еларалық үлкен дауларға, шайқастарға жүрер алдында ақылды ана Дарабозға жолығып, кеңесін алады екен.
Қалипа анамыз бойжеткен кезінде Кенаралдан көрші ауылға андас руының Құлжа есімді азаматқа ұзатылғанда түссіз киім киіп, артына қарап еліне айтқан екен: «Ел-жұртым, мен ұзатылып барам, менімен бірге пейілім, асыл қасиеттер де кетіп бара жатқан тәрізді, біраз уақыт өз руымда  қиыншылықтар болады, атымыз шаппай қалады. Уақыт өте Қарашапаннан ел басқарар азаматтар туар, елін орнына қояр,  асылдарын айта жүрер»,-депті. Дарабоз ананың айтқан болжамы, көріпкелдігі шынымен орындалып келеді. Қарашапаннан батырлар да, басшылар да, атақты асыл тұлғалар, белгілі азаматтар туып, өніп-өсіп еліне қызмет атқарды және жалғасын тауып әлі атқаруда, білімді жастарымыз көбейіп, халық сенімін ақтауда, оған шүкіршілік деген ой туады. Дарабоз ана қайтыс болғаннан кейін көп жылдар бойы ол кісінің үйінің босағасы үлкен шаңырақ саналған Бекберовтардың үйінде сақталып тұрған екен. Таң қаларлық жәйт, сол үйде бір дау, орынсыз дауыс көтерілсе болды, босаға сықырлап, үй ішіндегілерге қорқыныш тудырған екен. Содан босағаны зиратқа апарып жерлеп, құран бағыштағаннан кейін ғана үйде тыныштық орнапты. Бұл да болса Дарабоз ананың ұрыс-жанжалға жаны қас адам болғанын аңғартса керек.
Қаратал күндіз күміс, түнде алтын аққан өзен екен деген сөз Асанқайғы бабамыздан қалыпты дейді үлкендеріміз. Сонау Үйсін, оғыз заманында бабаларымыз елі мен жерін сақтап қалу үшін жан алып, жан берісіп соғысқан. Бас сауғалап Алтай асып кеткені шығысқа, батысқа қоныс аудара барып, жергілікті елге сіңіп кеткендері қаншама. Солардың бір тобы Қаратал, Көксу бойын паналап аман қалған. Текелі мен Балқаш алаңқайы Қаратал жазығы аталады. Күнкөріске жайлы жер. Жүз мың түтін жалайыр елі қақаған қыста Сары-Есік, Атырау құмы мен Жазықтыны қыстап шығады. Жаз бойы Текелі үстірті мен Қарасырың арасын емін-еркін жайлаған, Үштөбе-Үш мола жер аралығын мұқият аралап шыққан Құлжа атамыз бен Дарабоз анамыздың айтуларына қарағанда көне заманда ол жер Қаратал өңірі деп аталыпты. Ел бастаған көсемдер, сөз бастаған шешендер, қол бастаған батырлардың мәңгілік тұрағы обалардың саны жүз елуден астам. Бұл жүз елу оба, қыдыр қонып, бақ дарығын әулеттің мекені деген сөз. Ертеректе имансыз жандар обаның бірін қопарып, киелі адамдардың сүйегін таптап, бірге жерленген көзелерін қолды қылып кетіпті. Одан ешқайсысының көсегесі көгермепті. Осындай айуандықтың қайталанбауын ойластырған бабаларымыз обаларды қамқорлыққа алып қорғауды қарастырған. Дарабоз анамыздың күйеуі Құлжа атамыз солардың бірі болса керек.
Қаусырма жақ, жез таңдай Бақтыбай ақын жырында:«Өтіпті Дарабоздай бәйбіше де, айырған талай жанды азаптағы», - деген жолдары өз замандастарының арасынан ақылдылығы, көрегенділігі, инабаттылығы арқылы суырылып шыққан Дарабоз анаға арналған. Ел арасында естілігі тапқырлығымен ерекше көзге түскен. Сондықтан ел ардақтылары халықты мәселені шешерде ол кісімен бірыңғай санасып, кеңесіп отырған. Балпық әулие кітабының бесінші әңгімесінде ардагер азамат Ш.Қалықов былай дейді: – Шүкір, бүгін әулие-әмбиелерге деген көзқарас түзеле бастады. Мұны тіпті ғұлама ғалымдарымыздың өздері де назарға алуда. Ендеше мұндай құпиялы қасиеттерге біз зер салып мойындауымыз керек. Оған негіз болған Қабылиса, Ескелді, Балпық, Жолбарыс, Асан-Сиық, Айту, Қарымбай сынды бабаларымыз бен Домалақ-ана, Дарабоз-ана әулиелер. Сол әулиелікті көрсеткен Қабылиса атаның бір киелігі малдарын жоғалтқан иелері Қабан атаға келіп жорамал дерек жасатқан. Мал иелеріне Қабан атаның жауабы: «Малдарың алысқа кеткен жоқ, табылады, барымташылар малды болмайды. Қарашапан ауылының маңайына барыңдар», - депті. Қаратал өзені сол түні қатты тасып, барымташылар түгел суға кетіпті де, қуғынға түскен жылқылар Кеңаралдың жайылымында жайылып жүріпті. Қабан жыраудың киелігін көргеннен кейін жалайыр малына шаппай қалған барымташының көрген түсі:
Түсіме Ескелді мен Балпық кірді,
Суында Қараталдың қалқып тұрды.
Үстінде ақ киім, ақ қалпағы,
Қабанды да қаһарлы анық көрдім.
Толқыны Қараталдың бір ұрғанда,
Тепкісі қоса тиді қаракердің.-
деп сол көрген түсінен кейін барымтадан бас тартқан, аман қалған барымташының түсі осылай болыпты.
Артық сөз, қисынсыз нәрселер жазылған жоқ, барлығы халықтың аузынан шыққан аңыз әңгімелерден алынған, білгір азаматтардың сөздерімен ұштастырылған, шындыққа бейімделген. Ақыл, өнеге алатын, құлаққа сіңіретін жерлері,  жазушы ақындардың шығармаларынан оқырманға  ұсынылған. Бір ерекше айта кететін жайт, Дарабоз ананың атынан аталған көше Талдықорған қаласында бар. Әулие бабаларымыз Ескелді, Балпық, Қабылисамен бірге ел тағдырын түзеуге үлес қосқан, дау-дамайларды ақылмен шешуге атсалысқан анамыздың аты өшпей аталған болса, келешек ұрпаққа үлгі болар еді, есімі қайта жанар еді.
Дарабоз анамыздың өмірі, ескерткіші сакралдық география-рухани жаңғыру бағдарламасына енді. Қазақстан мәдени мұра тізіліміне, Қазақстан энциклопедиясына кірді.

Асқар АЛПЫСБАЕВ,
Еңбекші ауылдық округінің әкімі.
Мақаланы жазуда Наурыз Қылышбаевтың «Тағзым тарихы деректері», Ораз Исмайловтың «Ел жүрегіндегі Ескелді», «Балпық әулие» кітабы пайдаланылды.  

 

{BLOCK:banners}
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2022. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.