РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ

РУХАНИ КЕЗДЕСУ

Санат: РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ
Уақыты: 09.08.2019
Оқылды: 395 Печать страницы
РУХАНИ КЕЗДЕСУ

Тамылжыған тамыз айының алғашқы күні жағымды да жақсы естеліктермен есте қалды. Себебі, аудандық ішкі саясат бөлімінің тапсырысымен киелі жерімізге рухани байлықтың кемеңгерлері, білім бұлағының суынан қанып ішкен, ордалы ошақтардың нар тұлғалы профессорлары келіп, округтерді аралап, ауыл тұрғындарымен кездесті. Іссапардағы мақсат - Елбасының Жолдауын, ел тарихына арнаған түрлі бағдарламаларын, «5 әлеуметтік бастамасы» мен «Мәңгілік ел идеясын» түсіндіру. Алдымен, «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген нақыл сөзді әрдайым мадақ етіп жүретін Зылиха Тамшыбай ауылына бұрылып, ауыл кітапханасында әдемі әңгіме өрбітті.
Қазақ халқында «Бір ағашта мың бұтақ, біреуі-ақ оның қамшыға сап» деген ұзақ ғасырлар етсе де елмейтін, өшпейтін өнегелі тәмсіл бар. Осы сөз алыстан ат терлетіп келіп отырған ардақты жандарға нақ айтылған-ды. Бірі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің философия ғылымдарының докторы, профессор Бағдат Бейсенов ағамыз болса, екіншісі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Жанат Сманқұлова апайымыз.
Бүгінгідей жаһандану жағдайында мемлекет пен адам озық, бәсекеге сай болуы үшін, ең бірінші білім мен ғылым өркендеуі қажет. Баршамызға белгілі ғылым мен техникалық прогрессі күн өткен сайын әлемге өзіндік жаңашылдығымен, инновациялық жаңа жобаларымен, заманауи технологиялық өзгерістерді алып келуімен ерекшеленуде. Кез- келген технологиялық өзгеріс қай мемлекеттің болмасын экономикалық дамуында белгілі бір деңгейде серпіліс алып келері сөзсіз. Ал, ғылыми жаңашылдыққа ілесе алмаған мемлекет экономикалық дамуында қандай да бір қиыншылықтарға тап болатындығын әлемдік тәжірибе жиі көрсетуде. Мемлекетіміздің ғылыми жаңашылдыққа ұмтылуына серпін берер күш – жастарымыз. Санасы сергек, жаңа технологияларды меңгерген өскелең ұрпақ Қазақстанның бәсекеге қабілетті елдерінің сапына қосуға үлес қосатындығына сенімдіміз. Бұл орайда жастарды жақсылық пен ізгілікке, білімділік пен білгірлікке тәрбиелейтін педагог еңбегінің маңызы ауқымды. Заңғар қаламгеріміз Мұхтар Әуезов: «Ұстаздық – ұлы нәрсе» деген сөзі қай уақытта да ұстаз қызметіне берілген әділ де үздік баға болып қала бермек. Тұңғыш Президентіміз негізін қалап, болашақ мақсаты мен мұратын нықтап берген Тәуелсіз мемлекетіміздің стратегиялық жоспарларын жүзеге асыруда, еліміздің одан арғы әлеуметтік-экономикалық, рухани-мәдени дамуын жалғастыруда ұстаз қауымы атқарар міндет пен парыз орасан зор. Елбасы: «Қазіргі таңда жеке адам ғана емес, тұтас халықтың өзі бәсекелік қабілетін арттырса ғана табысқа жетуге мүмкіндік алады», – деп атап өтіп, әлем елдерінің алдыңғы сапында жүру үшін бәсекеге қабілеттіліктің бірінші кезектегі мәселе болатынын айтты. Ал бәсекеге қабілеттілікті қалыптастырып, оны ұдайы арттырып отыру үшін білімнің атқаратын рөлі айрықша зор екені белгілі. Бұл аталған бағыт Елбасының айқындап берген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында да кездеседі. Осы жобаның жастарға берер маңызы жөнінде Бағдат Бейсенов қысқаша түсіндіріп өтті:
 - Құрметті ағайын! Біз бақуатты елміз. Себебі, биыл міне, Тәуелсіздігіміздің 28 жылына аяқ бастық. Еліміздің қазіргі негізгі басымдықтары - елдің, халықтың әл-ауқатын арттыру, тұрмыс-сапасын жақсарту және өмір жасын ұзарту болып табылады. Жалпы, гуманизм дегеніміз - адамгершілік деген мағынаны білдіреді. Яғни, адамға деген құрметті көрсетеді. Біз, баршамыз бақытты адамдармыз. Өйткені, барлығымыз «Тәуелсіздіктің» тәтті дәмін сезіндік. Осы жолда талай бабаларымыз еңбек етті, арайлап атқан таңды көрсін деп армандады. Сол себепті, біздің еліміз Мәңгілік ел идеясын ұстанып келеді.
Сіздер білесіздер, Елбасымыз «Рухани жаңғыру» атты үлкен жобаны ұсынды. Бұл жоба кеше ғана құрылған дүние емес, ол қарт тарихтың қатпар қойнауынан қанып шыққан құнды бағыт. Уақыт өзгерген сайын адамзат қоғамы да өзгереді, өзгеру үстінде. Қазақ даналығындай айтылған, «елу жылда ел жаңа»  деген өсиет қоғамның уақыт талабына сай өзгеріп отыратындығын зерделеуден туындаған. Осы тұрғыдан қарайтын болсақ, қоғамдық сананың рухани жаңғыруы дегеніміз, ұлттың және оның мемлекетінің қалыптасу жолындағы құндылықтар мен мәдени игіліктерді сақтай отырып, жаңа уақыттың өрісінде қалыптасып жатқан дүниелерді игеруі, қабілеті, білімі және өнері арқылы бағындыру, соған ұмтылу. Мәселен қазіргі таңда адамзат қоғамының  әлеуметтік, мәдени және саяси дамуы, дамудағы ерекшеліктер әдемдік экономикадағы бәсекеге қабілеттілік арқылы көрінуде. Ал, бәсекеге қабілеттілік қазіргі әлемдік өркениетте биікке қол жеткізген мемлекеттердің тарихында осыдан біраз уақыт бұрын басталып кеткен.  Бүгінгі адамзат әлемінде қоғамдық сананың тарихи формаларының қатары бәсекеге қабілетті болудың жаңа дүниелерімен толығуда. Осындай жағдайда уақыт болмысы, қоғамның болашағы өскелең ұрпақтан жаңа дүниелерді меңгеруді талап етуде. Алаш зиялысы Әлихан Бөкейхановтың сөзіне жүгінсек, «Бұл заманда жылап мұратқа жетем деу - аш түйенің күйсеуі сынды дәрменсіздік». Бүгінгі заманда мұратқа жетудің талабы адам бойында ұлттық сананың, рухтың, білімнің және жігердің болуы. Бұлар адамның бойына тәрбие, адамның ақыл-парасатымен келмек. Ұрпақтың өз заманындағы жаңа дүниелерді бағындыруға ұтымды ұмтылысын және осы жолда халыққа игілігі ортақ дүниелерді бағындырудың тәсілдерін меңгеруін рухани жаңғыру дейміз.
Рухани жаңғырудың элементтері адамның санасында жатады және оның құбылысы ұлттық сана арқылы идеяға, өмірлік ұсанымға айналып отырмақ. Мәселен тарихи дүние ретінде бабаларымыз ертеден бастап ұрпақтың танымын тәрбиелейтін ертегілерді шығарды. Ұрпақты ерлікті иеленіп, елді қорғайтын дәстүрді қалыптастыруға үндеді. Батыр, би-шешен болып жаңа дүниелерді жасауды үйретті. Соның негізінде сонау көне заманда мемлекетті басқарудың үлгісін жазған грек философтары Платон мен Аристотельдің, «мемлекетті ойшылдар басқаруы керек» - деген идеялары дәстүрлі қазақ қоғамында орын алды. Трихтағы қазақтың рухани өмірінде ойшыл адамдар қабілеті, ұлттық санасы және даналығы арқылы қоғам өміріне рухани өзгеріс әкелді. Сол арқылы ұлттың бірегейлігі, ұрпақтың азаматтық бірегейлігі сақталып отырды.
Тарихтың тағылымы және бүгінгі уақыттың талабы негізінде қарайтын болсақ, рухани жаңғыру әр ұрпақ буынның тарихи сана негізінде өзіндік санасының қалыптасуы. Ұлттық сананы иеленген және өзі өмір сүріп  отырған қоғамның өрісін кеңейте білген ұрпақ болмысын рухани жаңғыру құбылысымен өлшейміз.
«Ауылдың көркеюі - еліміздің көркеюі» деп жатады. Қарап отырсақ, мына отырған жеріміздің өзі тарихқа толы емес пе? Ауылдарыңыздың өзі керемет еңбек иесінің атымен аталады. Осының өзі сіздер үшін үлкен жетістік. Аудандарыңыздың өзі қала іспетті. Осының барлығы айналып келгенде, дәл осы рухани жаңғыруға жатады», - дей келе, келесі сөзді талай елді аралап, құнды мағлұматтардан кенде қалмаған Жанат Сманқұловаға берді.
 - Жиналған қауым! Жалпы, біз ғасырларға созылған тарихымыздағы ақтаңдақ беттерді толықтыра бастадық десем болады. Бүгінгі тәуелсіз елдің Отанын, туған жерін сүйетін патриоттарын, елжанды азаматтарын тәрбиелеу үшін міндетті түрде тарихи сана қалыптасуы керек. Яғни, біз жерден шыққан, не көктен түскен ел емеспіз. Үлкен тарихымыз, мыңжылдық мәдениетіміз бар қалыптасқан халықпыз. Мен көптеген елдерді араладым, сонда да өз Отаныңа жететін жер жоқ екен. Себебі, әр елдің өз салты бар, өз мәдениеті бар. Әсіресе, мені таңқалдырағаны  - олардың білім беру жүйесінде. Отбасындағы бала өз болашағын кішкене кезінен ойластырады мыс. Әр баланың өзіне арналған «патенті» болады. Ол менің болашағым дейді екен. Ал, бізде қалай? Бастысы, оқыса, білім алса, дилом алса болды дейміз. Ол дұрыс емес. Керісінше, жастайынан бала санасына оның болашағы жайлы ой тастауымыз керек. Сана дегеніміз адам болмысында мағынасы терең әрі күрделі ұғым.  Ғылыми әдебиеттерде адам миының атқаратын ерекше қызметі деп көрсетеді. Классикалық неміс философиясының өкілдері тарихта адамның ішкі рухани әлемінің картинасын жасауға ұмтылған. Философиялық тұрғыдан айтатын болсақ, сана дегеніміз адам танымының негізі, негізгі көзі, адам болмысының ерекше қасиеті. Сана болмаса адам ештемеге жарамайды.
Абай данамыз айтқандай:
Адам – бір боқ көтерген боқтың қабы,
Боқтан сасық боласың өлсең тағы.
Менімен сен тең бе деп мақтанасың,
Білімсіздік белгісі – ол баяғы. Шыныменде адам өмірінің рухани мәні адамгершілікпен келіп, осы қасиет арқылы сақталып отырады. Адамгершіліктің негізінде тәрбие, сезімталдық, зеректік, ақылдылық, жанашырлық жатыр. Бұның барлығы адам санасынан шығып, санаға келіп тіреледі. Адамның мінезі мен ой өрісінен көрінетін бұл қасиеттерді кісілік сананың белгілері дейміз. Адамның жиған білімі, байлығы халықтың, ұрпақтың игілігіне жарамаса ол ештемеге жарамас еді. Осы мәселе, мына біз айтып отырған «Рухани жаңғыруда да» айтылған.
Ұлттық жаңғыру дегеніміз - ұлттық санамен тығыз байланысты. Оның түпкі мақсаты - ұлттық бірегейлікті сақтап, ел ішінде бейбітшілік пен келісім үйлесе отырып, ұлттық береке, бірлік салтанат құрған бәсекеге қабілетті, табысты ел болу. «Сонымен бірге, жаңғыру ұғымының өзі мейлінше көнерген, жаһандық әлеммен қабыспайтын кейбір дағдылар мен әдеттерден арылу дегенді білдіреді», -дейді  Елбасы Н.Ә.Назарбаев. Сондықтан, рухани жаңғыру үдерісін дер кезінде қабылданған оң шешім деп танимыз. Осы рухани жаңғырудың жүзеге асырылуын біз және сіз болып, «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» бірлікте орындауымыз аса қажет. Бәсекеге қабілетті, әлемдік деңгейде танылған әрі дамыған рухани кемел ел болу - Елбасының асыл арманы. Ендеше, мемлекет басшысының жастарға соны серпін, тың бастама ұсынуы келешекке қамданудың әрекеті деп түсінеміз, - деп пайымдады.
Кездесудің тобықтай түйінін аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы, идеялогия саласының қаймағын сарқып ішіп жүрген Дәлелхан Жәніш келтірді.
- Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында тарихтың өткеніне көз жүгіртіп, жаңа тарихи кезеңдерге жан-жақты баға бере отырып, рухани жаңғыру арқылы болашаққа деген өзінің парасатты пікірлері мен көзқарасын білдірді. «Екі дәуір түйіскен өліара шақта Қазақстанға түбегейлі жаңғыру және жаңа идеялар арқылы болашағын баянды ете түсудің теңдессіз тарихи мүмкіндігі беріліп отыр… Мен барша қазақстандықтар, әсіресе, жас ұрпақ жаңғыру жөніндегі осынау ұсыныстардың маңызын терең түсінеді деп сенемін. Жаңа жағдайда жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс - біздің дамуымыздың ең басты қағидасы», -деп ел келешегіне үміт артады. Себебі, қарап отырсаңыз, біздің жан-жағымызда алпауыт көршілес елдер жатыр. Бірі шын көңілімен қараса, бірі күліп қарайды, қызғанып қарайтындары тағы бар.
Аталған жобаның басты мақсаты – ауыл-аймақтардағы мәдени, рухани өмірді жандандырып, ауыл тұрғындарының әлеуетін арттыру. Яғни, өз ауылына  танымал азаматтар туған жерлеріне  барып, игілікті іспен айналысуы тиіс. Мәселен, бүгінге дейін кәсіпкерлер, жомарт жанды азаматтар бірталай іс атқарды. Анау салынып жатқан спорт алаңдары, жарық шамдары тағысын тағылары  соның дәлелі. Алысқа бармай-ақ, ауылдарыңызда егілген жасыл ағаштар қандай әсем?! Жақында балаларыңыз жаңа білім ордасына аяқ басады... Осының барлығы, біздің рухани жаңғырып жатқандығымыздың белгісі.
Абай атамыз айтады:
«Жартасқа бардым,
Күнде айғай салдым,
Одан да шықты жаңғырық…» – деп. Сол сияқты, қуыс үйде тұрып айғайласақ, өз даусымыз өзімізге жаңғырығып естілетінін, құдыққа қарап дауыстасақ, жаңғырығы құлағымызға келетінін жақсы білеміз. Бірақ мұндай жаңғырық құбылысын жаңғыру үдерісімен шатастыруға болмайды. Әсіресе рухани жаңғыру дегеніміз – ұлтымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан болмысын, тарихи жадын серпілту. Ұлттық болмысын санада ояту. Сол себепті, біздің сіздерге келген мақсатымыз да  - осы. Рухани жаңғыруды жаңғырту,- деп өз сөзін қорытындылады.
Шынымен де, оқыған бір басқа, білімді жандардан естіген бір басқа. Бүгінгідей  құлақ құрышын қандырар кездесу ауданымыздың өзге де  ауылдарында да жалғасты. Осы орайда абыз ағамыз Әбіш Кекілбайұлы айтқандай: «Кешегіміз түгенделмей, бүгінгіміз бүтінделмейді. Бұл - өмір ақиқаты. Ал кешегіні түгендеу дегеніміз-ең алдымен, барыңды бағалай білу, ата-бабадан қалған рухани және материалдық мұраларды қалдырмай жинап, асылындай ардақтап, көздің қарашығындай сақтау, жақсылығын да, жамандығын да жасырмай алға жайып, ақыл таразысына тарту. Сонда ғана өткеннің дұрысы – өнеге, бұрысы – сабақ болмақ. Мұны жүзеге асыру бірегей бірдің, болмаса арнайы бір мекеменің ісі емес. Ол – елін сүйген, ұлтын сүйген жүректің, болашағым сәулелі болсын деген тілектің бірлігін биік мақсат арнасына түсірген көпшіліктің атқарар ісі». «Рухани жаңғыру» – бүкілхалықтық бағдарлама. Олай болса, ортақ мақсат мұраттарымызға бірге жету үшін біртұтас ұлт болып бірлесе әрекет етіп, бірлігі жарасқан жұрт ретінде жұмыла жұмыстануымыз қажет.

 

{BLOCK:banners}
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2022. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.