РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ

Балпық баба өсиеттерінің өміршеңдігі

Санат: РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ
Уақыты: 23.08.2019
Оқылды: 673 Печать страницы
Балпық баба өсиеттерінің өміршеңдігі

  Қазақтың тұңғыш тарихшысы, қарасөз жанрының,  қазақ романының негізін қалаушы  Қадырғали Жалайыри  бабамыз өз дәуірінде «Кім  көпті біліп, көңіліне түйсе, дәулеті  артар, игілік оған жар болар, бейнеттен кетіп, зейнетке  жетер» деген екен. Ендеше, ел, жер тарихын,  туған өлке  болмыс-бітімін, дана – билерін   білгенге не жетсін. Тіпті, бүгінгі күніміздің өзі ертең қатпар-қатпар тарихқа  айналады.
      Өз ерін, өз ұлдары ескермесе,
Ел тегі қайдан  алсын кемеңгерді, - деп Ілияс ақын жырлағандай, қазақ халқында даналар да, билер де өмір сүрген. Олар өздерінің даналық сөздерімен елдің ұйытқысы болып,  елді татулыққа, бірлікке, ынтымаққа  шақырып отырған. Қазақ  халқында сөз бастаған даналар аз болмаған, олардың ел басқару ісіне, ел тағдыры мен жер тағдырына қатысты әділ шешімдері мен нақыл сөздері  ұрпақтан-ұрпаққа өсиет болып  жалғасып  келеді.
    Атап айтсақ, Ескелді, Қабылиса, Балпық  бабаларымыздың  заманы қазақ халқының басына қара  бұлттың   үйірілген кезеңі болатын. Сол кезде    олар түн ұйқылырын төрт бөліп,  халқының басы-қасында болды. Елдің бірлігін, ынтымағын сақтауға күш  салып, ұлағатты сөз айтып, билік жүргізді. Үш  ғасырды аттап, есімі де,ерлік істері де бізге жеткен тарихи ірі тұлғаларымыз заманында қара қылды қақ жарған әділеттілігі, ел қамын жеген көсемділігі  және көрегенділігімен  танымал болған. Халық бірлігін, татулығы мен жарасымдылығын ойлаған кемел  ақылдың иелері, даулы мәселелерді  шешіп,бір- бірімен кеңесіп,ақылдасып отырған.
Үш бәйтеректің    ерекше   келбеттегі  ерекше тұлғасы - Деріпсалыұлы Балпық бабамыз/  1694-1782/. Бұл кісінің бойында  шешендік,көсемдік, қолбасылық, билік айту, көріпкелдік секілді қасиеттердің  бәрі бар. Бүгінгі  ұрпаққа халық санасында сақталып, аузымен аңыз болып жеткен,жетелі болмысымен танылған тұлға Балпық бидің өз дәуірінде  көшелі көсем,айтқаны ағат кетпеген шешен,  тереңнен   толғайтын ойшыл, әрдайым ақиқаттан айнымай әділетті жақтаған, ұлағатты үлгісімен ұрпағын ұйымшылдыққа, бірлікке баптаған, көріпкел, әулиелігіне,  батырлығымен елін,жерін қорғаған  қаһармандығына  тәнтіміз .
Ердің  құнын екі ауыз сөзбен  тындыра алған талантты  билердің басты қыры- шешендік  екенінде дау жоқ. Сондықтан, біз бабамыз Балпық атаны сары сөздің саңлағы, ұстасы деп те  тануымыз керек. Бірде тұспалдап,бірде   астарлап, бірде әзілдеп қалжыңға жыға сөйлеп, алдындағы айыптының да, айналасындағы тыңдаушысының да айызын қандыра, рақатқа бөлеу, әрине әркімнің қолынан  келе бермейтін қасиет. Шешендіктің мектебі – халық, халықтың ауыз әдебиеті. Шежіре , дастан, жыр, мақал-мәтел,   қанатты  -қағидалы сөздер. Халыққа түсінікті   әсерлі  теңеулермен  төпелете сөйлеу  билер бойындағы  ерекше қасиет.Сондықтан да олар  қай кезде болмасын шабытты шешендікпен қатар албыртқан ақындық арын да танытып отырған.
-Темірі жасық пышақты,
Қайраса да өтпейді.
Жетесізге айтқан сөз,
Десең де қанша жетпейді,
Сөз ұғам десең зінді жас,
Үлкенді көрсең сәлем бер,
Ештеңең одан кетпейді, - деген толғамынан  сөз ұқпайтын нашар адам  мен темірі жасық пышақтың   ұқсастығы көрініп, поэзияның әдемі параллелизімін беріп тұр.
1723-1753    жылдардағы жоңғар шапқыншылығында  қазақ халқының
«Елім-ай» - лап ,ақтабан  шұбырындыға  ұшырап , тоз-тоз күйге түсіп, ұлт ретінде жойылып кете жаздауының бірден-бір себебі –ұсақ хандықтарға тайпалық негізде бөлшектенген  бірлігінің  жоқтығынан екенін, қамқорлық қанатының аясына алады деп үміттенген орыс  патшалығының өзі де сол хандықтардың ойраттар ойранымен әбден енді қайтіп бас көтертпестей  әлсіреуіне мүдделі болып  отырғанын тап басып тани білді.
     Осыған орай бабамыздың:
     «Руы басқаға  көнсең
     Бірлігіңнен айырыласың,
     Ұлты басқаға көнсең
Тірлігіңнен айырыласың» - дейтін даналық тұжырымынан ата қуып алыстаудың аяғы  - ауызбірліксіз елді жау талайтынын, ұлты бөтен-дұшпанның қанаудан басқа жақсылық жасамайтынын  ойраттардың ғана емес, орыс патшасының   отарлаушылық пиғылын да алақандағыдай айқындап, бөлінбей бірлесе қалмақ хандығының қанды қасабын жұмған жұдырықтай топтаса тойтаруға үндеп, ұрандап тұрған жок па?!  
Бірде ақыл сұрап келген алыс-жақындардың  бірі жиырма бестің  о жақ, бұ жағындағы бұлғақ жігіт Балпық биге «, ата, мен осы қандай болсам екен» -дейді, сонда бабамыз жас жігітке  ойлы жүзбен қарап тұрып.
Жас боламын десең талдай бол,
Жар көңілін тасытарсың.
 Зор боламын десең,нардай бол,
 Самайын талайдың қасытарсың.
 Тәтті боламын десең балдай бол,
 Күндердің күні  -түбінде
 Бәріміздің миымызды  ашытарсың депті». Шағын ғана бұл толғам, біріншіден бабамызға талай жандардың ақыл-кеңес  сұрай барғандарынан хабар берсе, екіншіден, ол кісінің кемеңгер, кемелді ой иесі екендігін күмәнсіз дәлеледеп тұр.
    Тарихи тұлғаның  пайда болуы қоғамның  белгілі бір қажеттілігінен . Тарих  дауылының көкжал  толқындары арасынан тарихи тұлға туады, - деген әлемдік қағида. Ескелді, Балпық, Қабылиса сынды бабаларымыз                  18-ғасырдың сұрапыл қатаң кезеңіндегі халық басына түскен сын заманда  туындаған тарихи тұлғалар. Олар би болып, ел басқарып артына  өлмейтұғын  сөз ғана қалдырып қойған жоқ, кесек істер қалдырды. Аруақты  бабаларымызды ардақтау- бүгінгі елдігіміздің  жарқын көрінісі ғана емес,  кемелді келешегімізде өмір сүретін жастардың жауапты борышы. Осы бағытымыз берекелі болып, рухани құндылығымызды құрметтеу  батырлардың батырлығымен, абыздардың ақылдылығымен  келген   еліміздің егемендігі мың жылдарға созылсын.
Қорыта келгенде, ат жалы, жүйе қомында жүріп, ел үшін тебінгісінен тер төккен Балпық сынды бабаларымызды  ұмытпау -  адамгершіліктің   айғағы.

Н. ЧАЛАБАЕВА,
              Н. Алдабергенов атындағы
           орта мектеп мұғалімі.

 

{BLOCK:banners}
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2020. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.