РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ

МЕМОРИАЛДЫ КЕШЕН АШЫЛДЫ

Санат: РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ
Уақыты: 02.10.2019
Оқылды: 242 Печать страницы
МЕМОРИАЛДЫ КЕШЕН АШЫЛДЫ

Көксу ауданындағы Быжы стансысында теміржолшыларға арналған мемориалды кешен ашылды. Кешен стансының құрылғанына 90 жыл толуына орай аудан басшылығы, Алматы жол дистанциясының өкілдері, теміржолшылардың ұрпақтары мен жергілікті меценаттар көмегімен тұрғызылды.

Онда бар ғұмырын теміржол саласына арнаған 150 қызметкердің есімі жазылған. Мемориалды кешенге гүл шоқтарын қойғаннан кейін ашылу салтанатында құттықтау сөзін арнаған аудан әкімі Алмас Әділ:

- Теміржолда жұмыс істеу ауыр еңбек пен шыдамдылықты талап етеді. Еліміздің бүкіл өркендеу кезеңінде теміржол мен автомобиль жолдарының құрылысы тоқтаған жоқ. Өйткені көлік коммуникациясын дамытпайынша экономика өрістемейді. Соңғы жылдары мемлекет тарапынан теміржол инфрақұрылымына 800 млрд. теңгеден астам инвестиция бөлініп, 1 700 шақырым жаңа теміржол салынды. Түрксіб теміржол магистралінің бір бөлігі Көксу ауданының аумағынан өтеді. Мыңдаған шақырымға созылған шойын жол талай адамға жұмыс беріп, жолаушы және жүк тасымалын үздіксіз қамтамасыз етіп, ел экономикасына өлшеусіз үлес қосуда, – деп стансының тарихына тоқталды. Сонымен қатар, бірқатар қызметкерлер аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Келесі жылы Түркістан-Сібір теміржол магистралінің пайдалануға берілгеніне 90 жыл толады. 1927 жылдың 18 мамырында РФСР-дің халық комиссариаты «Түркістан-Сібір» теміржолын салу туралы қаулы қабылдады. Жетісу теміржолына жәрдем комитеті ұйымдастырылып, комитет төрағасы болып Тұрар Рысқұлов бекітіледі. Түрксіб құрылысына орта есеппен 50 мың адам қатысқан. Солардың қатарында Нұрмолда Алдабергенов, Балғабай Аманбеков, Олжабай Байтулақов сынды елге еңбегі сіңген азаматтар бар. Быжы стансысының тарихы туралы Көксу ауданының Құрметті азаматы, журналист Нұрила Бектемірова терең әңгімелеп, теміржолда қызмет еткен еңбеккерлерді атап өтті.

Быжы стансысында Мұқыр машина-трактор шеберханасының мұнай қоймасы да болған. Ол жерден ауданға қажетті барлық жанар-жағар май тасымалданды. Быжы стансысында теміржолға қажетті құм-қиыршық карьері де жұмыс істеді. Бұл карьердің 75 пайызы Түрксіб теміржолын салу барысында пайдаланылған. Мемориалды кешеннің өткен тарихты санаға түйіп, ұрпақтарға үлгі көрсету бағытында маңызы зор.

{BLOCK:banners}
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2022. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.