РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ

ҚҰРАН СӨЗІ – ҚАСИЕТТІ

Санат: РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ
Уақыты: 04.10.2019
Оқылды: 272 Печать страницы
ҚҰРАН СӨЗІ – ҚАСИЕТТІ

Ата-бабаларымыздың жүріп өткен тарихына көз жүгіртсек, халық емшілігінің – тоталитарлық жүйенің солақай саясатынан, өгейлік көріп, зардап шегіп, ұлтымыздың жадынан өшіріле бастағаны жасырын емес.
Көріпкелдік, жұлдызға қарап немесе жауырынмен алдыңды болжау, құмалақ ашу сияқты қасиеттер – күнәға теңеліп, қияли әрекет болып саналғаны да бәрімізге мәлім.
Әйтседе, егеменді ел болып, Тәуелсіздіктің таңы атқалы бергі уақытта, талай әдет-ғұрпымыз бен игі дәстүрлерімізбен қайта қауышқанымыз көңіл қуантады. Солардың қатарында осы өз қалыбын жоғалту үстіндегі «халық емшілігі» де  қайта оралғаны рас.
Бойына Алла тағаланың берген ерекше қасиетімен, халық емшілігінің әдіс- тәсілдерін жете меңгерген емшілердің арқасында, өмірден үміті үзілген талай жандар дерттеріне дауа тауып, болашаққа бет түзеуде.
 Бойына осындай ерекше қасиет дарыған, тіпті медицинаның мүмкіндігі көмектесе алмаған кейбір ауруларға шипасын беріп, қасиетті құран сүресімен, дұғамен емдеу тәсілін меңгерген, Жетісу өлкесіндегі халық емшілерінің бірі, сексен үш жастағы абыз-қария Қайынбеков Қалибек ақсақал.
Талай дәрігерлердің алдынан тауы шағылып, үміті үзіліп қайтқан аурулар Қалибек ақсақалдың алдына келгенде, жарық дүние есігін қайта ашқандай күй кешеді екен. Бұл аңыз емес, ақиқат. Қалибек ата – қарапайым ауыл молдасы. «Дінім – Ислам, кітабым – Құран, Раббым – Аллаһ» деп, бес уақыт намазын қаза жібермейтін тақуа жан. Қай ұлттың өкілі болмасын алдына келген науқасты ешқандай дәрі-дәрмек қолданбай, тек Құран аяттары арқылы емдейді.
«Хақ тағала бойыма титтей қасиет берсе, адам баласына қызмет жасап, көмегі тисін, қиналған жанға демеу болсын деген шығар. Сондықтан, ауырған жанды емдеп, дертіне өзім білетін дұғалармен шипа жасауды парызым деп білемін»,- дейді көпті көрген ақсақал.
Қалибек атаның туған жері – Кербұлақ ауданының Қоғалы ауылы. Бүгінгі таңда ақсақал бала-шаға, немерелерімен Сарыөзек кентінде тұрады.
Бұл дүниеде кез-келген әрекет – тек, бір Алланың ғана қалауымен жүзеге асатыны дәлелдеуді қажет етпейді. Тіпті, Құран сүрелерінің ісік ауруларын жазатындығын дүниежүзі ғалымдары әлдеқашан дәлелдегені, барлық бұқаралық ақпарат құралдарында айтылып та жазылып та жүр.
Алайда, сол қасиетті Құранның сүрелерін кез-келген адамның емшілікке қолдана алмайтыны анық. Ол – екі адамның бірінің қолынан келмейтін үрдіс. Мұндай қасиет барлық халық емшісінің бойынан табыла береді деп айту қиын.
Ендеше, осындай ерекше қасиетті бойына дарытып қана қоймай, оны жақсы бағытқа, ізгі мақсатқа бағдарлап, қолдана білу үлкен білімділік пен рухани тереңдікті талап ететіні айтпаса да түсінікті.
Қалибек ата кез-келген ауруды тамыр басу арқылы анықтай отырып, оны Құран аяттарын оқып емдейді. Нақтырақ айтсақ, талма ауруын, сусамыр, әртүрлі жарақат ауруын, тіл, көз ауруын, қояншық ауруын, сиқыр жады, ішімдікке салынған адамдарды, ішінен қан кеткен адамдарды емдеп, баланың шошынып ауырған дерттеріне шипа жасайды.
Менің бұл мақалам – жоққа сеніп, жұртты адасушылыққа бастап, жалған ақпарат беретін арзанқол жарнама емес.
Адам ретінде өзім бетпе-бет келіп, журналистік пайыммен көз жеткізіп, шығарған  қорытындым. Оған Қалибек атаның үйіндегі, өзіне қаралуға келген емделушілердің, қалыңдығы бірнеше том кітапқа тең келерлік, іші – шынайы ілтипат пен ықыласқа толы «Алғыс дәптерлері» куә.
Иә, «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деген хакім-Абайдың киелі сөзін, осы Қалибек атаның адамдарға жасап жатқан емшілігін көргенде еріксіз мойындайсың...


Қаракөз СЕЙІТЖАНҚЫЗЫ,
        Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
           Қазақ Журналистикасының қайраткері

 

{BLOCK:banners}
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2022. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.