РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ

ҚАЛАУЫН ТАПСА ҚАР ЖАНАР....

Санат: РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ
Уақыты: 30.03.2018
Оқылды: 667 Печать страницы
ҚАЛАУЫН ТАПСА ҚАР ЖАНАР....

Биылғы жылғы әз Наурыз мерекесі ұйымдастыру, мәдени, спорттық іс-шаралар мазмұндық тартымдылығы жағынан ізденіске толы жаңаша сипатқа ие болды десті мерекеге қатысушы ел-жұрт. Қазақстан теле- арнасынан Алматы облысы бойынша біздің Лабасы ауылдық округіндегі Жамбыл ауылында өткен ат бәйгесі ерекше ұлықталды. Осы мақалада Лабасы ауылдық округі бойынша жұмыс істеп тұрған «Ер Төстік», «Балбөбек», «Еркем-ай» бөбекжай-балабақша ұжымдарының ортақ іс, игі бастамалары Наурыз мерекесі құрметіне игі тартуларының мәні тереңде: «Әрбір басшы, әрбір маман, әрбір жұмыс иесі өз ісінде жаңаша ойлап, жаңа идеялар ұсынса мен қолдауға әзірмін». Бұл аудан әкімі Алмас Қабдулұлының ел басқару ісіндегі ең басты ұстанымы ғана емес әрбір басшыдан осыны талап етіп келеді. Әсіресе, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында аудан көлемінде атқарылып жатқан іс-шараларға мониторинг жүргізіп сараптап отыру ішкі саясат бөлімі мекемесінің еншісінде. Осы бағытта мемлекеттік саясатты насихаттап қоймай, іске асыру жолында білім саласы барлық жағынан үлгі болып келеді. Әсіресе, үстіміздегі жаңа жыл басталғалы балабақша ұжымдарының белсенділігі артып, мазмұны бай, көңілге қонымды жақсы іс-шаралар өткізіле бастады. Атап айтсақ, өткен ақпан айында «Алпамыс» балабақшасының музыканттары Ерен Бұлбұлқан, Әлия Қалиева «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 13 балабақшаның музыканттарының басын қосып, 3 топқа бөліп өткізген өнер сайысы тартысқа толы қызықты болуымен қатар мазмұны өте бай болды. Ал, биылғы Наурыз мерекесінің ең алғашқы іс-шаралары Лабасы ауылдық округіне қарасты Талапты, Еңбекшіқазақ, Мәмбет ауылының үш балабақшасының бірлесіп «Ата салтым– асыл қазынам» тақырыбындағы семинардың іс шарасымен басталды. Үш бөлімнен тұратын бұл семинардың 1-бөлімінде «Ер Төстік» бөбекжай-балабақшасының «Күншуақ» тобының тәрбиешісі Гүлнәр Қуанышбаева небәрі 20 минуттың ішінде «Дәмді ұлттық тағамдар» атты ашық оқу сағатында балаларға айраннан иогурт, қатықтан домалақ, сопақ пішіндегі құрт жасауды үйретіп, балалар әженің арнайы дайындап әкелген наурыз көжесін ішіп, мәз болысты. Кішкентай ғана бүлдіршін Ерғазаттың «Ұлыс оң болсын, Ақ мол болсын! Қайда барсаң жол болсын»- деп бастап, «Ұлыс береке берсін, Бәле-жала жерге енсін, Наурыз құтты болсын!» – деп қол жайған батасымен ашық сабақты қортындылауы ашық сабаққа қатысушылар тарапынан үлкен бағалауға ие болды. Келесі кезекте бүлдіршіндердің қолымен жасалған ұлттық нышандағы түрлі қолөнер бұйымдары көрмесі назарға ұсынылды. Семинардың үшінші бөлімінде үш балабақшаның балғын дауысты бүлдіршіндерінің әсем әндері мен тал шыбықтай иілген билерімен көркемделген концертін аталған үш балабақшанның меңгерушілері Күлпән Әлімбаева, Мақсат Төрегелдинова, Ардақ Қалықовалар өздері бас болып тәрбиешілермен бірге жеке дауыста орындаушылар М.Тоқсабаева, Медет Ибраевтармен бірлесіп «Қазақстан– Нұрсұлтан» әнін шырқауы «Ер Төстік» бөбекжай-балабақшасының сән салтанатын асқақтатты. Аталған іс-шараға арнайы келіп қатысқан ауыл әкімі Ержан Шалқыбеков, ауыл ақсақалы Тәңірберген Бәкешов, білім бөлімінің маманы Гүлнәр Керімбаева және ата-аналар мен тәрбиешілер бас қосып, семинар қорытындысын талқылаған жиында аталған балабақша меңгерушілерін сөзге тарттық. «Еркем-ай» бөбекжай- балабақшасының меңгерушісі Ардақ Қалықова: Ортақ іс-шара өткізуге бастама көтерген басқару жұмысында көп жылдық тәжірибесі бар Күлпән Әлімбаева апайымыздың бастамасын қуана қолдадым. Өйткені балабақша саласында 4 жылдық қана өтілім бар, оның соңғы бір жарым жылында ғана меңгеруші болып істеп жүрмін. Әрбір күнін «Балбөбек» бөбекжай- балабақшасының меңгерушісі үйрену үшін ізденіске толы болады десе, Талапты ауылының «Балбөбек» бөбекжай-балабақша меңгерушісі Мақсат Қалиқызы: мен де бұл игі істі қуана қолдадым, өйткені бір-бірімізден үйренеріміз көп дейді. Игі іске бастамашы болған «Ер Төстік» бөбекжай- балабақшасының меңгерушісі К. Әлімбаева: Бізге мемлекет бар жағдайды жасады. Аудан әкімі білім саласына үнемі көңіл бөліп келеді. Әсіресе биылғы жыл біздің ұжым үшін ғана емес, жалпы ата-аналар үшін де үлкен қуанышты жыл болғалы тұр. Аудан әкімі Алмас Қабдулұлы біздің балабақшаның қыс мезгілінде ерекше салқын болатынын дөп басып, алқа мәжілісінде осы мәселені көтеріп, жауапты басшыларға тапсырма беріп, ғимаратты жылыту шаралары туралы айтып, тікелей өз бақылауына алды. Осылай көп жылдан бері шешімін таппай келген ең өзекті мәселеміз шешілетін күн де жақын деп үкілеген үмітін айтып, ағынан жарылды. «Басқа қандай проблемаларыңыз бар?»- деген сұрағыма үш меңгеруші ортақ ойын ортаға салып: Біздерде де намыс бар. Біздер деп отырғанымыз ауыл балабақшалары. Жыл сайын балабақшалар арасында өткізілетін сайыста жүлделі орындардан көрінуге барлығымыз да барымызды саламыз. Бірақ та бас жүлделер аудан орталығындағы бала бақшалардың еншісіне дәстүр болып қалыптасып кетті. Әрине, материалдық базалары жоғары, білікті кадрлармен қамтылған, әлеуеттік базалары жоғары аудан орталығындағы балабақшалар болғандықтан солай болуы заңдылық та шығар. Ал біздің айтар ойымыз бала саны қырық, елу , алпыстан аспайтын балабақшаларды өз ара бәсекелестірсе біз өспесек өкінбес едік. Мүмкін он ауылдық округ топ-топқа бөлініп жарысып, ортасынан озып шыққан балабақша аудан орталығындағы балабақшамен бәсекелессек қалай болар еді?
Жалпы қорытып айтқанда, біздің сала басшысы Т.Сейтнязов та бізден жаңаша ойлап, тың тәсілдермен жұмыс істеуімізді талап етіп отыр. Біздің балабақша саласы алдағы уақытта жаңалыққа толы жақсы істердің болатынына сеніміміз зор, біздің бұл бастамамызды сала басшысы қолдайды дегенге сеніміміз кәміл деген үш балабақша меңгерушілерінің сөздері мені ой иіріміне үйіріп, соңғы он жылдағы балабақша саласының жетістіктерін көз алдыма алып келді.
Иә, осыдан он бір жыл бұрын аудан көлемінде тек бір ғана балабақша жұмыс істеп, ондағы балалардың саны қырыққа да жетпейтін еді. Ал, қазіргі таңда аудан бойынша 14 мемлекеттік, 1 жеке меншік балабақша, онда барлығы - 1480 бала, 11 мектеп жанынан ашылған мектепке дейінгі шағын орталықтарда 320 бала, барлығы 1800 бала тәрбиеленіп, бүгінгі күнде балалардың мектепке дейінгі ұйымдармен қамтылуы 97,4 пайыз болып отыр. Жалпы қорытып айтқанда, балабақшада 230 педагог, 231 жұмысшы, барлығы 461 адам жұмыспен қамтылып, мемлекеттік бюджеттен жалақы алып отыр. Бұл Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың жыл сайынғы Жолдаулары, түрлі мемлекеттік бағдарламалар, мемлекеттік саясаттың табысты іске асып жатқанының айқын көрінісі десек, өсіп-жетіліп үлкен күшке айналған балабақша сала қызметкерлерінің жаңғыруға, жаңашылдыққа деген ұмтылыстары қалауларын тапса қарды да жандырар күш -қуаттың жинақталғанын көрсетеді. Бұл дегеніміз «Рухани жаңғыру» аясында жүргізіліп жатқан түрлі идеологиялық жұмыстардың жемісі деп білемін.

Жәніш ДӘЛЕЛХАН,
аудандық ақпараттық түсіндіру тобының жетекшісі, ішкі саясат бөлімінің бас маманы.

 

{BLOCK:banners}
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2022. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.