РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ

ЖҮРЕК ТҮКПІРІНДЕГІ СЫРЛАР...

Санат: РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ
Уақыты: 11.10.2019
Оқылды: 332 Печать страницы
ЖҮРЕК ТҮКПІРІНДЕГІ СЫРЛАР...

Мен асыл дініміздің құндылықтарын оқып-білгелі, уақытымның көп бөлігін «Ислам діні» жайындағы кітаптарды оқуға арнадым. Біздің сүріп отырған өміріміз ол бізге берілген сынақ. Осы сынақтан сүрінбей өтсек, жан баласы ойламаған сыйға тап боламыз. Біздер 365 күн бойына күйбең тіршіліктің қамы деп, таңның атқанын, кештің батқанын байқамай да қаламыз. Әр күніміз зулап өтіп жатыр. Бірақ, осының барлығы кім үшін? Не үшін? Осы сұрақ төңірегінде бір сәт ойланып көрдік пе? Дүниенің ләззаты мансап пен ақша ма, әлде, аяулы жар атанып, салиқалы ұрпақ тәрбиелеу ме?
Сіздің осы өмірдегі өркөкіректігіңіз, менмендігіңіз, барлығы тек уақытша екенін аңғардыңыз ба? Мына әдемі жүзіңіз, әсем киіміңіз барлығы тек сыртқы келбет, жарнама ғана.  Шынайы өмір – қымбат көлікке отырып алып, жер жаһанды шарлау емес. Нағыз өмір – тақуалық ғұмыр. Біздер ақыреттің барын, қабір азабының рас екендігіне күмәнмен қараймыз. «Ол жаққа біреу барып келіп пе?» деп жатамыз. Осы сөзіміздің өзі бізді жарға итермелейтінін аңғармаймыз да. Құдіретті Алла адам баласына нығметті үйіп берді. Сол бізге тартқан сыйды біз құрметтей алмай жүрміз.
Құран емес, құр ән бүгін тыңдалады,
Бала қазір көшеде шыңдалады.
Баласын исламға тартпағандар
Қартайғанда мейірімнен құр қалады.
Таяқтың да екі ұшы болады ғой,
Мәселеге берейікші шын бағаны.
Баласына компьютерді беріп қойып,
Ата-ана тәрбиені бұрмалады.
Ал, виртуал ойын да белгілі ғой,
Атыс, шабыс бала ойын ұрлағаны.
Белден қуат кеткенде басқа тиер,
Перзентіне көңілін бұрмағаны.
Ата-анасы бетінен қақпаған соң,
Өскен кезде әкесін де тыңдамады…
Жаны ашып анасы жол нұсқаса,
«Өзім білем» деп бәрін жынданады.
Жас кезінде мейірім көрмеген соң,
Қалай ғана қадірлесін нұрлы Ананы?!
Тоғыз ай көтеріп, ақ сүт берген,
Қайран Ана қалайша сыйың біткен?
Биік болсын деп иығына көтерген,
Қамқор әке еңбегің қайда кеткен…
Ақыл қайда, білмеймін бұл жастарда,
Ойлай ма екен келешегін кей шақтарда?
Біреуі – ана, біреуі – әке ертеңгі,
Қолда барды білсе екен қазіргі.
Нағыз байлық – ата-анаң жүрсе егер жаныңда,
Ойланба еш, қыл жақсылық, парызың өте алдында.
Қолыңдағы әрқашанда қадірін біл алтынның,
Өзгеруі ғажап емес, жалқы сенің тағдырың…
Ей, замандас, ұмытпайық өскенді (үлкенді),
Адасқанда ақымаққа жол сілтерің сол енді.
Алдыңғы арба қайда жүрсе, соңғы арба сонда барар
Осыны ұқсаң, досым, ақыл кені сенде қалар…
Ғибратты ғұмыр кеш, көмек көрсет қарияға,
Қылған жақсылығыңды көпке қылма жарияға.
Еткен еңбек, сауаптарың зая кетпес ешқашан,
 Жақсылығың қайтпаса егер өзгеден
 Қуан, досым, Алланың саған сыйы бар…
Айналамызға бір сәт көз жүгіртейікші... Әр күн сайын қорқынышпен оянамыз, себебі мына заман – зар заман. Күнде зорлық-зомбылық, атыс-шабыс, ұрыс-керіс. Әрине, осыны көріп өскен бала, ертеңгі күні діннен хабарсыз болары анық. Қаракөз қыздарымыз некеге тұрмай жатып, оң босағада отырып бала тапқаны былай тұрсын, қоқысқа тастап кетіп жатыр. Адамның жаны ауырады. Ол сәбидің не жазығы бар? Жарық әлемді аңсаған періштені аяусыз күйде тастанды қылудамыз...  Күнделікті өмірімізде сайтанның арбауына түсіп, күнә арқалаған жандар қаншама десеңізші. Өзгенің артынан сөз тасып, өсек айтып, күн жылынса болды, жалтыраған әурет жерді көрсетіп, талай көздің обалына қалудамыз... Мені қынжылтатыны, сол қыздарымыз осы өмірдегі жіберген қателіктері үшін алатын жазаларының ауырлығы. Оны сөзбен айтып жеткізу әсте мүмкін емес...
Ата-ананың баласының алдындағы ең үлкен парызы – ол балаға жастайынын дінді үйрету. Мен 20 жасыма дейін діннен хабарсыз болғаныма өкінемін. Бірақ, сол үшін ата-анамды жазғырмаймын. Ол менің кінәм. Тек мен жауаптымын. Менің біраз өмірім өкінішке толы... біраз өмірім тесік құмырадағы жиналған судай, бекер ағып өтті. Сол жолда қанша қателіктер болды, оны ойлаудың өзі қорқынышты. Күн сайын, тәубеме келіп, ізгі іс жасасам да ойылған орынның орны толмас, сірә...
Осыдан 5 жыл бұрын тұрмыс құрдым. Жолдасым иман жолындағы азамат. Мені діннің тұңғиығына батырған, шынайы әлемнің кереметін көрсеткен де сол өмірлік серігім. Әр алған білімім мен оқыған кітаптарымнан өзімнің Тозақтың түбінде екенімді көретінмін. Әр таң сайын қорқынышпен күнімді өткізетінмін. Бірақ, сол шариғат заңында жазылған әр жазбадан өзіме сабақ алып отырдым. Біртіндеп намазға келдім. Әр оқыған намазда қабір азабынан сақтауды, ата-анамның барлық күнәларын кешуді сұраймын. Әйтсе де, мен өзімді жартылай ғана өзгерттім . Себебі, мен әлі де шариғатты толықтай қабыл ала алмадым. Менің күйінетінім де осы... Ол орамал мәселесі.
Біздің сүріп отырған қоғамымызды – демократиялық дейміз. Шын мәнісіне келгенде сол демократия тек қағаз бетіндегі шимай ғана. Орамал тағып мемлекеттік қызметке келу қылмыспен тең. Не жұмыс істейсің, не тозаққа барасың. Қиын таңдау. Неге қазақтың қыздары орамалдарын тағып, далада емін-еркін жүре алмайды? Неге біз батыстың соққан самалымен тыныстап, шет елдің шығарған модасымен жүруіміз тиіс? Бітпейтін сансыз сұрақтар...
Өзгені қайдам, өзім орамал тағынып, ұзын киініп, жұмыс істегім келеді. Бірақ, сол қадамға жұмысым үшін бара алмаймын... «Əйел орамал тақпаса – арын ұмытады. Күйеуінің барын ұмытады! Шашы – тамаққа түседі, өзіне келген қонақтың назары түседі» деген даналыққа толы ұлы сөз бар. Бір ғана өтінішім, қаракөз қыздар, сіздер бір-бір үйдің аялаған қызысыздар, бір-бір азаматтың сүйікті жарысыздар! Сол үшін, сіздердің әдеміліктеріңіз тек сол азаматтарыңызға ғана арналған! Оны көпке көрсетудің қажеті шамалы... Аллам барлығымызды жаман ойлардын аулақ қылсын... Алла баршамызға ибалы қыз, иманды ұл тәрбиелеуді нәсіп етсін. Әмин.

 

{BLOCK:banners}
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2022. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.